Kyzylorda-news.kz «Теннис» орталығында басқарма басшысы Бахтияр Артаевтың төрағалығымен Тараз қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша арнайы жиын өтті.

Аталған жиынға облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Нұрәлі Қожасов, басқармаға қарасты бірқатар спорт мектептерінің басшылары, сондай-ақ күрес түрлері бойынша облыстың аға жаттықтырушылары қатысты.

Жиында басқарма басшысы Тараз қаласында өткен чемпионатта қызылордалық балуандардың жоғары нәтиже көрсете алмағанын атап өтіп, қатаң сын айтты. Аталған жарысқа облыстан барлығы 77 адам қатысқан. Оның ішінде 60 спортшы, 10 жаттықтырушы, 3 төреші және 5 спорт мектебінің директоры бар.

Осыған байланысты басқарма басшысы әр спорт мектебінен қатысқан спортшылардың жеке нәтижелеріне талдау жасап, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілмей отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жарыста төмен нәтиже көрсеткен бірқатар мектеп директорларына қатаң шара қолданылатынын ескертті.

– Біз аймақ спортын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз. Спортшыларымыздың жоғары нәтиже көрсетуі үшін оларды шет мемлекеттерге оқу-жаттығу жиындарына да жиі жіберудеміз. Дегенмен, Тараз қаласында өткен ел біріншілігінде жоғары нәтижеге қол жеткізе алмадық. Бұл спорт мектептерінің жұмысы жүйелі еместігін және жанашыр басшылардың жоқ екендігін көрсетеді. Сондықтан алдағы уақытта айтылған сындарды ескере отырып, кемшіліктердің орнын толтыру қажет. Сонымен қатар, олимпиадалық бағыттағы барлық жарыстардың қорытындысы менің тікелей бақылауымда болады, – деді басқарма басшысы.

Жиын соңында 10–12 сәуір аралығында өтетін Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирге дайындық барысы да пысықталды.

Сыр спорты.jpg

Тағы да оқыңыз: