Kyzylorda-news.kz. Маусым айының алғашқы күнін балалар мерекемен қарсы алады. Олардың тыныштығы мен болашағын бүкіл әлем болып қорғалатын күн ретінде мерекелейді.
Әрбір перзент – тәңірдің ата-анасына берілген үлкен сыйы. Олар баласының өмірі жарқын, болашағы кемел болуы үшін әсте аянып қалмайды. Әрбір бала – жарық жұлдыз. Тек талантын танып, дер кезінде жарқырауына жәрдем берсек болғаны. Мерекеге орай түрлі қырымен көзге түскен бір топ бүлдіршінді назарларыңызға ұсынамыз. Ең бастысы, бұл кішкентайлардың «ұлтым» деп ұлылыққа ұмтылған, «елім» деп өрелі өнегесін танытатын білімді, дарынды ұл-қыздарға айналатынына сенім мол.
Кітапсүйер бүлдіршін
Бұл – Ералы Әбдірахманов. Ол А.Жанпейісов атындағы №105 мектептің 2-сынып оқушысы. Бос уақытын кітап оқуға арнайтын Ералы кітапхананы ерекше жақсы көреді.
«Мен кітапханаға барғанды, онда түрлі кітаптар оқығанды жақсы көремін. Онда маған Сoworking бөлмесі ұнайды. Ол жерде оқырман балаларға кітап оқып, шахмат ойнауға болады. Әрі кітапханада бізге арналған қызықты кітаптар өте көп. Өзім секілді балаларды кітапханаға шақырамын», – дейді жас оқырман.
Ералы кітап оқумен қатар, таэквандоға қатысады. Болашақта жетістігі мол чемпион, білікті жаттықтырушы болғысы келеді.
«Үйде көбінесе өзіміз де кітап оқимыз. Өзім оқыған кітаптарды үлкен қызыммен талқылаймыз. Ералы кішкене күнінен біздің әңгімемізді тыңдап өсті. Содан болар кітапқа құмарлығы ерекше. Бірінші сыныпта менің оқығанымды тыңдап отыратын. Ал қазір өзі оқи береді. Кейде бірге оқимыз. Кітаптың қызықты, тәрбиелік мәні бар тұстарын түсіндіремін. Мәселен, Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» кітабындағы басты кейіпкер Аяннан үлгі ал, оның оқуға қызыққан кездерін, қиындықты жеңе білгенін, алдына мақсат қоя білуін өнеге етемін. Осы шығарманы талдағаннан кейін алдына мақсат қоюды үйреніп келеді. Аудандық балалар кітапханасындағы түрлі шараға белсенді қатысады», – дейді анасы Меруерт.
Ата-анасы кітаптан алар тәлімнің мол екенін біліп, ұлдарының бұл салаға бет бұрғанына қуанышты. Олар талпынысы жоғары, білім іздеген бүлдіршіндеріне қолдау білдіруге қашанда дайын.
Жас полиглот
Бұл – Нұртілек Айтбай. Ол Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің 4 «А» сыныбын үздікке аяқтап, орта буынға аяқ басты. Үлгерімі жақсы, сабақта белсенді Нұртілек қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Жас полиглот деуіміздің себебі осы.
«Мен тіл үйренгенді жақсы көремін. Алдағы уақытта француз, араб, түрік тілдерін меңгергім келеді. Бірнеше тілді игеріп, өскенде дипломат болғым келеді. Өзге тілді меңгергенде ол елдің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысасың. Диломат болатын адам өте білімді, жан-жақты болуы тиіс. Мен оған қазірден бастап дайындалып жүрмін», – дейді жас полиглот Нұртілек Айдынбекұлы.
Анасының айтуынша, білімді бүлдіршін футболды да ерекше жақсы көреді. Әлемдік деңгейдегі футбол клубтарының атаулары мен ойыншыларын жақсы біледі.
«Біздің тұңғышымыз атасының үйретуімен қазақ тіліндегі 42 әріпті және сандарды бір жасында таныды. Жастан асқанда әріптерді қосып оқуды үйренді. Әріптерге деген қызығушылығы ерекше баламыздың болашағынан зор үміт күтеміз», – дейді әкесі Айдынбек Айтбайұлы.
Сондай-ақ Нұртілек Т.Салқынбайұлы атындағы балалар өнер мектебінде домбыра сыныбына қатысады. Атына заты сай Нұртілек, әжесінің қуанышы, ата-анасының мақтанышы, сегіз қырлы, бір сырлы болып өсіп келеді.
Бұрымды ару
Бұл – Шұғыла Жандосқызы. Ол Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің 4-сыныбын тәмамдап, бесінші сыныпқа аяқ басты. Бұрымды қыз өзіне ұзын шаштың ұнайтынын айтады.
«Анам үнемі «Қыздың көркі – шаш» деп айтып отырады. Қазір шашымды өзім күтуді үйреніп жүрмін. Сыныбымда да шашы ұзын қыздар көп. Шашымды өріп, шашбау таққан өзіме де ұнайды. Әрі ұзын шаш нәзіктікті, ибалылықты білдіреді. Болашақта бұрымды, тәрбиелі, өнерлі қазақ қызы деген атқа лайық болсам деймін. Ал мамандыққа келсем, ақ халатты дәрігер немесе стюардесса болуды армандаймын», – дейді бұрымды ару.
Шұғыла мектептің үздің оқушыларының қатарында. Түрлі іс-шараға қатысуда да белсенділік танытады. Сонымен қатар Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінде домбырадан дәріс алады. Қазақтың қасиетті қара домбырасымен күмбірлете күй шертеп, құйқылжытып ән де айтады.
«Қызым зерек. Қандай тапсырма берсең де, тыңғылықты орындайды. Биыл домбыраға қатысқанына екінші жыл болса да, конкурстарға қатысып, жүлделі оралып жүр. Музыка өнеріне деген қызығушылығы ерекше. Өнерге қызығушылығы нағашыларына тартқан. Шашын 3 жасынан бастап өсіріп келемін. Жиі әдемі етіп өріп қоямын. Себебі өрілген шаш жинақылықты, тазалықты білдіреді. Қазақы нақыштағы әшекейлер тағынып, ұлттық киім кигенді ұнатады», – дейді анасы Айжан.
Шұғыламен әңгімелесе келе оны тартымды ететін бұрымы ғана емес, өзінің әдебі, әдемі өнері, нәзік қалпы екен. Ал бұрымы көркінің үстіне көрік қосып тұр. Әрбір қазақ қызы Шұғыладай бұрымды, ибалы, инабатты, өнерлі болсын.
Кішкентай өнерпаз
Бұл – Нұрәли Базарбай. Жасы жетіде. Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің 2-сыныбын аяқтаса, әуез мектебінде баяннан 1-сыныпты үздікке бітірді. Талабы таудай бүлдіршін болашақта үлкен сахналарда өнер көрсетсем дейді.
«Маған музыкалық аспаптардан баян аспабы қатты ұнайды. Сондықтан да осы үйірмеге келдім. Алғашқыда қиын сияқты көрінген. Ал қазір қолым үйреніп келеді. Баянды толық меңгеріп, түрлі байқауға қатысып, жеңімпаз болғым келеді. Ал ол үшін тынымсыз еңбектенуім қажет», – дейді жас өнерпаз.
Кішкентай баян тартушы аудандағы өнер мектебіндегі баян сыныбында оқиды. Үйірмеге қатысушылар арасында жасы да, бойы да кішісі осы. Алайда үлгерімі мен ынтасы өзгелерден көш ілгері.
«Нұрәлидің музыкаға деген қызығушылығы жоғары. Тапсырманы нық, тиянақты орындайды. Баян үйірмесіне алғашында анасы алып келді. Қазір өзі әрбір сабаққа ерекше ықыласпен, қуана қатысады. Жаңа нәрсені үйренуге құмар. Одан болашақта мықты музыкант шығарына сенемін», – дейді ұстазы Зульфия Бопажаева.
Олай болса, талғамы биік, талабы зор кішкентай өнерпаздың өнеріне тәнті болып, тек сәттілік тілейміз.
Тик-ток түсірудің шебері
Бұл – Расул Қайратұлы. Жасы 5-те. «Ертөстік» балабақшасының тәрбиеленушісі. Әлеуметтік желіні қолданатын қармақшылықтардың біршамасы Расулдың билейтінін беске біледі. Түрлі қимылымен, өзін камера алдында, көпшілікте еркін ұстауымен ерекшеленетін балақайға бұл қасиет анасынан дарыған. Балаға тәрбие құрсақтан беріледі дейді ғой. Анасы Расул құрсағында болған кезде түрлі тойда ән айтып, өнер көрсетіп жүрген. Бесікте жатқанынан-ақ музыкаға қатты ден қойыпты.
«Расул құрсағымда жатқан кезде де, босанғаннан кейін де тойда өнер көрсетіп жүрдім. Сондықтан болар балам әнсіз ұйықтамайтын. Ал қазір ақылды, өнерлі жігіт болып ер жетуде. Бір-екі рет өзімнің парақшама баламның биін салып едім, одан кейін сұраушылар көбейіп кетті. Сосын өзіне арнайы «Тик-ток» желісінен парақша аштық. Қазір оған видеоларын жүктеп тұрамын. Ол өзінің биіне жазылған пікірлерді оқып беруімді өтінеді. Расул жалпы әдемілікті, тазалықты жақсы көреді. Үнемі ақ түсті киім кигенді, сурет салғанды ұнатады», – дейді анасы Ақмарал Уксукбаева.
Әлеуметтік желіде белсенді Расул балабақшада да бар өнерін көрсетуде. Ұстаздары да «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген пікірді ұстанып, биші балақайға қолдау білдіруге, өнерін шыңдауға дайын. Біз де Расулдың парақшасына көз жүгірттік. Шынымен де қимылы ширақ, әуенді жақсы сезініп, қимылдап үлгереді. Көптің көзайымына айналып жүрген ата-әжесінің ерке баласының өнері шарықтап, елдің еркесіне айналсын дейміз.
Жас спортшы
Бұл – Шахназар Жасұланұлы. Жасы 6-да. Спортқа жаны құмар бүлдіршін Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің 0 сыныбын аяқтап, бірінші сыныпқа көшті. Сабаққа деген талабы таудай. Әсіресе есеп шығарудан алдына жан салмайды. Ұстазы да есепте жүйріктігін аңғарып, болашақта осы қырын дамытуға болатынын айтады. Ал өзі спортқа әпкелеріне еліктеп қызыға бастаған.
«Үлкен екі қызым баскетбол үйірмесіне қатысады. Жалпы спорт кез келген адамның денінің саулығы үшін өте қажет дүние. Балаларымның спортқа қызығушылығы жоғары болғанына қуанамын. Шахназар екі әпкесіне қызығып, өзі де спортпен айналысқысы келетінін айтты. Ол кезде жасы 5-те. Баланың меселін қайтармай футбол үйірмесіне бердім. Қазіргі таңда дзюдоға да барып жүр. Футболдан Нұржан Тұрсынбаев жаттықтырса, дзюдодан Қайрат Үсеновтен тәлім алады. Ер бала болғандықтан спортты серік еткені жөн. Өзінен кіші інісі де ағасына еліктеп футбол ойнағысы келеді. «Спорт – деннің саулығы» дегендей, ең бірінші дендері сау болады. Ал екіншіден жетістікке жетіп, абыройы асқақтап жатса, онда біздің мерейіміздің тасығаны. Біз тек қуанамыз», – дейді әкесі Жасұлан Көкеев.
Иә, бауырлардың бір-біріне жақсы жағынан үлгі болып жүргені бір ғанибет. Шахназар болашақ мамандығын таңдап та қойған. Мақсаты айқын бүлдіршін дәрігерлікті таңдап та қойыпты.