Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің тұрғыны тәтті бәліштерді әзірлеп, тұрғындарға ұсынып отыр. Оның тәттілері бүгінде Қармақшы ауданының бірнеше дүкен сөресінде тұр.

Осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп халыққа нақты бағыт сілтеген болатын. Уақыт алға жылжыған сайын осы «үш керектің» орны байқалып тұрады. Қорқыт елі кәсіпкерлікте қанатын кеңге жаюда. Оған дәлел екі қолға бір күрек ұстап, кәсібін дөңгелеткендер қатары артқан. 

Иә, қазіргі таңда кәсіп жүргізудегі әлеуметтік желідегі маркетингтің маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Тұрғындардың отандық тауарларға деген қызығушылығын арттырып, тұрақты тұтынушыларының қатарын көбейтуге кәсіпкерлердің үлесі зор. Бұл істе «Жосалы тәттілері» өнімдерін шығарып отырған Самал Биғалиқызыныңда еңбегін айта кетсек болады. Бұрыннан да тұрғындардың тапсырысына орай үйден әртүрлі кондитерлік өнімдер дайындайтын Самал Биғалиқызы Қармақшы ауданының бірнеше дүкендеріне өнімдерін қоюда. Тұтынушының талғамынан шығатын тәтті өнімдер сөреде самсап тұр.

«Адам бір орында тоқтап қалмауы қажет. Қазір екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз сенделгендер баршылық. Мемлекет жасаса, мемлекет әперсе, мемлекет жұмыс тауып берсе деген жалған желеумен күнелтіп жүр. Не үшін? Адам талпынбай жетістікке жеткенін көріп пе едіңіз? Тынбай еңбек еткен адамның ғана наны тәтті болады. Қазіргі уақытта күніне 100 данаға дейін тәтті нан, кекс, түрлі торттар шығарып жатырмыз. Болашақта кондитерлік цех ашу жоспарда бар», – дейді жеке кәсіпкер Самал Биғалиқызы.

Қармақшы ауданының кәсіпкерлік саласы күн өткен сайын артып, кәсіпкерлер саны өсіп отырған тұста нан өнімдерін шығаратын кәсіпкерлердің көп болуы, халық көңілінен шыға білуі осы салада бәсеке туғызып қана қоймай, нан бағасын тұрақтандыруға да үлес қосары сөзсіз.

Әрбір қазақстандық азамат «жұмыссыз жүруге неге құмармыз?» деп терең ойлануы тиіс. Көштен алға озып кеткен 30 елдің қай-қайсысына қарасаңыз да бәсекелік қабілет мықтап шыңдалған. Еңбектен қашпайды. Керісінше оза шауып, төске өрлеген сайын өршелене жұмыс істейді. 

Кәсіп ету үшін адамға бірқатар қабілет керек. Ол ұйымдастыра білу қажет,  үнемі іздену керек. Айтпақшы бұл тұрғыда бастағалы отырған кәсіпті дұрыс таңдай білу де, нарық экономикасын жан-жақты зерттеу мен тұтынушының өнімге деген сұранысын бажайлау да маңызды екенін естен шығармаған абзал. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан біршама бағдарлама жүзеге асуда. 

Қармақшы ауданындағы мемлекет тарапынан қолдауға ие болған кәсіпкерлер қолға алған бизнесін алдағы уақытта кеңейтуді көздейді. Ал кәсіп етемін, көсегемді көгертемін деген жанға аудандық кәсіпкерлер палатасының есігі қашан да ашық. «Қалауын тапса – қар жанады». Шешілмейтін мәселе жоқ. Тек арман мен ниет тоғысса болғаны.

Айта кеткен жөн, жалпы кәсіпкерлікті дамыту бойынша сала мамандары өз жұмыстарын жүйелі атқаруда. Мәселен, өңірлік кеңес мүшелері қармақшылық кәсіпкерлермен және салаға жауапты мамандармен кездесіп, «Мен кәсіпкер» жобасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясындағы қаржылай қолдау тетіктерін түсіндіріп өткен болатын.

«Биыл ауыл тұрғындарына, жастарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жастарға арналған бағдарлама жұмысын бастап кетті. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жақын күндері нақты талаптары белгілі болады. Мемлекеттің мұндай қолдауын уақытылы қолдану керек. Кеңес алу, құжат дайындау бойынша біз көмек көрсетеміз», – деді Палата директорының орынбасары Даурен Мұзапарұлы.

Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында жүзеге асырылатын «Бір ауыл – бір өнім» жобасына ауылдағы қыз-келіншектерді қатыстыру үшін ауылдық округ әкімдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізуде көмек көрсетуді сұрады.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер салаға қатысты проблемаларын айтты. Атап айтқанда, несие алу барысында кепіл мүліктерінің төмен бағаланатынын, салдарынан жеткілікті деңгейде қаржы ала алмайтынын айтты. Сондай-ақ, шарада сөз алған кәсіпкерлердің басым бөлігі жеңілдетілген несие алуға ниетті екендерін жеткізген еді. Кәсіпкерлердің көтерген мәселесі бойынша кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы әр бағдарламаның ерекшелігін түсіндіріп, шешу мүмкіндіктерін ұсынған болатын.

 

Тағы да оқыңыз: