Kyzylorda-news.kz Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында жастар ұйымдары мен жастар қызметкерлері арасында шағын футболдан аудан әкімінің кубогы үшін облыстық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өз сөзінде ол партия тарапынан бұқаралық спортты дамыту және спорт саласын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында барлық аудандарда спорттық-сауықтыру кешендері салынып жатқанын атап өтті.
«Жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осындай жарыстар жастар арасындағы достықты нығайтып, саламатты өмір салтын насихаттайды», – деді AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай.
Тартысты өткен турнирге облыс көлемінен 8 команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Нәтижесінде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының командасы жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, спорттық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
