Kyzylorda-news.kz. Жеке тұлғалар арасында берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізіле бастады. Еліміздегі 17 өңір мен 3 республикалық маңызы бар қаланы қамтитын бұл жобада қаржы сарапшылары халықты оқытатын болады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтіп, оның игілігін бүкіл ел көруі үшін ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Осы орайда 2024 жылдың 5 ақпанынан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыру курсы басталды. Жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру мақсатындағы жобаның алғашқы оқу күні Жалағаш ауданындағы «Руханият орталығында» өтті.

Аталған жобаның мақсаты мен міндеттері туралы «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева сабақ барысында тілге тиек етті. Сондай-ақ қаржы сарапшысы, оқытушы Жанна Умарова жобаға қатысушыларға қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздардың санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынындығы жөнінде түсіндірді.

Қаржы саласының мамандары жыл бойы 150 мың қазақстандыққа қаржылық сауаттылық  курсын өткізеді. Әсіресе, онда несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық беріледі. Жоба аясында қаржы сарапшысы Жанна Умарова 50 адамды 5 күн бойы оқытып, оқу соңында сертификат табыстайтын болады.

– Бұл жоба ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін ең өзекті жоба. Себебі кей тұрғындар қаржылық сауаттылықтарының аздығынан қарызға белшеден батып, өз бетінше құтыла алмай жүреді. Қазіргі кезде көп адам өздерінің шығынын несиемен өтеуге құмар. Сол себепті де көбінің шығыны кірісінен асып түседі. Тіпті кейде адамдар алған несиесінің қарызын екінші бір несие алып, жауып жатады. Соған байланысты елімізде өткен жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Бұл жоба мемлекет басшысынан қолдау тауып, биыл да өз жалғасын тапты, –  деді қаржы сарапшысы, оқытушы Жанна Умарова. 

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы – «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобадан несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған тұрғындар, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады.

Жоба аясында ауылдық елді мекендердің 80 мыңға жуық тұрғынын қамту жоспарланған. Қатысушылар оқу барысында өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды, қаржыға қатысты қандай да бір мәселе пайда болғанда оның шешімін табуды үйренетін болады. 

«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба шеңберінде 2023 жылы республикамыздың 8 өңірінде 65 мың тұрғын қаржылық сауаттылық курсын оқып шыққан. Сонымен қатар қазіргі таңда жоба аясында еліміздегі барлық жоғары оқу орындарда, колледждерде және мектептерде қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылып, қаржылық сауат курсы енгізілетін болады. 

Тағы да оқыңыз: