Kyzylorda-news.kz. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында түрлі бағыттағы бағдарламалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Ұлттық жоба» шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант.
Оның мөлшері былтыр – 400 АЕК. Бұл дегеніміз – 1 225 200 теңгені құрады. Сол уақытта ІІІ Интернационал ауылы тұрғындарының игілігіне мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаражат алып, кәсібін бастаған жас кәсіпкер Айнұр Диқанбаева тез дайындалатын тағам (Фаст фуд) сататын сауда орнын іске қосқан болатын.
«Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мысалы мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осынау көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл берекенің бастауы болса керек», – дейді жас кәсіпкердің өзі.
Бүгін ауыл тұрғындарының игілігіне мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаражат алып, кәсібін бастаған жас кәсіпкердің бірі Г.Есенова "Кондитер өнімдерін өндіру" цехын іске қосты.
«Қазір кәсіп ашамын дегенге мүмкіндік көп. Мемлекеттік бағдарламалар ниеттілерді қолдайды. Мен де берілген мүмкіндікті қалт жібермей, қайтарымсыз грантқа қатысып көрдім. Нәтижесінде жобам өтіп, кәсібімді ашып отырмын. Бүгінде шағын бизнеске ден қойылып, қолдау көрсетілуде. Ол үшін түрлі бағдарлама мен жобалар да жүзеге асуда. Ал бұл қадам – өрісімізді кеңейтіп, талапқа сай өмір сүруімізге тынысын ашуда. Иә, ауданда кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткендер қатары еселенген. Қуантарлығы да – осы», – деп жас кәсіпкер.
Айта кеткен жөн болар, Қармақшы ауданында өткен жылдың қорытындысымен кәсіпкерлік саласында өсім бар. Бүгінде 4000-нан аса кәсіпкерлік субъект жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 57 жоба 382,9 миллион теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде «2021-2022 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде несие сыйақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша 8 жоба 121,5 миллион теңгеге екінші деңгейлі банктерден несиелендірілген. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 15 жоба 61,9 миллион теңгеге несиелендіріліпті. «Қызылорда» Өңірлік Инвестиция Орталығы» арқылы 34 жоба 199,5 миллион теңгеге қаржыландырылған. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несиелендіру үшін барлық елді мекендерде жобаларға іріктеу жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, Қармақшы аудандық «Кəсіпкерлер кеңесінің» жұмысын жандандыру басты жоспарда тұр. Бұл кеңесте кəсіпкерлер туындаған мəселені бірлесе шешіп, жаңа кəсіп бастаушыларға бағыт-бағдар беріледі. Кəсіп иесіне арналған мұндай қолдау кəсіпкерліктің əрі қарай жандануына үлкен сеп болмақ. Жақында облыстық өңірлік кеңес мүшелері ауданымыздағы жеке кәсіпкерлерімен кездесіп, кәсіпкерлерді қолдау, олардың құқықтарын қорғау бағытындағы және қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларды түсіндіру, жеке кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Өңірлік кеңес мүшелері кәсіптің көзін тауып, кез келген бастаманы сәтті жолға қоюдың тетіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер» жобасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясындағы қаржылай қолдау механизмдерін түсіндірді. Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы трансформациялаудан өтті. Соның негізінде ауданда штат саны азайды. «Бастау-Бизнес» жобасы бұрынғыдай палата негізінен алынып тасталып, электронды порталға көшті. Қазір оны https://business.enbek.kz/ сайтында кіріп, өздері онлайн түрде өтеді. Палата жыл басынан бері жке кәсіпкерге не кәсіп бастауғы ынталы жандарға консультациялық кеңес береді. Мемлекеттік бағдарламалар негзінде грант, несие алу жөнінде ақпараттармен бөліседі, бизнес план жасауға себепші болады, оларды сүйемелдейді. Одан бөлек Қармақшы аудандық мобильді топпен жұмыс істейді. Онда кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде аудандық прокуратурамен тығыз байланыста болады.