Kyzylorda-news.kz. Ауыл – қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің де маңызы жоғары. Ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы. төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі. Бүгінгі әңгімеміз Қармақшы ауылы туралы болмақ.
Ауылдың тарихынан бастайтын болсақ, 1929 жылы алғашқы артель болып құрылған. Кейін Абыла, Көкшоқы, Қаракөл, Тасқын, Қайыршақты, Бозарық серіктерстік құрылып, олар төрт колхоздың (Қаракөл, Каганович, 1 май, Абыла болып) негізін қалады. Алғашқы колхозды Алмағанбет Ысқақов басқарған.
1950 жылы Қаракөл, Каганович, 1 май, Абыла болып төрт артель бір колхозға бірігіп онда 4 егіс бригадасы, 2 қой фермасы болды. Осы жылы Қызылтам ауылдық Советі болып құрылды. Ауылдық советті деген кісі Омар Қошманов басқарған екен. 1956 жылы 30 наурызда осы шаруашылық «Қармақшы» совхозы болып құрылды. Алғашқы совхоз директоры Пак Чигай деген кісі, Шаруашылық негізінен төрт түлік мал өсірумен айналысқандықтан алғашқы жылы 435 гектар жерге егіс егіліп, 5579 қой, 224 жылқы, 143 түйе, 955 ірі қара өсірілген.
1977-1990 жылдары совхоз 1 рет бүкілодақтық, 5 рет Республикалық социалистік жарыс жеңімпазы атанып, бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесінің дипломы мен бағалы сыйлықтарын жеңіп алды. 1986 жылы Қазақстан Кеңестік Социалистік. Республикалық «Алтын құрмет» кітабына жазылды. Осы жылы Қызылтам ауылдық советі социалистік Жарыстың жеңімпазы болып, ауыспалы қызыл қызыл туын жеңіп алды. Одан кейінгі жылдары совхозды: Сәндібек Нұғыманов, Смайыл Байболов, Қоңырбай Молдабеков, Сырайыл Бектөреев сынды директорлар басқарған.
1975 жылдан бастап, 2004 жылға дейін совхозды Исағали Жұмағұлов басқарады. Осы уақыттан бастап шаруашылық экономикасы мен мәдениеті қарыштап өркендеді. Совхоз 1 рет Бүкілодақтық, 5 рет Республикалық, Социалистік жарыс жеңімпазы атанып, 2 рет бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесінің дипломымен бағалы сыйлықтарын жеңіп алды. 1986 жылы шаруашылықтың аты Қаз ССР-нің «Алтын құрмет» кітабына жазылды және Қызылтам ауылдық советі социолистік жарыстың жеңімпазы болып, ауыспалы қызыл туды жеңіп алды.
Совхоздың дамуына сіңірген ерен еңбектері бағаланып Қаз ССР жоғарғы советінің депутаттығына өзат шопан Төлепберген Бөрібаев келесі шақырылымында №113 орта мектеп мұғалімі Жұпаркүл Иманбаева сайланады. Совхоз 1994 жылы Қармақшы ауылдық округі болып қайта құрылады. 1997 жылдан «Қармақшы» өнідірістік кооперативі, 1998 жылы «Қармақшы» ЖШС болып құрылды.
Бүгінде ауылдық округте Абыла, Қызылтам, және Анакөл елді мекендері кіреді. Елді мекеннің үшеуі де темір жол бойында орналасқан. Қазірде ауылдық округтің әкімі Аязбек Есқараев. Ауылдық округі бойынша бүгінгі таңда ауылдық округі әкімшілігі, 2 мектеп, 1 балабақша, 1 ФАП, 1 ФП, 2 клуб, 1 мешіт, почта үйі, 1 спорт мектебі, 1 ЖШС, 69 шаруа қожалық және жеке кәсіпкер, өз жұмыс жасайды.Ауылдың тарихи-мәдени мұраларына келер болсақ, ауылдың сыртында Қалқай Ишан, Марал баба кесенесі, ауыл орталығында «Жел диірмен», Қызылтам елді мекенінде 1905 жылы салынған су мұнарасы орналасқан.
Қармақшы ауылдық округі бойынша биылғы жылы жылы 8 жоба жүзеге асырылмақ. Оған 96 578,4 мың теңге қаржы қаралған. Оның ішінде: Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 35 622 мың теңге бөлінді. Атап айтқанда, Қызылорда облысы Қармақшы ауданы №13 "Балбөбек" бөбекжайы коммуналды мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қазандық ғимаратының құрылысына есептелген. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 41244 мың теңге бөлінді. Жекелей тоқаталатын болсақ, Қармақшы елді мекеніндегі су құбыры ғимараттарын қайта жаңғырту жұмысына – 236,1 млн. теңге бөлінген. Қызылтам елдімекенінің Сарыжылуан көшесінен №9-ТВ техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарына – 18376 мың теңге қаржы қарастырылған. Аудандық бюджеттен 16474,8 мың теңге бөлінді. Қармақшы елді мекеніне электр желілерін жаңғырту және қосалқы станциясын кеңейту жобасына сараптама қорытындысымен жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге – 5000 мың теңге, Қармақшы ауылдық округіндегі 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын дайындауға (Абай көшесі, Сейфуллин көшесі, Жеңіс көшелері), ведомстволық сараптамадан өткізуге – 7384,8 мың теңге Қармақшы ауылындағы Желдиірмен ескерткішін жөндеуге – 4092 мың теңге қарастырылған. Төртінші деңгейлі бюджет есебінен 3237,6 мың теңге бөлінді. Оған елді мекенді көгалдандыру жұмыстары, Қызылтам елді мекеніне паспорт орнатылатын болады.