Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жаңа оқу жылына дайындық барысы мәселесі қаралды. Жиынға Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.

Мәжілістен кейін аудан басшысы әкімдік мәжілісін өткізіп, облыс әкімінің берген тапсырмаларына сәйкес ауданның білім саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.

Ауданда жаңа 2026–2027 оқу жылын 37 мектеп 16 819 оқушымен бастайды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 118 балаға артқан. Биыл 1-сыныпқа 1 538 бала қабылданған. 

Жиында алдымен аудан басшысы жаңа оқу жылына дайындық барысында білім беру ұйымдарындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына тоқталып өтті. Қазіргі таңда аудан бойынша №70, №216, №165, №95, №88 және №100 мектептерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі жұмыстарды белгіленген мерзімде, сапалы аяқтауды, әсіресе №95 мектептегі жаңартылып жатқан жылу жүйесін қысыммен сынақтан өткізу және толық іске қосу жұмыстарын бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, мектептерді жөндеу кезінде тек жоспарланған жұмыстармен шектелмей, балалардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін электр желілері, жылу жүйелері, инженерлік коммуникациялар мен ғимараттардың жалпы техникалық жағдайына басымдық беру қажеттігін ескертті. 

Білім беру ұйымдарының тазалығы мен абаттандырылуы мәселесі де назарға алынды. Мектептер мен балабақшаларға жүргізілген зерделеу барысында бірқатар мектептерде кемшіліктер анықталған. Жауаптыларға оларды қысқа мерзімде жойып, фотоесебін ұсыну міндеттелді. Балалардың қауіпсіздігі бойынша мектептер мен балабақшалардағы бейнебақылау, дабыл түймелері, өрт қауіпсіздігі құралдары мен эвакуациялық шығу жолдарын толық тексеру тапсырылды.

Мемлекеттік білім беру ұйымының жылу маусымына дайындығы, қазандықтар мен жылу желілерінің жағдайы, отын қоры және коммуналдық берешектер қаралып, берешектерді 1 қыркүйекке дейін өтеу жөнінде тапсырма берілді.

Мәжілісте педагог кадрлармен қамтамасыз ету, оқулықтардың уақытылы жеткізілуі, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды қолдау, инклюзивті білім беру, оқушыларды ыстық тамақпен қамту және тасымалдау қауіпсіздігі мәселелері де талқыланды.

Білім сапасына қатысты мектептердің оқу үлгерімі мен ҰБТ нәтижелерін арттыру, білім сапасы төмен пәндер бойынша нақты жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды. Сонымен бірге аудандағы 3 колледждің материалдық-техникалық базасын күшейту, өндірістік тәжірибе мен түлектерді жұмыспен қамту мәселелерін жақсарту тапсырылды.

Аудан әкімі барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толық әрі сапалы дайын болуын қамтамасыз етуді және тапсырмалардың орындалуын жауапты сала басшыларына қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Қазалы оқу жылына дайындық 2.jpg

Тағы да оқыңыз: