Kyzylorda-news.kz Осы аптада Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес есепті кездесуін Иіркөл және Төребай би ауылында қорытындылады. Ауыл тұрғындарымен кездесуде жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарымен бөлісті.

Әр елді мекеннің даму мүмкіндігіне қарай әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру, елді мекеннің инфрақұрылымын жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Биыл Иіркөл ауылында тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңғырту мақсатында демеушілік есебінен жобалау сметалық құжаттары әзірленуде.

Жалпы Иіркөл ауылы аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округте 700-ге жуық халық шоғырланса, экономикалық белсенді халық саны 279. Жұмыспен қамтылғаны 188 болса, 12 адам жұмыссыздық тіркеуде тұр. Одан бөлек 20 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

– Ауыл тұрғындарынан жиналатын мүлік, жер, көлік салықтары бойынша түсетін қаржылардың жоспары жасалынды. Биылғы жылға арналған қаржылық, мемлекеттік сатып алу жоспарлары бекітіліп, сатып алу порталы арқылы бірнеше мекемемен келісім-шарт жасалып, қаралған қаржы игеріліп отырды. Мәселен, Е.Құрманбаев көшесін жарықтандыруға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, конкурс жарияланды. Одан бөлек кәсіпкерлікті және қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие, қайтарымсыз грант алуға ауыл тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантқа 2 адамның құжаттары өткізіліп, нәтижесі күтілуде, – деді Иіркөл ауылының әкімі Жағыпар Төлегенов.

Биыл Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюына байланысты егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 770 гектарға қысқарды. Өңірдегі су тапшылығына қарамастан Иіркөл ауылындағы «Жаңатұрмыс и К» шаруа қожалығы барлығы 156 гектар егіс көлемінің 141 гектарына күріш, 15 гектарына бақша дақылын егіп, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуда. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын арзан бағамен жоңышқа, табиғи шөп, жем, күріш және тағы басқа өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдағы басқа да шаруа қожалықтар өздеріне тиесілі егістік жерлеріне егіндерін егіп, пай үлестік жерлеріне сәйкес ауыл тұрғындарына бақшалық жер дайындап берген.

Ал Төребай би ауылында облыс әкімінің тапырмасына сәйкес нарықты ішкі өнімдермен толықтыру мақсатында 45 гектар бақшалық жер ауылдағы 53 отбасына берілсе, Жосалы кентіндегі 10 отбасына «Дәуіт», «Төкен ата», «Шабан ата» шаруа қожалықтарынан бақшалық жер дайындалып берілген. Одан бөлек округтегі шаруа қожалықтар 140 гектарға күріш еккен.

Ауылдағы Жеңіс көшесіне замануи электродиодты жарық құрылғыларын орнату үшін қаржы бөлінсе, осы көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаты әзірленіп отыр.

Жиын соңында аудан әкімі елді мекен тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын және барлық мәселенің жіті қадағалауда болатынын жеткізді.

 

Тағы да оқыңыз: