Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз грантты иеленген адамдардың қатары көп.
Солардың бірі Қазалы ауданының тұрғыны, көпбалалы әке Айбек Сүлейменұлы Нұрғазиев 2023 жылы кәсіппен айналысу мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, аяқтау туралы электрондық сертификатын алған.
Комиссияның мақұлданған шешімі негізінде 2023 жылдың наурыз айында өзінің «Пеноизол» (үй жайларға шатырларға пеноизол құяды) туралы бизнес-идеясын іске асыру мақсатында 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант жеңімпазы атанған.
Қазіргі уақытта, қосымша жұмыс орнын ашып, бір адамды тұрақты жұмысқа қабылдап, өзінің кәсібін дамыту мақсатында жұмыс жасауда.
Айта кетейік, Қызылорда облысындағы шағын және орта кәсіпкерлердің саны 37,5 пайызға ұлғайып, 72 685 бірлікке жеткен. Жалпы осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 18 пайызға артыпты. Қазіргі таңда экономикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 35 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді.
Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков 6 айдағы даму жоспарының орындалуы туралы баяндама жасаған болатын. Баяндамашы облыстық басқармалардың нысаналы индикаторларды орындау барысын саралап, әрбір көрсеткішке талдау жасады. Орындалмауы мүмкін көрсеткіштерді дәлелді түрде төмендету, 25 пайыздан асыра орындалатын көрсеткіштердің жоспарлы мәнін көтеру үшін тиісті салалық министрліктермен жұмыс атқаруды ұсынды.Орындалмауы ықтимал индикаторлар облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басқармаларына тиесілі. Аталған сала басшылары нәтижеге қол жеткізу үшін әрбір көрсеткішке талдау жасауы тиіс. Оларға орындалмау қаупі бар мәнді көрсеткіштерді дәлелді түрде төмендету немесе асыра орындалатын көрсеткіштердің жоспарлы мәндерін көтеру бойынша салалық министрліктермен жұмыс атқару тапсырылды. Барлық мемлекеттік орган басшыларының әр тоқсан сайын белгіленген индикаторлар нәтижесі бойынша есебі облыс әкімінің төрағалығымен өтетін мәжілісте қаралады.
6 ай қорытындысымен шағын және орта бизнестің дамуы туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікте 77590 субъекті тіркелген. Кәсіпкерлік субъектілерінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада 4 орында. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден шамамен 23 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Жарты жылда 2 мыңнан аса жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Облыс әкімі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімін қамтамасыз етуді және жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 21,5%-ға арттыруды тапсырды. Сонымен қатар жауапты басқарма орта бизнестің үлесін 9 пайызға жеткізу бағытында нақты жұмыстарды үйлестірілуі керек.
Жалпы Қызылорда облысында негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық мәжілісінде 2023 жылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы, халықты жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын жүзеге асыру барысы талқыланда айтылған болатын.Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында бірқатар негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасқанын атап өтті.Өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 пайызға (36,2 миллиард теңге), инвестициялар тарту 23,1 пайызға (162,0 миллиард теңге), құрылыс жұмыстары көлемі 54,9 пайызға (53,7 миллиард теңге), көлік және қоймалау көлемі 5,9 пайызға (139,5 миллиард теңге), пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,1 пайызға (318,7 мың шаршы метр) және сауда көлемі 3,2 пайызға (325,3 миллиард теңге) артқан. Облыс әкімі есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,4 пайызға, оның ішінде химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 31,5 пайызға, тамақ өнеркәсібінде 11,1 пайызға, металлургия өнеркәсібінде 7,4 пайызға және жеңіл өнеркәсіпте 5,3 пайызға төмендегенін айтты. Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттыру үшін өңірде Индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 6,4 миллиард теңге болатын 4 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.