Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың халықпен кездесулері басталды.
Аудан басшысы тұрғындармен кездесуді Құмжиек пен Басықара ауылдық округтерінен бастады. Ең әуелі Қ.Пірімов ауылының халқымен дидарласқан Мұхтар Әуесұлы ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Кезек ұсыныс-пікірге берілгенде ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ендігі жерде елді мекенге балабақша қажет екенін тілге тиек етті. Аталған мәселелер бойынша аудан әкімі толыққанды жауап беріп, балабақша іргетасы қаланатын күннің де алыс емес екендігін жеткізді.
Халықпен кездесуден соң аудан әкімі Қ.Күлетов атындағы №92 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының жайымен танысты. Құрылыс барысында білім ошағының шатыры ауысып, сырты қапталып, электр желілері жаңартылып, одан өзге де бірқатар жұмыстар жүретін болады.
Басықара ауылында өткен кездесуде де Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, одан соң ауыл халқының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Басықаралықтар жол, мал шаруашылығына қатысты және қоғамдық көлік мәселесін көтерді. Мұхтар Әуесұлы аталған түйткілдер бойынша жұмыстары жүріп жатқанын айтып, қоғамдық көліктің мәселесі бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановқа тапсырма берді.
Басқосуда өзге тұрғындардың сауалдарына да жауап беріліп, заңдылықтарға сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиыннан соң аудан басшысы Ә.Тыныбаев атындағы су торабының жайымен де танысты.