Kyzylorda-news.kz Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылдау рәсімі өтті.
Іс-шараға облыстық «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Бота Ажарбаева, республикалық тәуелсіз қоғамдық-саяси «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Биқожа, республикалық қоғамдық-әлеуметтік «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы және «Казахстанская правда» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әлібек Байшүленов қатысты.
Салтанатты жиында журналистика саласының ардагерлері мен белсенді өкілдері құрметке бөленіп, Одақ қатары жаңа мүшелермен толықты.
Жиында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Қуат Шарабидинов сөз сөйлеп, кәсіби мереке қарсаңында Одақ қатарына қабылданып жатқан жаңа толқынды құттықтады. Ол журналистикадағы буын сабақтастығының маңызын атап өтіп, шығармашылық ортаға қосылған әрбір жаңа мүшеге сәттілік тіледі.
– Жылдағы дәстүрге айналған іс-шара биыл да өз жалғасын тапты. Қалам ұстап, қасиетті мамандықтың бел ортасында жүрген жандарды мүшелікке қабылдап отырмыз. Еңбектеріңіз еленіп, абырой биігінен көрінулеріңізге тілектеспін, – деді облыстық филиал төрағасы.
Өз сөзінде Қуат Шарабидинов Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медалі» осыдан екі жыл бұрын тағайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, марапат қоғамға адал қызмет етіп, кәсібилігімен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленген түрлі саланың үздік өкілдеріне табысталады. Алғашқы жылы марапат денсаулық сақтау саласының үздігіне берілді.
Биылғы «Алтын медаль» Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері Фархад Миранбекұлы Тажиевке табысталды. Ол 2004 жылы Тасбөгет кентінде болған өрт кезінде бір ересек адам мен үш жасөспірім баланы құтқарып, ерлік танытқан.
Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен ардагер журналист Төлепберген Бектұрғанұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің баспасөз хатшысы Қамбар Ғалымұлы Бекенов және «Халық» газетінің бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы Рыскелді Сәрсенұлы Жахман марапатталды.
Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының қатарына Жібек Баймұратова, Үмбеталы Абибуллаев, Жанар Қайназарова, Сәкен Қабылов, Құралай Жақсылық, Қымбатгүл Бердеш, Айнұр Әлімбаева, Айнұр Назарова, Айсұлу Алданазарова, Малика Тұрғантай, Төребек Төремұратов, Назым Қараева, Гүлдана Жұмадинова және Перизат Захрадин қабылданды.
Салтанатты рәсім соңында марапат иелері мен жаңадан қабылданған мүшелерге Қазақстан журналистикасының дамуына қосар үлестері үшін алғыс айтып, шығармашылық табыс пен толайым жетістік тіледі.

