Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданындағы аудандық көп бейінді орталық ауруханада заманауи компьютерлік томография аппараты жұмыс жасайтын жаңа кабинет ашылды.  

Аудандық ауруханада өткен шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құттықтау сөз сөйлеп, денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан игі жұмыстар жайында айтып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеұлы Тоқаевтың бастамасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен ауданымызда денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі реформалар жүзеге асырылып келеді. Соңғы үш жылда Бозкөл, Кәукей және Абай ауылдарында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 бірдей дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, Жалпақ және Жұбан елді мекендерінде жаңа медициналық бекеттер ашылды. Өткен жылы «Бекарыстан би» және «Болат жолы» дәрігерлік амбулаторияларының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 26 дана жедел жәрдем автокөлігі табысталып, ауданда санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешілді. Өткен жылдың желтоқсан айында аудандық көп бейінді орталық аурухананың жанынан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құны 1 миллиард 810 миллион теңге болатын, 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы іске қосылды. Алдағы уақытта аталған жапсарлас ғимаратқа заманауи МРТ медициналық құрылғысын орнату жоспарланып отыр. 2025 жылдың қараша айынан бастап Қазалы көп бейінді орталық ауруханасында жүрек ырғағының бұзылыстары бойынша аритмологиялық жоғары мамандандырылған оталар алғаш рет жасала бастады. Бұл – республика көлемінде аудандар арасында тұңғыш рет Қазалы ауданында жүзеге асырылып отырған жоғары технологиялы медициналық қызмет түрі. Бүгін іске қосылған компьютерлік томография аппаратыда осы жүйелі жұмыстардың жалғасы. Құны 326 миллион 699 мың теңгені құрайтын бұл аппарат «Ауыл денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріліп отыр, - деді аудан әкімі.

Қазалы компьютерлік томография.jpg

Жаңа кабинеттің ашылу рәсімінде денсаулық сақтау саласаның ардагері Құлпыбай Ысқақов сөз сөйлеп, аудан тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан маңызды мәселенің шешімі табылғанына қуанышты екенін жеткізді.

Мұнан кейін заманауи диагностиканың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын кабинеттің лентасы салтанатты түрде қиылып, аудан әкімі мен шараға жиналған қонақтар жаңа аппараттың мүмкіндіктерімен танысты.

Айта кетейік, енді Қазалы ауданының тұрғындары компьютерлік томографиядан өту үшін облыс орталығына сабылмай, ауданымызда сапалы әрі қолжетімді диагностикалық қызмет ала алады. Бұл тұрғындардың уақытын үнемдеп, жол шығынын азайтып, ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем алуға жол ашады.

Тағы да оқыңыз: