Kyzylorda-news.kz. Қазалы қаласында орналасқан орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің тарихы тереңде. Уақытында КСРО орман шаруашылық Министрлігінің Ленинград аэрофотоорман орналастыру бүкілодақтық «Леспроект» бірлестігінің аэровизуальды экспедициясы 1951 жылы мекеме аумағының сол жағындағы 3483416 гектар жерде орман орналастыру жұмыстарын жүргізген. 1961 жылға дейінгі Қармақшы орман шаруашылығы деген атауы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Орман шаруашылығы және орманды қорғау Бас басқармасының №16 санды 23 маусым 1961 жылғы бұйрығы бойынша «Қазалы орман шаруашылығы» деген атауға өзгертілген.

Бүкілодақтық «Леспроект» бірлестігі, Қазақ аэрофотоорман кеңсесінің 3 орман орналастыру партиясы арқылы 2267372 гектар жерге бірінші орман орналастыру жұмыстары 1960 жылы жүргізілген. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша Қазалы және Арал орманшылықтары біріктіріліп, төрт орманшылықтан тұратын Қазалы орман шаруашылығы құрылған. 1986 жылғы орман орналастыру жұмыстары кезінде мекеме құрамында Арал, Қарақұм, Қызылқұм сынды үш орманшылық болған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 10 ақпан 2000 жылғы № 198 санды қаулысына сәйкес Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау Министрлігі жанындағы Орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитетінің 22 ақпан 2000 жыл №66 санды бұйрығымен мекеме Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі болып аталды. Бүгінгі күні мекемеге қарасты мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі 1785550 гектар. Оның ішінде орман басқан алқабы 890724 гектар.

Мекеме кеңсесі Қазалы қаласында орналасқан. 1991 жылға дейін мекеме есебінде Қармақшы ауданындағы 412383 гектар жері бар Қармақшы орманшылығы болған. Арал және Қазалы аудандарының жерлерінде Арал орманшылығы орналасқан. Арал мен Қармақшы орман шаруашылығы құрылғаннан кейін мекеме аумағы қазіргі шекарасы бойынша Қазалы ауданына қараған. Қарақұм орманшылығының аумағы орман қорына қабылданған жерлерге байланысты көбейіп, Қызылқұм орманшылығының жері  Қазалы және Қармақшы аудан шекараларының өзгеруіне байланысты азайған. 1990 жылы жалпы ауданы 783954 гектар жері бар, 2 әкімшілік аумаққа орналасқан Қасқақұлан орманшылығы құрылған. Арал ОШ құрылғаннан кейін және оған Арал ауданының белгілі бір жер бөлігі қосылғандықтан Қазалы мекемесінің аумағында Арал орманшылығының бұрынғы совхоз жерлерін қоса есептегенде. 289262 гектар жері қалған. Әр жылдары мекемені Александр Баранов, Иван Родомакин, Диана Шабанова, Жұмахан Есімов, Жалғас Сыздықов, Махамбетжан Жеткербаев, Киікбай Әймішев, Байназар Ерқосаев, Дәулетбек Тұяқбаев, Уәлихан Ықыласов басқарды. Қазіргі таңда Ардақ Кәдір мекеме басшылығын қолға алған. 

Мекеме сексеуіл ағашын тұқымынан себу арқылы көбейту жұмыстарын 1965 жылдан бастаған. Бұл жұмыстар Қарақұм бекетіндегі бос жатқан құм басқан жерлерді құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылды. Қазіргі таңда Қарақұм беткейіндегі тұқымынан себіліп өсірілген сексеуіл ормандарының көлемі 56310 гектарды құрайды. 1968 жылдан бастап екі салада жұмыс жүргізіп келеді. Бюджет саласы бойынша мемлекеттік орман қоры жерін заңсыз бүлдіріп қиратуға жол бермеу, елдімекендерді көгалдандыру мақсатында екпе көшеттер өсіріп, оларды аудан мен ауыл округтеріндегі тұрғындарға тарату мен қатар, екпе көшеттерді орман қоры жерінің жасыл аймағына егіп, молықтыру жұмыстары жасалынуымен қатар өсіріп күтіп-баптау жұмыстары атқарылған.

Шаруашылық есептеме саласы бойынша толысып пісіп жетілген құрау дәуіріне келген сексеуіл ағаштарын отындық мақсатқа пайдалану үшін кесіп дайындап, автомашина, трактор тіркемелеріне тиеп, тасып мекемелер мен халық сұранысына сәйкес тарату, сіпсе тұқымын сеуіп, өсіріп одан үй сыпырғыштарын дайындау, қамыс орып үй құрылысына пайдаланатын шом буып, халыққа сатумен қатар, қазақтың қараша үйінің қаңқасын, кереге, уық, шаңырақ жасап халық сұранысын қамтамасыз етіп отырды. Бұл кезеңді 1968-1978 жылдары мекеме директоры Жалғас,Сыздықов, бас орманшы Расщупкина Райса Антоновна, 1970-1974 жылдары орман шаруашылығы инженері және 1974 жылдан бас орманшы Сақтаған Ешмаханов атқарған еді. Сонымен бірге осы жұмыстардың уақытылы, тиянақты орындалуына күн-түн демей аянбай жұмыс жасаған Қарақұм орманшылығының орманшысы Нағашыбай Мұхамбетов, Қызылқұм орманшылығының орманшысы Төлеміс Ерімбетов, автомашина жүргізушілері Серік Шегеев, Елемес Тілеуқұлов, Мырзабай Серікбаев және жұмысшылар Сералы Пірәлиев, Серікбай Ерімбетов, Жеткербай Ізтілеуов және Нұрылда Жауғашаровтың еңбегін айта кеткен жөн. Бұл саладағы жұмыстар 1990 жылға дейін атқарылып келді. 

Арал теңізі суының деңгейі 1968 жылдан 1990 жылдар аралығында өзінің негізгі жер жағалауынан 100-150 шақырымға дейін қайтып, бұрынғы су жатқан ұлтандары жалаңаштанып, тұзды ұлпалар мен құмдар басты. Осы тұзды ұлпаларды жел көтеріп, бірнеше мыңдаған шақырым жерге ұшырып алып барып, қашықтағы елдімекендердің аумағында тұзды ұлпаның әсерінен жер бетінде тұзды сорлану үдерісі жүрді. Осыған орай 1991 жылдан бастап Одақ бойынша «Арал» Консорциумы деген үлкен бірлестік құрылып, барлық қаржы материалдық жабдықтау мәселесімен тек солар айналысатынын көрсетілген және бұл бірлестік Одақтың орман шаруашылығы комитетіне қарайтындығы айтылған. Осы мәселенің сол кездегі орман шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхитдин Исмаилов Мәскеуде ғана шешілетінін түсініп, сол жаққа барып, Одақтық орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Г.М.Медведьевтің атына хат дайындайды. Хат арқылы қазіргі жағдайда орман шаруашылығы басқармасына қарасты орман шаруашылық мекемелерінің алда тұрған бұндай үлкен міндеттерді орындауға мүмкіндіктерінің жоқ екендігін, штаттың аздығын, қолдағы бар техникалардың тозығы жеткен ескі екендігін, олардың Арал ұлтанында жүре алмайтындығын толық көрсетіп, теңіз ұлтанындағы қалыңдығы 15-20 см борпылдақ құм аралас тұзда жүре алатын алды-арты тарта алатын жаңа техникалар, Беларус тракторлер, сексеуіл көшетін отырғызатын арнайы агрегат машиналары, жұмысшылар жататын вагондар, жанармай жеткізетін бензовоз автомашинасымен қатар су таситын водовоз машиналары керек болатындығы туралы баяндайды. Комитет төрағасы хаттың мазмұнымен жете танысып, қойылған мәселеге байыппен қарап көмектесетінін білдіріп, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар алуға және жұмысты тез арада бастау үшін ақша бөлінетіні туралы хабардар етеді. Мәселенің оң шешім табуына байланысты Одақтық «Арал» Консорциумы үкімімен облыстың барлық орман шаруашылықтары Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыруға жұмылдырылып, нәтижесінде 50265 гектар орман алқа ағаштары отырғызылып, қазіргі таңда осы көлемнің 20746 гектары орман басқан алқапқа айналып отыр. Бұндай қыруар жұмыстың атқарылуына мұрындық болып ұйымдастырған сол кездегі облыстық орман шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхитдин Исмаиловтың еңбегі ел есінде. 

Осындай ауқымды және күрделі жұмыстардың атқарылуына күн-түн демей атсалысып, жұмыс жасаған сол кездегі Қазалы орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Киікбай Әймішев, бас орманшы Сақтаған Ешмаханов, инженер Байназар Ерқосаев және орманшы Тілепберген Мұхамбетовтердің еңбектері зор.

Өріктің отаны – «Ояз» бағы

“Біздің халықта ұзақ жылдар бойы өзінің жанқиярлық табанды еңбегімен бау-бақша өсіріп, оны қызғыштай қорып, кейінгі ұрпаққа қалдырған адамдарды пір тұтып, атын есте сақтап әрқашан құрмет көрсетеді. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазалы қаласы жанындағы «Ояз бағы» туралы айтуға болады. Патша үкіметі кезінде Қазалы қаласы УЕЗД орталығы болған. Осыған орай сол кезде аталып отырған «УЕЗДный Сад» бау-бақша орталығы жасалынған. Патша үкіметі құлағаннан кейін, «Ояз бағы» деп аталынып, 1947 жылы Орман бөлімшесі құрылып соның қарауына берілген. Сол кездегі көз көрген қариялардың айтуы бойынша, Қазалы қаласына кіреберістегі жолдың екі қапталына егілген ағаштарды керуен болып келе жатқан түйелердің жемеуі үшін, олардың аузына қапшық кигізіп кіреді екен дейді. Былай қарағанда шындыққа жанасатын сияқты, яғни кешегі күнге дейін жолдың екі қапталында адамның құшағы жетпестей талдардың тұрғанын көрдік. Міне соңы кешеге дейін 1956-1965 жылдары Байділдә ақсақал қорыған «Ояз бағын» орман шаруашылығы мекемесінің қарауына өткізген. Ол кезде бау ішінде алма, өрік және т.б түрлі ағаштар өсіп тұрған. Кейін 1968-1969 жылғы болған қатты қыстың әсерінен көптеген жеміс ағаштары үсіп кеткен. Міне осы кезеңнен бастап «Ояз бағының» күйі тайып, ағаштар қурай бастады, оның үстіне жанынан ағып жатқан Сырдария өзенін басқа жақпен бұрып, жаңадан қазылған арнаға салып жіберілгенінің арқасында өсіп тұрған қатты қыстан аман қалған ағаштар суғарылмай қурап қалып, отынға пайдаланылып кеткен. 2005 жылы бұрынғы «Ояз бағын» қалпына келтіріп, қала халқының демалыс орнына айналдыру мақсатында көне Сырдария арнасына су салу үшін канал қазылып, оң жаға каналының бір саласынан су жіберіп толтырылып, суды көтерме сорабы (насос) арқылы суғарылып, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу жұмыстары қолға алынды”, – дейді мекеме басшысы Ардақ Нартайұлы. 

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қазір 11 гектар жеміс ағашы отырғызылып, күтіп- бапталуда. Бұның 7 гектарында кәдімгі сары өрік, 3 гектар алма, 1 гектар шие және 1 гектар қара өрік орналасқан. Сонымен қатар түрлі ағаштардың тұқымын Көкшетау қаласынан алдырған мекеме инженері Тілепберген Мұхамбетов. Ол әкесі Нағашыбайдың жолын қуып, 1981 жылдан бері осы мекемеде жұмысшыдан бастап, орманшы, орман инженері қызметтерін атқарып келеді. Білікті маман «Ояз бағына» катальпа, сунак, айлант, туя, можевельник, қарағай тағы басқа ағаш түрлерін егіп, жерсіндіріп, қазір жергілікті халыққа екпе көшеттері көгалдандыру мақсатында пайдалануға таратылуда.

Бүгінгі күнде айдала болып, шаңы шығып жатқан бақтың орнында жайқалған жеміс ағаштарымен қатар елдімекендерді екпе көшеттермен қамтамасыз етуде 2 гектар жерде ағаш көшетін өсіретін тұқымбақ орналастырылған.

Еңбекерлер ойлайды ел ертеңін 

«Қазақстан Республикасы аумағында ормандарды сақтау және ормандарды молайту» бағдарламасына сәйкес дүниежүзілік банкінің қолдауымен 2009-2013 жылдар аралығында жалпы көлемі 79000 гектар Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына сексеуіл көшетін отырғызумен қатар, сексеуіл тұқымын себу жұмыстарына 10 миллион доллар қаржы қаралған. Осы бағдарламаны іске асыру аясында Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі өзінің үлесіне тиіскен 2010-2014 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған табанына орман мелиоративтік жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда 2010 жылы 1750 гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылып, жоспарланған 30 млн 913942 теңге, 1000 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, оған қаралған 1995000 теңге игерілген. 2011 жылы сексеуіл екпе көшеті 2756, 25 гектарға егіліп қаралған 41 млн 693233 теңге, 1573,6 гектарға сексеуіл тұқымы себіліп, 6542011 теңге игерілді. 2012 жылы сексеуіл көшеті 2520 гектар жерге отырғызылып, 34512000 теңгенің жұмысы атқарылды. 2013 жылғы 750 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, оған қаралған 3 млн 199500 теңге толық игерілді. 2014 жылғы 2530 гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылып оған қаралған 32 млн 695960 теңге толығынан игерілді.

Бұл көрсетілген жұмыстардың орындалуына мекеме директорының сол жылдардағы орынбасары орынбасары Ардақ Кадір, орман инженері Тілепберген Мұхамбетов, Қасқақұлан орманшылығының орманшысы Нұрлан Мұстафаев, орман шебері Жұмабек Суханов және орман күтушілері Жайсанбек Байсүйеуов, Оңталап Сары, мекеме механигі Төлеген Сейлхановтардың төккен тері аз емес. 
Осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап орман қоры 5 орманшылыққа бөлінген. Қарақұм орманшылығы – 157490, Қызылқұм орманшылығы – 458959, Жанқожа орманшылығы – 413500, Сарыбұлақ орманшылығын – 462170 және Ұялы орманшылығы – 293 463 гектар жерді құрайды. Бұл аумақты қорғауға 5 орманшылық басшысы, 5 орманшылық басшысының көмекшісі, 16 орман шебері және 75 орманшы (инспектор) қызмет жасайды. 

Мекемеге қарасты орман қоры жерінің жалпы көлемі 1 785 550 гектарды құрайды. 

Өткен жылы «Ағаш кесу және орман билет беру» бойынша мекемеде 123 адамға қысқа мерзімге мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 62800 гектар жер беріліп, 3 128 600 теңге қаржы түсірілді. «Ағаш кесу және орман билетін беру» кезінде арыз-шағымдар мен мерзімдері бұзылған мемлекеттік қызмет тіркелмеген.

“Көктемгі екпе жұмыстарына байланысты Қарақұм орманшылығының №55 орамында 1 гектар жерге саялы ағаш тұқым бағы жасалынып, оның ішінде 0,5 гектарға үйеңкі, 0,5 гектарға қара ағаш тұқымы және 1 гектарға мектеп жасалынып, 40 мың дана Сыр талының шыбықшаларынан қаламшалар отырғызылды. Облыстық бюджет есебінен мемлекеттік орман қоры жеріне ағаш егу жұмыстарынан Арал теңізінің құрғаған ұлтанына көктем мезгілінде көлемі 6 мың гектар жерге 1 500 000 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылып, 2022 жылдың күз айында 20 гектар жерге уақытша сексеуіл тұқымы себіліп сонымен қатар 21406 гектарға табиғи өсуіне ықпал ету жұмыстары жүргізіліп, 14400 кг сексеуіл тұқымы жиналып, 13345 гектар жерге тұқым себілді. Республикалық бюджеттің есебінен арық қазу 17280 га, табиғи өсуіне ықпал ету жұмыстары 45000 га, механикалық тұқым себу 32213 га жұмыстары атқарылды. Мекемеге бекітіліп берген Батыс-Қытай-Батыс Еуропа трассының екі жақ бетінде жасалған 7 гектар жерге және Әйтеке би кентінің кіре-беріс жолында 2,6 гектар жерлерінде күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Қосымша күтіп-баптау жұмыстары 110 гектарға орындалып, ағаштарды орман потологиялық зерттеу жұмысы 5000 гектарға жүргізілді”, – деді өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған мекеме басшысы. 

Сондай-ақ мемлекеттік орман қоры учаскесінде орман заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында 30 рейдтік жұмыстар жүргізіліп, оның ішінде: АПБ-мен табиғат қорғау полициясымен бірлескен 5 рейд ұйымдастырылып, заңсыз ағашын кеспеуге және аң-құс ережесін бұзуға жол бермеу мақсатында елді мекендер арасында түсінік жұмыстары жүргізілген. Рейдтік тексеру барысында мекеме қызметкерлері 9 азаматқа 382 баптың 1 бөлімімен хаттамалар толтырылып, 61260 теңге әкімшілік және 183780 теңге табиғатқа келтірілген залалы үшін айыппұл салған. Сондай-ақ 370 баптың 3 бөлімімен 1 азаматқа хаттама толтырылып, 4594-50теңге әкімшілік, 15621-30 теңге табиғатқа келтірілген залалы үшін айыппұл салынып толық өндірілген. 

Көктем мезгілінде өрт қауіпі кезеңінен басталуына орай орман өртін болдырмау және оның алдын алу үшін аудандық ішкі істер, Төтенше жағдай, өрт сөндіру, ауылшаруашылығы бөлімдерімен  бірлескен іс-шара жоспары жасалынып, аудан әкімінің орынбасарының қолымен бекітілген. Көктемгі егіс егу науқаны кезінде ауыл әкімдерімен егіс егетін шаруашылықтарға өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу мақсатында арнайы 100 дана «ескерту хаттары» және 300 дана үнпарақтар таратылған. Сонымен бірге орман қоры жеріне орман аң аулау заңдылықтарын сақтау, өрт болдырмау тақырыптарына сәйкес жаңадан 6 аншлаг орнатылған.

Жергілікті тұрғындар арасында орман өртін сақтау жайлы 8 үгіт-насихат әңгіме өткізіліп, орман қорғау қызметкерлері шалғайдағы 10 елді мекенде болып түсінік жұмыстарын жүргізген. Орманды өрттен қорғау мақсатында 600 шақырым жердің минералды жолақтарымен 20 шақырым жерге жаңадан минералды жолақтар жүргізілген. Қарақұм орманшылығына 2 бақылау мұнарасы орнатылған. «Орман және дала өрттерін алдын алу және жою жөніндегі іс- шаралар жоспарына» сәйкес Қарлаң тас жолының бойында Қарақұм орманшылығының №56 оралымында Қазалы аудандық Төтенше жағдай, аудандық ішкі істер, өрт сөндіру бөлімдерімен, аудандық жедел жәрдем станциясымен, бірлескен өрт-тактикалық оқу жаттығу өткізілген. 

«Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының» 2 бөлімі 15 тармағына сәйкес өрт қауіпі жағдайын бәсеңдету мақсатында 14579 гектар жері орман қоры аумағындағы және оған іргелес аумақтардағы шөптесін өсімдіктерді бақылап өртеу жұмыстары кестеге сәйкес жүзеге асқан. 

Оның ішінде өрт қауіпі жағдайын бәсеңдету мақсатында 4333 гектар жерге шөптесін өсімдіктерін бақылап өртелген. 

"Өрт қауіпі бар маусымы кезеңінде 2 гектар құрайтын бір өрт оқиғасы орын алды. Өрт оқиғалары өз қызметкерлеріміздің күшімен сөндіріліп, табиғатқа келтірілген залалы болған жоқ. Кінәлі тұлғаны анықтау үшін аудандық ішкі істер органына хат жолданды", – дейді мамандар. 

Мекеме техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Орман және дала өрттерін сөндіруге Беларус -1221-2 тракторы соқасымен -1 дана, өрт сөндіру автокөлігі -2 дана, Уаз автомашинасы -1 дана, 20 күрек, 10 балта, 20 ұрғыштар, 2 матопомпа, 5арқаға салып жүретін өртсөндіруші, 2 ағаш кесетін ара және жанар-жағар май 1000 литр, бензин 500 литр дайындалған. 15 қызметкерден ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Өрт қауіпі бар кезеңдерде мекеме ғимаратына, Қарақұм орманшылығындағы 2 мұнараға кезекшіліктер ұйымдастырылған.

Көгалдандыру-көркейтуден бөлек, мекеме Аудан бойынша жергілікті маңызы бар 23 балық шаруашылығы су айдындары бар. Оның ішінде Қыркөл, Қаракөл, Соркөл резервте тұр. Сонымен қатар Қазалы аудан көлемінде күріштік алқаптардан 744100 дана балық шабақтары кұтқару жұмыстары жүргізілді.

WhatsApp Image 2023-05-30 at 13.39.34.jpegWhatsApp Image 2023-05-30 at 13.40.11.jpegWhatsApp Image 2023-05-30 at 13.40.11 (1).jpegWhatsApp Image 2023-05-30 at 13.40.12.jpeg

Тағы да оқыңыз: