Kyzylorda-news.kz Жақында Түркістан облысында қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан кубогі өткен болатын. Балуандар арасындағы байрақты бәсекеде Қызылорда облысының спортшылары соңғы 15 жылда болмаған тарихи нәтиже көрсетіп, 12 алтын, 2 қола медаль жеңіп алған болатын.
Осыған орай, басқарма басшысы Бақтияр Артаев қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Болатбек Кенеевті және спортшыларды арнайы қабылдап, айтулы жеңісімен құттықтады.
Кездесу барысында басқарма басшысы спортшылардың жеңіске деген жігері мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегін ерекше атап өтіп, алда өтетін байрақты бәсекелерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аймақ мерейін үстем еткен әрбір спортшыға басқарма тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Өз кезегінде аға жаттықтырушы Болатбек Кенеев көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, команданың бұл жетістігі жүйелі дайындық пен спортшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін айтты. Спортшылар да жарыс барысындағы ерекше әсерлерімен бөлісіп, алдағы додаларда да жоғары нәтиже көрсетуге уәде берді.
Кездесу соңында басқарма басшысы мен спортшылар естелік суретке түсіп, жылы лебіздерін білдірді.
