Kyzylorda-news.kz Жаз келіп, күн ысыды, әдетте бұл уақытта ересектер де, балалар да суға түсіп, табиғатта серуендегісі келеді. Мұндайда қауіпсіздікті сақтамасаң, арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Бірақ сақтансаң, сақтайтынын көбіне қаперге ала бермейміз. 

2 бала суға кетті

Жаздың бірінші күні 112 құтқару қызметіне сағат 18:27 минутта Қызылорда қаласы маңындағы «Ягодка» саяжайындағы Сырдария өзенінде шомылып жүрген 2008 және 2009 жылғы екі бала суға кеткені жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына Жедел құтқару жасағы жұмылдырылып, құтқарушылар су асты іздестіру жұмыстарына кіріскен. Олар жағадан 30 метр қашықтан сағат 19:30 шамасында 3 метр тереңдіктен 2009 жылғы жасөспірімнің денесі тапты. Араға 5 минут салып, 35 метр қашықтағы 3 метр су астынан 2008 жылғы тағы бір баланың мәйіті сыртқа шығарылды. 

Айта кетейік, қаза тапқан екі жасөспірім де Қызылорда қаласындағы Н.Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы.

Жалпы жыл басынан бері 8 оқиға тіркелген.

Статистикаға сүйенсек, суға бататын көбінесе мектеп жасындағы оқушылар мен спирттік ішімдік ішкен азаматтар. Мамандар қарапайым ереже талаптарын сақтамау немесе білмеудің салдарынан осындай жағдайлар орын алатынын айтады. 

Жаздың басталғаны кеше, жалағаштықтар да қауіпсіздікке басымдық беруі керек. Оның үстіне аудан төңірегінде суға түсуге белгіленген арнайы орындар жоқ. Тіпті суда құтқару стансасының жоқтығы да өзінің кері әсерін тигізуде.

Жалағаш ауданында 5 жылда

9 адам суға кеткен

Соңғы 5 жылдағы мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы ауданда 2 бала суға кеткен. Ал 2021 жылы 2 ересек адам су айдындарында қаза болған. 2022 жылы да 2 ересек адам суға кеткен, былтыр дәл осындай 3 жағдай тіркелсе, оның 2-еуі бала. Биыл мұндай жағдайлар орын алған жоқ, десе де арқаны кеңге жаюуға әлі ерте. Себебі жаздың басталғаны кеше, сондықтан төтеншеліктер мейлінше барлық жағдайға дайын болуы керек. Бұл ретте ата-аналар да жауапкершіліктен жалтармауы тиіс. 

Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Еркін Назарқұловтың айтуынша, ауданда тұрғындар көбіне бұл уақытта Жалағаш кентінің үстінен өтетін Сырдария өзені көпірі маңын төңіректейді екен. Сондықтан өзеннің осы маңы тұрақты бақылауда. 

– Жазғы суға шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылатын жұмыстарының іс-шара жоспары бекітілді. Биыл ІІ тоқсанда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда қаралған 4 мәселенің біреуі жазғы суға шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті сақтау туралы. Осы орайда су айдындарындағы қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында аудандық әртүрлі ұйымдармен бірлесіп, тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде төтенше жағдайлар бөлімі, №11 ӨСБ-нің кезекшіліктен бос жеке құрамы, еріктілер мен аудандық полиция қызметкерлері бірігіп, адамдардың дария бойындағы суға көп түсетін орындарына күнделікті сағат 14:00-21:00 аралығында рейдтер ұйымдастырады. Онда суға түсетіндерге нұсқаулықтар жүргізілуде. Сонымен қатар барлық мектеп оқушыларына, судағы қауіпсіздік шаралары мен өрт қауіпсіздігі жөнінде кеңес беріледі. 

– Төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен оқушылардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізу мақсатында мектеп жанындағы лагерлерде демалып жатқан оқушылардың қатысуымен аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өтті. Онда оқушыларға өрт және судағы қауіпсіздік шаралары жөнінде түсіндірмелер жүргізіліп, үнпарақтар таратылды. Биыл қайғылы жағдайлар орын алған жоқ. Бірақ оған тоқмейісуге болмайды. Біз мейлінше елдің қауіпсіздігіне уақытпен санаспай жұмыс жасаймыз. Бірақ тұрғындар да сақтанса, сақтайтынын қаперден шығармаса дейміз. Ол үшін қауіпсіздік ережелері қаперде болса жеткілікті, – дейді бөлім бастығы. 

Еркін Назарқұлов кент, ауылдық округ әкімдері өз аумақтарында тыйым салынған суға шомылу орындарында ескертпе таяқшалары мен адамдар көп шоғырланатын орындарда көрнекі билбордтар мен стендтер орналастыруды ұйымдастырса дейді. Сондай-ақ кент орталығында орналасқан «LED-экран» және «Халыққа қызмет көрсету орталығының» теледидар арқылы өрт және суға шомылу ережесі тақырыптарында бейнероликтер көрсету керек деп есептейді. 

– Жазғы демалыста аудан аумағындағы барлық білім беру ұйымдары оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ата-аналарымен бірігіп, тиісті шараларды атқару керек. Аудандық полиция бөлімі су айдындарында патрульдеуді ұйымдастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту керек. Сондай-ақ жабдықталмаған жерлерде суға шомылатын адамдарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті талаптарға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Қоғамдық негізде жұмысқа тартылған азаматтар есебінен 10 адам Сырдария өзені бойында кезекшілік ұйымдастыруға, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жәрдем берсе де артық болмайды. Суға түсуге белгіленген арнайы жағажай мен суда құтқару бекеттері ашылу керек. Мұндағы мақсат адамдарға қосымша міндет жүктеу емес, мейлінше, сақтық шараларында бірігіп іс қылсақ, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, – дейді ол.

Жалпы су айдындарында мейлінше сақтық шараларын сақтау керек. Бұл жерде сала маманы тек өзінің жұмысын ойлап отырған жоқ, тұтас аудан жұртының қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Әсіресе ата-аналар бұл уақытта бала қауіпсіздігіне бірінші жауапты екенін сезінсе дейміз. 

Тағы да оқыңыз: