Қазақта «Руыңды тәрбиелегің келсе, ұлыңды, ұлтыңды тәрбиелегің келсе, қызыңды тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Осы орайда ұмыт бола бастаған аналар мектебін, салт-дәстүр қағидаттарын жаңғырту мақсатында Айнұр Жүгінісова «Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты республикалық қоғамдық бірлестік құрған болатын. Аталған бірлестіктің бір отауы Шиелі ауданында да құрылып, салтанатты түрде лентасы қиылды. Ерекше әсерге толы шара Шиеліге қарасты Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан "Арман" мәдениет үйінде өтті.

Шара №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Роза Есенбекова мен Гүлзина Базарбаева, Мираш Мырзағалиева және Нұржамал Алтынбаеваның әзірлеген тамаша көрмесімен басталды. Көрмеде оқушылармен бірігіп жасалған қолөнер бұйымдары да тарту етілді.

Одан әрі аталған бірлестіктің Қызылорда облысы бойынша төрайымы, «Дара жол» төсбелгісінің иегері Алтынай Мырқықызына құттықтау сөз ұсынылды. Ол өз кезегінде:

– «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына бір жарым жыл болса да, ұлттық болмысымыздың жаңғыруына үлкен ықпалын тигізіп үлгерді деп сеніммен айта аламыз. Бүгінде бұл жоба еліміздің аймақтарында ерекше қолдауға ие болып, барлық өңірлерде филиалдары ашылуда. Расымен ұлт болып ұйысып, ұрпақты көбейту, керегені кеңейту, тұнық тәрбие беруде аналардың еңбегі ұшан теңіз емес пе? Бұрынғының сара жолын жалғай білген асыл аналарымыз көп. Айтпағым, бұл бірлестік нағыз керек шағында аналарымызды қанаттандыратын, басын біріктіретін ұйым десек болады. Қазақтың бай дәстүрін дәріптеу, қыздарымызды салтымызға сай тәрбиелеу біздің жауапкершілігіміздегі үлкен міндет екенін түсінеміз, – дей келе аудандағы «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестік филиалының ашылуымен құттықтап, лентасын қиды. Сондай-ақ филиал төрайымы болып Арман мәдениет үйінің қызметкері, Қазақстан Шеберлер Одағының мүшесі Зухра Баймурзаева сайланды.

Қасиетті қазақы құндылықтарға бағытталған кешке аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйлә Палымбет пен Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің директоры Құттықыз Ыханова да қатысып, өз ризашылықтарын білдірді. Шиелі ауданына келген бірлестік мүшелеріне ұйымдастырушылар арнаулы сый-сияпаттар табыстады. Олар да өздерінің марапатымен келіп, жылы лебізін айтты.

Кез келген ұлт тілімен, дәстүрімен ерекшелетіні сөзсіз. Бұлар жоқ болса, Тәуелсіздігімізге де нұқсан келері анық. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды барынша дәріптеп отыру керек. Қазіргі заманда жастар мәселесі әрбір адамды толғандырмай қоймайтынын түсінеміз. Ендеше, жаһандану заманының зардабына жұтылып кетпеуге алаңдаған аналарымыздың сөзбен емес іспен кіріскен игі бастамаларына сәттілік тілейміз.

Тағы да оқыңыз: