Фото коллаж Kyzylorda-news.kz
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында күн санап кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Жаңа нысандар бой көтеріп, кәсібін одан әрі жандандырғандардың қатары артқан. Ал мемлекет берген мүмкіндіктер толастаған емес. Мәселен, «Жастардың кәсіпкерлік бастамасын» қолдау шеңберінде комиссия 252 адамға 1 миллиард 153 миллион теңгенің несие портфелін мақұлдапты. Берілген несиелердің 61 пайызы (154) мал шаруашылығына, 36 пайызы (91) қызмет көрсету саласына, 3 пайызы (7) өндіріс ашуға бағытталған. Облыс әкімі жастардың кәсіпкерлік бастамаларына берілетін жеңілдетілген несие кеңінен қолдау тауып, сұраныс көлемі артқанын айтты. Қазірдің өзінде 257 орынға 313 адам сұраныс білдірген. Қаржының толық игерілуіне байланысты құжат қабылдау уақытша тоқтатылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тағы да 200 адамға 1 миллиард теңгеге қосымша бюджеттік өтінім жолданды.
Аймаққа қарасты аудандардағы кәсіпкерліктің экономикаға қосып жатқан үлесі зор. Оның ішінде Қармақшы ауданының кәсіпкерлік саласы жыл санап артып келеді. Мамандардың айтуынша, мұндағы кәсіпкерлік кенже қалмайды. Иә, әрбір ауданның экономикалық дамуы көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін фактор – шағын кәсіпкерлік. Қармақшыда сала дамуы да басты назарда тұр.
Биылғы жылдың статистикасына сүйенсек, Қармақшы ауданында 4445 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 4111 немесе 92,5 пайыз. Былтыр осы саладағы жобаларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы 4 млрд теңге (3,4 миллиард несие, 621,3 миллион теңге грант) берілген. Ал жыл басынан бері 184 жоба 735,8 млн теңгеге қаржыландырылды. Көпшілікке таныс әрі насихаты жан-жақты болған «Ауыл аманаты» бағдарламасына ниет білдіруші көп. Қазір Қармақшыдағы барлық елді мекендерден несиеге өтініш беріп, кәсіп бастауға ұмтылғандардан 182 жоба іріктелген. Құны 1,2 миллиард теңгені құрайды, бұдан бөлек, ауданда 10 ауыл шаруашылығы кооперативін ашып, 280 миллион теңгеге қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасып, жалпы несие портфелі 2 миллиард теңге болатын жобалар әзірленбек.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесі де күн тәртібінде. Жақын арада индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы биыл іске қосылмақ. Сонымен қатар, Қармақшы ауданы орталығындағы «АНК-Дәулет» ЖШС арқылы газоблоктар өндіретін зауыт ашу және Төретам кентіндегі «МИР-2001» серіктестігінің бетон бұйымдарын шығаратын шағын зауытын кеңейту жобасы басталып кеткен. Аудандағы сауда саласын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Жосалы кентіндегі ескі базар орнына жергілікті кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын салу жоспарланған еді. Жоба құны 150 миллион теңге. Қазір жүзеге асыру үшін Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 50 миллион теңге несие беріліпті. Бұл жобалар жайында кеңірек тоқталып өтпекпіз.
Жаңа дүкен ел игілігіне қызмет етіп тұр
Қармақшы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары Қармақшы ауданының күн санап көркейіп, дамып келе жатқанын тілге тиек етеді. Кәсіпкер азаматтар түрлі ғимараттар тұрғызып, өз кәсіптерін ашып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуда дейді олар. Сондай кәсіпкерлік нысанның бірі жақында аудандағы Тайшық би көшесінде ашылған. Көше комитеті төрайымы Бақыт Төребаева бастаған көше тұрғындары қатысып, лентасы кесіліп, үлкендері баталарын беріп, берекелі кәсіп болуын тіледі. "Зарина" атауымен ашылған азық-түлік дүкенінің иесі Жарқын Әлиқызы Қосжанова алдағы уақытта ел игілігі үшін қызмет ететінін алға тартты.
Жаңа үлгідегі «1001 ұсақ» аралас сауда дүкені бой көтеруде
Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің тұрғыны Бақытбек Зұлхарнайұлы Қалыбаев жеке кәсіпкер ретіндегі қызметін 2008 жылдан шағын дүкенде киім-кешек сатумен бастаған екен. Бүгінде ол осы кәсібін әрі қарай дамытып, 2013 жылы Жосалы кенті орталығынан «1001 ұсақ» үйге қажетті тауарлар дүкенін ашып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осы ретте, жеке кәсіпкер Бақытбек Қалыбаев «1001 ұсақ» шағын дүкенін кеңейту үшін және тұрмысқа қажетті аралас тауарлар қатарын көбейту үшін сауда үйі құрылысын бастауды жоспарлап отыр.Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер Бақытбек Қалыбаев «2021-2022 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 12,0 миллион теңге көлемінде сауда үйі құрылысына несие қаражатын алуға тиісті құжаттарын дайындап, өткізген. Сауда үйінің құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқталып, халыққа қызмет көрсететін болады.
Тігін цехы да жұмысын жандандыруда
Қармақшы ауданының кәсіпкері Қайрат Мектепбайұлы 2005 жылдан бері үйде отырып тігін тігумен шұғылданып келеді. Кәсіпкер 2019 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Ол бүгінде тігін цехын жабдықтап, кәсібін жандандырып отыр. Қазіргі уақытта тапсырыстар қабылдап, ерлерге арналған киімдер тігеді. Сонымен бірге, сыртқы киімдерді тігумен және қайта өңдеумен де айналысады. 2019 жылы Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында өткізілген «Өзіңе сене баста!» атты ІІ көрме-конкурсында Қармақшы ауданының атынан қатысып, «Ерлерге арналған киім тігу» жобасымен I орын иеленіп 1 миллион теңге қаржылай сертификатпен марапатталды.
Сауда саласы қарқынды дамуда
Қармақшы ауданында сауда саласы қарқынды дамып келеді. Соның дәлелі ретінде сауда саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваны 2013 жылдан бастап «Адина» шағын киім-кешек дүкенін ашудан кәсіп жолын бастаған болатын. Қазіргі уақытта осы кәсібі кеңейіп, бірнеше «Адина» сауда дүкендерінің иесі ретінде халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Бүгінгі күні бұл жүйелі кәсіп жалғасын тауып, жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаева заңнама талаптарына сай келмейтін Жосалы кенті, Е.Сексенбаев көшесі №3 мекен жайында орналасқан «Таңсықбай» сауда базарын сатып алып, заманауи талаптарға сай етіп, екі қабатты «Адина» сауда үйінің құрылысын салуды қолға алып, сауда үйінің іргетасын қалады. Сауда үйінің жалпы құны 150,0 миллион теңгені құрайды. Қосымша жобаға «Өңірлік инвестициялық орталығынан» 50,0 миллион теңге көлемінде несие қаражатын алды. Жоспар бойынша сауда үйі іске қосылғанда 20 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сауда үйінде қойма, дәмхана, наубайхана және маусымдық киімдер мен тұрмыстық заттар сатылатын болады. Жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаева – кәсіп деген теңіздің тереңінен қорықпай, оған тәуекелмен бел буған нәзік жанның бірі, «Адина» сауда орталығының директоры, «Жыл кәсіпкері», «Үздік кәсіпкер» номинацияларының иегері.
«Мен Жосалы кентінің тумасымын. Іргелі білім ордасы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлекпін. Ұстаздарымның сенімін ақтаған шәкірттің бірімін. Әкем медицина қызметкері болған соң ата-анамның ықпалымен осы саланы таңдадым. Мектеп бітіргеннен кейін асқақ арманмен Қарағандыға жол тартып, сондағы медициналық академияның студенті атандым. Жоғары оқу орнын дәрігерлік мамандық бойынша тәмамдап, еңбек жолымды обаға қарсы күрес мекемесінде бастадым. Нақты айтқанда, мекеменің зертханасына меңгерушілік еттім. Ол жерде табан тіреп 16 жыл қызмет істедім. Білім мен тәжірибеме сай марапат, алғыстан кенде болмадым. Бірақ бір күнде шешім қабылдадым. Сонша жыл маңдай теріммен қызмет еткен дәрігерлік жолымды кәсіпке айырбастау керек болды. Мұндай шешім қабылдау маған оңай болмады. Дегенмен, жастайымнан анамның саудамен айналысқанын, кәсіпте береке барын көріп өскесін аса тартына да қоймадым. 1990 жылдары экономикалық құлдырау кезінде күнкөрістен көпшілік қиналып жатқанда анамыз ойланбастан саудаға шығып кетті. Жалпы жанұямыздың дені кәсіпкер. Династиямыз десем де болады. Оған қоса, тұрғындардың қалаға сабылмай аудан орталығынан іздегенінің бәрін тиімді бағада табатын дүкен ашу менің бұрыннан келе жатқан арманым болатын. Бұл арманыма «Ерінбеген етікші болады» дегендей, ерінбей еңбек етуім мен тәуекелдің нәтижесінде жеттім. Егер менен біреу «Кәсіптегі ұстазыңыз кім?» деп сұраса, мен оған бірден-ақ анам деп жауап берген болар едім. Алғашында қызымның есімімен ашқан шағын «Адина» дүкені қазір үлкен сауда орталығына айналды. 30-дан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Олардың халыққа сапалы қызмет көрсетуі үшін жылдың төрт мезгілінде дүкен ішінде киетін арнайы киімін, үзіліссіз жұмыс жасағандықтан 3 мезгіл ас-суын беруді міндетіме алғанмын. Одан бөлек, мереке сайын сыйақыларын, мектепке дайындық есебінде балаларының оқу құралдары мен киім-кешегіне, басқа да жағдайларда бірінші болып қолдауды, көмек беруді басшылық парызым деп санаймын. Оларға сенім артамын. Қызметкерлердің арасында «Жыл үздігі» байқауын өткізіп, жыл қорытындысымен марапат тапсыру да дүстүрге айналып келеді. Мерекелерде бас қосып, тосынсый жасауға тырысамын. Мұның бәрі ұжымның ауызбірлікте, сыйластықта еңбек етуі үшін жасалып отырған қолайлы жағдай. Әкем 45 жыл медицина саласында қызмет атқарса, анам тұрмыстық қажетін өтеу мекемесінде дүкенші болды. Бала кезімізден бастап әдемі киініп үйренгенбіз. Отбасындағы балалар киімнің әдемісін киетінбіз. Таңдап, талғап білетінбіз. Сол себепті таңдауымның киімге түскені. Бір айтарлығы, қоғамды ештеңемен таңғалдыра алмайсыз. Ақиқат осы. Тек ерекше әрі сұранысқа ие кәсіпті бастаған жөн. Өйткені, нарықтық бәсекеге төтеп берудің бірден-бірі жолы осы десем, артық болмас. Жалпы ауданға қажетті кәсіп көп. Біз бастапқыда шағын дүкенде киім-кешек сатсақ, бүгінгі таңда 2 үлкен сауда орталығымыз бар. Оның бірінде тұрмыстық тауарлар мен ыдыс-аяқ, ойыншықтар арзан бағада саудаланса, екіншісінде киім-кешек пен төсек-жабдық, косметикалық бұйымдар мен оқу-құралдары сатылады. Жақын арада орталықтан 2 қабатты сауда орталығы мен тамақтанатын орын, кафе ашуды жоспарлап және оның алғашқы жұмыстарына кірісіп те кеткен жайымыз бар. Осындай жетістікке жетуім – халықтың арқасы. Сондықтан да табысымның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды әдетке айналдырғанмын. Көпбалалы аналар мен тұрмысы әлжуазотбасыларына азық-түлік, киім-кешек әперуден аянып қалмаймын. «Мектепке жол» акциясына да үлес қосып, белсенділік танытудамыз. Өнерді, өнер адамдарын жоғары бағалаймын. Ауданда өтетін іс-шараларға қатысып, жастардың өнеріне қолдау білдіремін. «Жайдарман» клубының демеушісімін. Қандай додаға шықса да, оларды қолдауды өз жауапкершілігіме алғанмын. Өзім білім алған №26 орта мектепке де демеушілік жасап тұрамын. Иә, әдетте жасаған жақсылығыңды жария етпе дейді, бірақ ол арқылы басқалардың жақсы іске ұмтылуына түрткі болатынымызды да ұмытпауымыз керек. Осындай дәрежеге жетіп отырғанымыз халықтың арқасы деп білемін», дейді ол сұқбатында.
Иә, табандылық, төзімділік, қайратты болу, бұл кәсіпкердің бойына керек басты қасиеттердің бірі. Ал Нағима Тоқсанбаева әрқашан мотивация сыйлайтын, айтқанынан қайтпайтын және соны орындамай қоймайтын жанның бірі.
Ұзақ жылғы еңбек өз жемісін беруде
Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің тұрғыны Кеңесбек Мұратбекұлы көлік жөндеу және техникалық қызмет көрсету саласында жұмыс жасап жүргеніне 13 жыл болған. 11 жыл бойы өзге кәсіпкердің қарамағында жұмыс жасайды. Дегенмен тәуекел етіп, 2022 жылы өзі кәсіп ашуға бел буған. Көлік жөндеу орталығының құрал-жабдықтарын сатып алуға «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қолдауымен 4 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, қазірде 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне 10-15 көлікке қызмет көрсетеді екен.
Құрылыс та жүргізілуде
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 1645 шақырымында орналасқан «Оазис» жол бойы қызмет көрсету қызметінің жанынан қойма және санитарлық-гигиеналық тораптың құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 30,0 миллион теңге. Жоба бастамашысы жеке кәсіпкер А.Убайділдаева жоба іске қосылғанда тұрақты 5 жаңа жұмыс орындары ашылатындығын жеткізді. Айта кетейік, 2023 жылы «Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін төлеу» субсидиялауға байланысты 4 кешеннің санитарлық-гигиеналық торабы комиссия қарауында оң шешім алды. «Қонақ үйді қайта жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Қармақшы ауданындағы жеке кәсіпкер Алмат Сулеевтің «Қонақ үйді қайта жаңғырту» жобасын іске асыру мақсатында «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық орталығынан көлемі 30,0 миллион теңге несиемен қаржыландырылды. Жобаның басты ерекшелігі соңғы үлгідегі заманға сай, толық жабдықталған нысан алдағы уақытта келушілерге мінсіз қызметін ұсынатын болады.
Қонақ үйде барлығы 25 нөмер бар. Бір мезеттегі сыйымдылығы 45 төсек-орын. Ал орналастыру орындарының негізі көрсеткіштері бойынша Қармақшы ауданында 2023 жылдың 1-ші тоқсанында 7 нысанда 1217 адамға 6,6 миллион теңгенің қызметі көрсетілген, оның ішінде шетел азаматтарының саны 42 адам. Қызмет көрсету саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артқан.
Қонақ үйлердің (орналастыру орны) нөмірлік қор санын ұлғайту көрсеткіші бойынша Қармақшы ауданы көлемінде орналасқан қонақ үйлердің бір мезеттегі сыйымдылығы 190 төсек-орын, 93 нөмірді құрайды. Төсек-орын саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101 бірлікке артып отыр.
Жаңа жобаның іргетасы қаланды
Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек аудан халқымен кездесулері барысында құрылысы жоспарланған бірқатар инвестициялық жобаларды таныстырып өткен болатын. Осы жобалар қатарындағы «АНК-Дәулет» ЖШС газоблок өндіретін шағын зауытының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 200,0 миллион теңге. Жобалық қуаттылығы тәулігіне 160 м/куб өнім шығару. Жоба іске қосылғанда тұрақты 10 жаңа жұмыс орындары ашылады.Жобаны іске асыруға аудан, әкімінің қолдауымен, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген пайыздық үстемемен 60,0 миллион теңге несие берілді. Шағын зауытты іске қосу ауданда заманауи құрылыс материалы – газоблоктардың жаппай өндірісін жолға қояды.
Қармақшы ауданында ілгеріден келе жатқан іргелі шаруашылық – «АНК-Дәулет» ЖШС. Мердігер мекеме газоблок өнімін шығарады. Биыл жаңа шағын зауыт құрылысын қолға алып отыр. Жоба құны 200 миллион теңге. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен 60 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, қажетті құрылыс материалдарын алдыруда. Зауыт ауданда заманауи құрылыс материалы өндірісін жолға қоймақ.
Ойын-сауық алаңы балаларға шаттық сыйлауда
Төретам кентіндегі «ALI KIDS PARK» ойын-сауық алаңы балалардың ең көп баратын жері десек, артық айтқандық емес. Өткен жылы іске қосылған кешенде он бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мереке күндері барлық балаларға тегін қызмет көрсетеді. Мұнда балалар арқа-жарқа асыр салып ойнап жүр. Осы маңайда тұратын Алина ойын-сауық алаңы ашылғанын қуана айтты.
– Мен мұнда үнемі келіп тұрамын. Қасымда достарым бар. Әкем мен анам өздері әкеліп, алып кетеді. Үлкен сырғанақтар, құрғақ бассейндер өте керемет. Басқа да балалар келіп ойнайды. Бізге ұнайды, – дейді ол.
Айта кетейік, «Мұнайқұрылыс» мердігер мекемесі Қармақшы аудандық аурухана сыртына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Аудан әкімі Жандос Еркінбектің қолдауымен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы іске асырылды. Жоба аясында 14 адамның әлеуметтік бастамалары қаржылай қолдау тауып, әр жобаға 150 мың теңге көлемінде шағын гранттар табысталды. Қазір белсенді жастар қажетті құрал-жабдықтарын алып, жобаларын жүзеге асыруда.
Ауданда «Әсия ана» балабақшасы ашылды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде жаңа кәсіпкерлік нысан «Әсия ана» балабақшасы ашылды. Осындай игілікті істі қолға алып, бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай балабақшада тәрбие алуына мүмкіндік жасаған жергілікті кәсіпкер Әсия Мүсілімқызы.«Бөбектер үлкен өмірге деген алғашқы қадамын балабақшадан бастайды. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген киелі сөз бар. «Әсия ана» балабақшасында білімді, тәрбиелі, елінің дамуы үшін аянбай еңбек ететін ұрпақ тәрбиеленеді деген үлкен сенім бар», – деді Қармақшы ауданының басшысы. Айта кетейік, балабақша аудан әкімдігінің қолдауымен «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық Орталығы» арқылы 20,0 миллион теңге көлемінде несие қаражатымен қаржыландырылған.
Бүгінде балабақша иесі 25 адам жұмыспен қамтуды және 3 жастан 6 жасқа дейінгі 75 баланы қабылдауды жоспарлап отыр.
Оның ішінде бір тобы ерекше балаларға инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша қызмет көрсетеді.
Ауылдағы алмабақ
Дүр Оңғар ауылындағы алмабақты осы кезге дейін жазып келе жатырмыз. Биыл сәуір айында егілген жеміс талдары аз уақыт ішінде бой көтеріп, топырағына тамыр жайып үлгерген. «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлеповтің айтуынша, егіс алқабы өткен жылы тегістеліп, биыл көктемде бес гектар жерге 8600 түп алма ағашы отырғызылған. Қазір соның 80 пайызы көктеп тұр. Көшеттер Жамбыл облысы Меркі ауданындағы тұқымбағынан арнайы алдырылды. «Голден делишес», «Старкримсон», «Мельба», «Столовка», «Қызылай» деген сорттар бар. Шаруашылық иесі ауылды жасыл желекке, саялы баққа айналдырып, ауыл халқына таза табиғи өнім ұсынуды көздейді. Айта кетейік, Дүр Оңғар – облыс көлеміндегі іргелі шаруашылықтардың бірі.
«Алма бағы негізінен көп күтімді талап етеді. Жерді атыздап, суарып, тұзын астына қарай жібердік. Арнайы дәрісін алдырып, топырақ қуатын арттырдық. Үш жылда жеміс береді деп күтілуде. Қазір күннің ыстығына байланысты көшеттер тәулігіне екі мәрте тамшылатып суарылады. Уақытылы дәрі-дәрмегін беру, отақтан тазарту да жемістің мол болуына септігін тигізеді. Бұл өзімізге етене таныс күріш емес, сондықтан үнемі күтімді қажет етеді», – дейді агроном Қалдан Кенішбеков бізбен әңгімесінде.
«Бибінұр» сауда базары заманауи форматта
«Бибінұр» сауда базары 2003 жылы 2 санаттағы базар ретінде ашылған болатын. Базардың көлемі 1665 шаршы метр құрап, базар аймағында ауыл шаруашылық өнімдері, бақша көкөніс түрлері, сүт және сүт өнімдері сатылып келді.Дегенмен, бірнеше жылдар өткен соң базардың жағдайы заман талабына сай болмай, ескіріп кеткен болатын. Осы орайда, базар иесіне Қармақшы аудандық жұмысшы топ тарапынан Заң аясында базардың аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келді.
Нәтижесінде жеке кәсіпкер С.Ералиев сауда базарларына қойылатын талаптарды орындау мақсатында және сауда жасайтын халыққа ыңғайлы етіп, базарды қайта жабдықтау үшін үстіміздегі жылы «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық Орталығы» арқылы құны 7,5 миллион теңге көлемінде болатын несие қаражатын алып, сауда базары аумағында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи үлгідегі базар форматына көшіру бағытында тиісті жұмыстарды бастап кетті.
Құс шаруашылығы да кенде емес
Қармақшы ауданының кәсіпкері Азат Мұратбаевтың жеке кәсібі «Азат» сұлулық салонында кезек көп екенін қашаннан жақсы білеміз. Бірнеше кәсіпті қолға алғысы келген кәсіпкер «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде 10,0 миллион теңге несие алып, қосымша тауық құсын өсірумен айналысуда.
«Кобб-500» тауық тұқымына қызыққан кәсіпкер оның қыр-сырын лезде үйренген. 40-45 күн толған соң еті жеуге жарамды. Әрі мұның бір ерекшелігі өте етті, дәмді, сосын тез піседі. Бір өзінің салмағы 4,5-5 келіге дейін береді. Инкубатордағы жұмыртқадан 20-25 күнде балапан шығады. Одан бөлек, пеште қақталған «грильді» тұрғындарға тапсырыспен жеткізіп отыр.
Азаттың құс цехында 550 тауық бар. Жылына 2,5 тонна құс етін шығаруға қуатты. Келешек құс шаруашылығын кеңейтуді ойлайтын ол жақын арада шет елдерден тауықтың түрлі сортының жұмыртқасын алдырмақшы.
Сондай-ақ, түрлі кәсіпті түлеткен кәсіпкердің жұбайы Айдана да үйден жайма, кеспе, тәтті нандар мен пирогтарды тапсырыспен жасауда. Иә, қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ. Рас, дүние. Ебін тауып әрекет етсеңіз, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әркім тек өзіне ыңғайлы, бейіміне қарай еңбек етсе болғаны. Осындай кәсіпті жан-жақты зерттеп, оны табыс көзіне айналдырып жүрген жанның бірі қармақшылық – Айдана Көздібаева.
Жүзі жылы, сөзге мығым кәсіпкермен «Атамекен» палатасы аудандық филиалында өткен қызкеліншектің көрмесінде байқадық. Ол бүгінде жартылай дайын фабрикат өнімдерін шығаруда. Кеспенің 2-3 түрі, жайма, сондай-ақ кондитерлік өнімдердің түр-түрін кекс, коржик, торт пен тоқаштарды тапсырыспен дайындайды. Кейде аудандағы дүкендерге де өткізеді.
– Бұл кәсіпті 2 жылдан бері істеп келемін. Жалпы қол қусырып қарап отыру деген маған жат нәрсе. Қолымнан келсе барлығын істеп көргім келеді. Қазір бәрі жұмысбасты. Уақыт тығыз. Үй шаруасы мен ас үй жұмысына кейде үлгермей қалып жатамыз. Сондайда табиғи, таза, сапалы, дайын өнімдердің болғанын дұрыс көремін. Өзім секілді аналарға көмек беру ниетімен осы істі қолға алғанмын. Бүгінде дүкенге барсаңыз барлығы дайын. Тіпті тапсырыспен тамақ беруге де халық үйреніп қалған. Десе де, уақыт жағынан үлгермей қалатын сәттер болады. Сол кезде жайма, кеспелерді салып ыстық, дәмді тамақ дайындауға болады. Бұлардың жарамдылық мерзімі 3 ай. Тоңазытқышта сақталуы тиіс. Ас даярлар алдында 10 минут бұрын шығарып қойған жөн, – дейді жеке кәсіпкер.
Иә, бұл маусымдық жағдайларға әсер етпейтін кәсіп түрі. Жылдың кез келген мезгілінде жайма, кеспе, тұшпара, манты тағамдарына сұраныс жоғары. Дүкен сөресінде жартылай дайын өнімнің түр-түрі бар. Әйтсе де қызылды-жасылды қораптағылардың барлығы дерлік сырты ішіне сай келмей жатады. Осындайда қолдың таза өнімі болса ойланбай алар едік деп жатамыз. Ал кәсіпкердің бұл өнімдері осы сұранысты қанағаттандырып отыр. Икемі мен ебін тапқан адамға «жұмыс аз, ақша жоқ» деген құр сылтау ғана. Мұны Айданамен сөйлескен аз уақыт әңгімеде аңғардық.
– Анам – кондитер. Мен құрсақта жатып-ақ пісіру ісіне бейімделгенмін деп әзілдеп, жүрген жерде айтып қаламын. Декреттік демалыста қарап отырмай, бір іспен айналысу керек деп оқымаған курс қалмады. Инстаграм желісі негізінде түрлі онлайн курстарға қатыстым, тәжірибе жинақтадым. Енді көзбен көріп, үйренсем деймін. Бөпем әлі кішкентай болған соң мұны кейінге қалдырып отырмын. Алдағы уақытта жартылай дайын өнімдерден мұздатылған тұшпара, самса істеу ойымда бар. Сонымен қатар, кеспеге дайын дәмдеуіштер қосып, роллтон есебінде шығарғым келеді, – дейді Айдана.
Бесік тербеткен ананың үйде отырып табыс тапқысы келетіні анық. Айдана Көздібаева мұнымен шектеліп қалғысы келмейді. Тек кәсібіне аздаған қолдау болса деген ниетін де жасырып қалмады. Ауданда өткен кәсіпкерліктің өңірлік кеңесі жиынында облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова оның өнімдеріне ерекше басымдық беріп, құжаттарын тапсырып, мемлекеттік бағдарлама негізінде қаржыландыруға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Ол аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста. Жолдасы – Азат та кәсіпкерлік саладан алыс емес. Өзінің жеке шаш қысқартатын салоны бар.
Адал тапқан дүние берекелі болатынына кейіпкеріміз арқылы тағы бір көзіміз жетті. «Жақсы кәсіп – толық ырыс» дегендей, адам өмірден өз орнын тауып, тұрмысын түзеп, елге пайдасын тигізуі үшін оған жақсы, берекелі кәсіп көзінің керектігі даусыз. Әрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бүгінде ел экономикасын алға ілгерілетудің бірден-бір жолы болып отыр. Сондықтан да болар елімізде кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің түрлі жолдары, тетіктері көбейіп жатқаны көңіл қуантады.
«Жосалы тәттілері» тұрғындардың көңілінен шығуда
Қазіргі таңда кәсіп жүргізудегі әлеуметтік желідегі маркетингтің маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Тұрғындардың отандық тауарларға деген қызығушылығын арттырып, тұрақты тұтынушыларының қатарын көбейтуге кәсіпкерлердің үлесі зор. Бұл істе «Жосалы тәттілері» өнімдерін шығарып отырған Самал Биғалиқызыныңда еңбегін айта кетсек болады.Бұрыннан да тұрғындардың тапсырысына орай үйден әртүрлі кондитерлік өнімдер дайындайтын Самал ауданның бірнеше дүкендеріне өнімдерін қоюда. Тұтынушының талғамынан шығатын тәтті өнімдер сөреде самсап тұр.Бүгінгі таңда күніне 100 данаға дейін тәтті нан, кекс, түрлі торттар шығаруда. Болашақта кондитерлік цех ашу жоспарында бар екендігін жеткізді Самал Биғалиқызы.
Қармақшы ауданының кәсіпкерлік саласы күн өткен сайын артып, кәсіпкерлер саны өсіп отырған тұста нан өнімдерін шығаратын кәсіпкерлердің көп болуы, халық көңілінен шыға білуі осы салада бәсеке туғызып қана қоймай, нан бағасын тұрақтандыруға да үлес қосары сөзсіз.
Қармақшыда кір сабын шығаратын цех ашылды
Қармақшы ауданындағы Ақай ауылдық округінде тың кәсіпкерлік бастама қолға алынды. Яки кір сабын шығаратын цех ашылды.Қазіргі таңда шағын цехта бір күнде орта есеппен 100-150 данадан өнімдер шығарылып, Ақай ауылы мен Төретам кентіндегі сауда дүкендеріне сатылымға қойылып отыр. Жеке кәсіпкер Ғанибек Серікұлының айтуынша, тұрмыс-тіршілікке өзіндік пайдасы зор табиғи таза өнімге тұтынушылардың сұранысы күн өткен сайын артып келеді. Болашақта өндірісті кеңейту, оның ішінде кір сабынның ұнтақ түрін және иіс сабын мен түрлі сұйық сабындар шығару жоспарында бар.
Идеясын жүзеге асырған жас кәсіпкер
Бүгінде Қармақшы аудандағы кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарға қайтарымсыз грант негізіндегі қаржылар, жеңілдетілген несиелер бөлу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр. Соның бірі – Қармақшы ауылының тұрғыны Айнұр Алшынбай.
Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша Бастау бизнес курсын оқып, қайтарымсыз шағын несие – 525 200 теңге көлемінде қаражат алады. Оған үй жағдайында қажетті құрал-жабдықтарын алып, ауылға пайда тигізетін шағын наубайхана ашады. Содан бері шағын кәсібін дөңгелетіп, ауыл тұрғындарын тәтті нанмен қуантып отыр.Айнұр Бақтиярқызы – Түркістан облысының тумасы. Алматы қаласында инженер-технолог мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда Қармақшы ауылдық округінің келіні атанып, 3 бала тәрбиелеп отырған жас ана.
– Мемлекет басшысы әрдайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет деген ойға басымдық береді. Сол себепті де түрлі бағдарлама қолға алынып, қарапайым жанның кәсіпкер атануына, ал кәсіпкердің өз ісін одан әрі үлкейтуіне жағдай жасалуда. Сондықтан халық қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалмай, қажетіне жарата білсе деймін, – дейді кәсіп иесі.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының 75 пайызы осы шағын наубайхананың тұрақты тұтынушысы. Сонымен қатар тәтті торттар, самса мен түрлі бәліштер пісіріп, тапсырыс қабылдайды. Ол бүгінде өз тұтынушыларын таба білген білікті жас кәсіпкерлердің қатарында.
– Қазақта «Ас атасы – нан» деген даналық бар, яғни астың үлкені – нан. Дастарқанда нан тұрмаса көңіліңіз де, дастарқаныңыз да ортайып, берекесі кетіп тұрғандай басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиетін осыдан-ақ байқайсыз. Қонаққа келген адам тіпті асығыс болса да өзге тамақтан емес, міндетті түрде наннан ауыз тиген. Үйдегі ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығаяды, яғни наннан ауыз тиген адам сол үйге жақсылық тілейді. Тәтті пісіруді бұрыннан жақсы көремін. Қазір үйренуге деген ниет болса, әлеуметтік желіде кәсіптің түр-түрі бар. Тегін сабақтар да жетерлік. Қазір дайындап жүрген тәттілерімді өзім инстаграмнан үйрендім. Тәтті пісіру шыдамдылықты, ыждаһаттылықты талап етеді. Тәжірибе жинақталған соң, ісің де алға басады, – дейді Айнұр Бақтиярқызы.
Наубайхана өнімдері тұтынушы тарапынан жоғары бағалануда. Тұрақты тапсырыс беретін тұрғындармен қоса сұраныс саны күннен-күнге көбеюде. Ең бастысы, дайындалған өнім сөреде тұрып қалмайды. Ал баға – қолжетімді, сапа – көңілге қонымды. Кәсіп қылған адам қашанда жетістікке, мақсатына жетеді. Оны көзімізбен көріп келеміз. Ебін тауып әрекет етсеңіз, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әркім тек өзіне ыңғайлы, бейіміне қарай еңбек етсе болғаны.
Қайтарымсыз гранттың нәтижесі
Қазір елде халықтың әл-ауқатын жақсартуда Мемлекет тарапынан түрлі бағыттағы бағдарламалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Ұлттық жоба» шеңберінде бизнес-жоспарды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант. Яғни, кәсіп ашамын деген жандарға берілген мол мүмкіндік. Тек өз жоспарыңызды мықтап дайындасаңыз болғаны. Соңғы кездері жоба шеңберінде өз бағытын тауып, ісін дөңгелетіп жүрген жас кәсіпкерлерді жиі кездестіріп жүрміз. Әсіресе ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Бүгінде қайтарымсыз несие алып, кәсібін бастағандардың бірі – Айнұр Диқанбаева.
Кейіпкеріміз ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны. Ол көпшіліктің сұранысына ие, жеңіл әрі тез дайындалатын фастфуд өнімдерін сататын сауда орнын ашып, ауыл тұрғындарына дәм ұсынуда. Бұрын фастфуд тағамын үлкен қалаларда ғана жеп, тіл үйірген дәмін көпке дейін ұмытпай «Шіркін-ай, ауылда мұндай орын ашылмаған екен» деп армандағанымыз рас. Қазір бұл кәсіптің орайын тапқандар кез келген жерде ашып, оны үлкейтудің жолын жасауда. Осы жолды мақсат еткен кейіпкеріміз кәсібін тоқтатпай әрі қарай дамытатынын жеткізді.
– Нан өнімінен түрлі тәттілерді пісіруге бала күнімнен қызығушылығым жоғары. Қолымнан келгенін пісіре отырып тәжірибе жинадым. Кейін ауыл тұрғындарынан тапсырыс алып, өнімдерімді ұсыну арқылы көпшілікке көріне бастадым. Негізгі дайындайтын тағамдарым самса, тәтті нан, пицца, құймақ, тіске басар тәттілер. Әсіресе жастар жағы дөнерге көп тапсырыс береді. Осыдан кейін неге кәсіп бастамасқа деген ой келді. Сөйтіп мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алдым. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек, – дейді ол.
Айнұр жеңіп алған қаражатқа ең бірінші керек құрал-жабдықтарын алған. Осыған дейін барымен базар болған ол енді қалаған тәттілерімді пісіре аламын деп қуанышымен бөлісті.
– Кәсіпке келгенге дейін үйде анау-мынау пісіріп тапсырыс алып жүрдім. Содан түскен қаржыны жинап ең бірінші дөнер пісіретін пеш алдым. Осылай еңбектенудің арқасында бірлі-жарым құрылғыларға қол жеткіздім. Қазір жастарға мүмкіншілік көп. Тек ерінбеу керек. Кез келген істі бастағанда ол бірден болмайды. Сол үшін сабыр мен төзімділік керек, – дейді Айнұр Диқанбаева.
Жас кәсіпкер ауылдағы үш адамды жұмыспен қамтуда. Олар цехта екі кезекпен жұмыс істейді. Яғни, азанғы сегізден кешкі алтыға дейін екі адам нан өнімдерін дайындаса, түнгі сағат он бірге дейін бір адам сол жұмысты жалғастырады. Айнұрдың тез дайындалатын тағамына тапсырыс берген болсаңыз, оны жеткізіп беру тегін. Ал оның бұл бастамасына ауыл тұрғындары дән риза.
Ұлттық өнімдері сұранысқа ие
Қазақстанда шағын және орта кәсіпті барынша дамытып, елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру – бүгінгі таңда басты міндеттерінің бірі. Иә, кәсіп те, кәсіпкерлер саны жыл сайын артып келеді. Олар жұмыссыздықты жоюда өз үлестерін қосуда. Кәсіптің де сан түрі бар. Кәсіп ашамын деген әрбір адамға елімізде мүмкіндік көп. Таңдау өз еркіңде. Алайда кәсіп көп болғанымен, ұлттық тағамдарымызды өндіретін кәсіпкерлер қарасы аз. Бүгінде ұлттық тағамға сұраныс бар ма? Ұлттық тағамдарымыз өз деңгейінде насихатталып жүр ме?
Иә, қазір қолдың құрт-майына сұраныс жоғары. Өйткені, тұтынушылар да түрлі қоспасы бар ағарғаннан гөрі таза табиғи өнімді тұтынғысы келеді.
Ол – иіркөлдік Гүлжанат Асанова. Өткен жылдың қарашасында қайтарымсыз грантты жеңіп алып, ұлттық өнімдерді сатылымға шығаруда. Кәсіпкер құрт, ірімшік, май, қаймақ өнімдерін жасап шығаруда. Одан бөлек, Гүлжанаттың түрлі тәтті пісіруге де икемі бар. Тапсырыс түссе дастарқаныңызды тәттілермен толтырып беруге дайын.
– Шағын және орта бизнесте ұлттық тағамдарымыз бен отандық өнімдерімізді барынша дәріптеуіміз қажет. Сол себепті мен дәл осы ұлттық өнімдерді таңдадым. Қазақтың қандай ұлттық тағамы болса да дәмді әрі адам денсаулығына пайдалы. Сондықтан біз ұлттық тағамдарымызды ұялмай дәріптеп, көпшілікке ұсына аламыз. Дәл құрт өнімі сұранысқа ие, тіпті оны бренд ретінде қалыптастырып экспортқа шығаруға болар еді. Қазіргі таңда екі саланы да қоса алып жүрмін. Ұлттық өнімдерге өзге облыстардан тапсырыс көп. Өз балаларыма да табиғи өнім бергенді жөн көремін. Әсіресе, құртта кальций дәрумені көп. Бұл адамға ең қажетті дәруменнің бірі, – дейді кәсіпкер.
Жас кәсіпкердің айтуынша, шағын және орта бизнесте ең бірінші тәуекел керек. Ал тәуекел етпеген жағдайда жақсы нәтиже күтпеген дұрыс. Қазір Қазақстанда мүмкіндік көп. Кәсіп бастаймын деген адамға еш кедергі жоқ. Ең бастысы ниет пен әрекетті ұштастыра білу керек. Кәсіпте әрдайым заман талабына сай өнім өндіруің қажет. Серіктестеріңнен айырылып қалмас үшін, бәсекеге қабілетті болуың керек.
– Қазіргі таңда бизнес орталықтар, бизнес тренерлер өте көп. Бүгінде көпшілігі өз кәсібін ашқысы келеді. Кәсіпкер болудың бір артықшылығы ешкімге тәуелді емессіз. Өзің би, өзің қожасың. «Айлық қашан түседі?» деп күтіп отырмайсыз. Бір сөзбен айтқанда, ешкімге тәуелді болмайсыз. Бұл жерде еңбегіңе қарай, нәтижесін көресіз. Жалпы, кәсіпкер болудың артықшылығы көп. Отбасыңызға, жақындарыңызға көңіл бөлуге уақыт табасыз. Таңдау өз еркіңізде. Кемшілігі табыс көзі бірде бар болса, бірде жоқ болуы мүмкін. Ол өзіңіздің еңбегіңізге байланысты болмақ. Мен алдағы уақытта осы істі әрі қарай жалғастырып, кең көлемді жұмысы бар цех ашқым келеді. Ол уақыттың еншісінде, – дейді кәсіпкер Гүлжанат Асанова.
Иә, кәсіп бастаймын дегенге мүмкіндік көп, ал тағамға келсек, ұлттық өнімнен артығы жоқ.
Ауылдағы сән салоны
Нарықтық заманда өзгеге алақан жаймай, кәсіптің көзін тауып, берекелі істің игілігін көру әрине құптарлық жайт. Уақыт көшіне ілесіп, ата кәсіпті дамытып, тыңнан түрен салуды көздеген жастарымыз бүгінде ауданда жетерлік. Соның бірі – Ақжар ауылындағы Әлия Орынбасарова. Ол осындағы қыз-келіншектерге әдемілік сыйлайтын сән салонын ашып, түрлі қызмет түрлерін көрсетуде.
Ашылғанына біраз уақыт болмаған нысан өз тұтынушыларын жинап та үлгерген. Іші жинақы, шағын болса да шашаусыз, жиһаздары ерекше талғаммен орналастырылған. Әлия Қуаңдария ауылының тумасы. Ол бала күнінен осы іспен айналысуды мақсат тұтқан. Мектепті бітірген соң қаладағы Қызмет колледжіне оқуға түсіп, «Шаштараз және сәндік косметика» мамандығын алып шығады. Сөйтіп одан әрі мамандығын шыңдау үшін сол жақта үш ай жұмыс істейді. Кейін болашақ жарын жолықтырып, Ақжар ауылына тұрмысқа шығады.
– «Еңбектің көзін тапсаң, байлықтың өзін табарсың» дегендей, тіршілік істеймін деген адамға жұмыс көп. Тек ынта мен ықылас, талап қажет. Жыраққа кетпей өз жеріңде еңбек ету де – бір бақыт. Ауылға тұрмыс құрғанымда кәсібім бір-екі жыл тұрып қалғаны болмаса, одан қол үзгенім жоқ, кейін қайта қолға алдым, – деді ол сөзін әріден бастап.
Кешегіге дейін ауылдағы сұлулыққа құмар қыз-келіншектер ауданға жол тартып, қалаған шаш үлгісін сонда жасатып келгені рас. Енді олар табан тоздырып, алысқа бармайды. Кәсіпкер ауыл орталығынан сән салонын ашып, шаш, кірпік, макияж, тырнақ әрлеу мен косметологиялық бет күтімі бойынша қызмет көрсетеді.
– Әйелдерге сұлулық сыйлау – бір ғанибет. Осы орайда жеке ісімді дөңгелету үшін қаржы жинап сұлулық салонын аштым. Былтыр «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік курсынан өтіп, қайтарымсыз несие алдым. Сөйтіп сән салонымның ішін керек құралдар мен жиһаздарға толықтырдым. Жалпы кішкентайымнан алдыма қойған мақсатыма жетіп тынбайтын мінезім бар. Бір іске талаптансам, соған бар ынтаммен кірісемін. Жолдасым мен үйдегі әжем әркез қолдап отырады. Тұрақты тұтынушыларым да бар. Оларды әр уақытқа жазып қойып, сол бойынша қызмет көрсетемін. Қолға алған ісім жақсы нәтиже беріп жатса, кейін үлкейту ойда бар, – дейді Әлия Жанабілқызы.
Кәсіпкердің қызметіне ең бастысы ауыл тұрғындары риза. Әлгі айтқандай олар алысқа шауып сабылмайды. Ауылда ашылған бастамаға қолдау көрсетіп отырса, кәсіптің де дөңгелейтіні сөзсіз.
Кондитерлік өнімдерін кәсіп қылуда
Сан түрлі мамандық арасында кондитерлік те қалыс қалған емес. Қандай да бір мереке немесе арнаулы даталы күндерге арналған той-томалақтарда арнайлап дайындалған тәттілермен басқа да өнімдер дастарқан сәнін келтіріп тұратыны анық. Кондитерлік – шағын кәсіп түрі. Қазақ отбасындағы әрбір әйел заты кондитерлікті сүйікті ісіне айналдырған. Сонымен бірге, осы кәсіп арқылы ел-жұртының ризашылығына бөленіп жүргендер де жетерлік. Соның ішінде, кондитерлікті кәсіпке айналдырғандардың бірі – ауыл тұрғыны Назерке Амандыққызы кәсібі жөнінде былай деп әңгімесін өрбітті.
«Кондитер мамандығы – бүгінгі сұранысқа ие саланың бірі. Қыз бала болған соң мен де анамның қасында жүріп, кішкентайымнан тәтті пісіруге қатты қызығып өстім. Көпбалалы ана ретінде өткен жылы «Еңбек» бағдаламасы бойынша қайтарымсыз грант жеңіп алып, бүгінде өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жатқан жайым бар. Ауыл тұрғындарына сұраныстары бойынша нан өнімдері мен түрлі тәттілер пісіріп беремін. Тіпті, той-томалақтарға да тапсырыстар қабылдаймын. Мемлекет тарапынан тағы бір қолдау болса, кәсібімді кеңейткім де келеді. Отбасымда мүйізді ірі қара мен уақ мал өсіремін. Айран, қатық, құрт, ірімшік жасаймын. Бұлар менің балаларымның күнделікті асы. Жарым Бауыржанмен бірге ұрпақ тәрбиелеп жатқан жайым бар. Еліміз дамушы мемлекеттер қатарынан болғандықтан кәсіптің қай түріне болсын қолдау бар» дейді ол.
«Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік көрме-байқауының жеңімпазы атанды
Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауына 80 кәсіпкер қатысуға өтінім беріп, көрмеге 64 кәсіпкер қатысты.Байқауда Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда) айналысатын және өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін қамтамасыз ету және оны жүйелі түрде жақсарту жөнінде оң нәтижелері бар дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар болды.Көрмеге Қармақшы ауданынан «Жаңажол» ЖШС күріш өнімдері, ЖК «Айдана» жартылай фабрикат өнімдері, «Аңсаған» қоғамдық бірлестігінің көрпеше, төсеніш жастықтары, ЖК Т.Жасаңбаевтың күріш таяқшалары қойылды. Нәтижесінде ауданымыздан қатысқан «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша күріш өндірісімен айналысатын «Жаңажол» ЖШС жеңімпаз атанды.
Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауылдың өсіп-өркендеуіне қосып келе жатқан үлесі орасан. Шаруашылық өткен жылдарда ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, олардың заман талабына сай өмір сүруіне, туған ауылының гүлденуіне көптеген игі істер атқарып, құрметке бөленіп жүр. Атап айтар болсақ, түрлі гүлмен көркемделген ауыл орталығындағы алаң, оған қарама-қарсы орнатылған саябақ, оның ортасында орналасқан Бәйтерек пен су бұрқағы қай кезде барсаңыз да сұлулығымен көз тартады.
Шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі – ауылда өтіп жатқан барлық қоғамдық жұмысқа белсене араласып, тұрғындардың заман талабына сай өмір сүруіне қолдау көрсетуі. Тұрмысы түрленіп келе жатқан ауыл тұрғындары шаруашылықта да оң өзгерістердің бар екенін алға тартады. Расында да, соңғы жылдары шаруашылық егін шаруашылығы бойынша озық технологияларды пайдалана отырып, сапалы өнім өндіруден облыс бойынша бірінші орында келеді. Күріш дақылынан басқа да әртараптандыру бағытындағы арпа, бидай, жоңышқа дақылдарынан да өнім жинауда жоғары көрсеткіште. Бүгінде соя, сорго дақылын өсіруді қолға алған. Оның үстіне тәулігіне 100 тонна күріш ақтайтын зауытын іске қосып, еңбек әлеуетін арттырды. Өткен жылы негізгі дақыл күріш көлемі бойынша 3000 гектар егіп, гектарына орта есеппен 72,2 центнерден өнім жинады. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен «Парыз» республикалық байқауының нәтижесімен Орынбасар Өтепұлы басшылық ететін «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясымен марапатталған еді.
Шаруашылық жұмысын ширатып, сан саланы қатар дамытып келе жатқан Орынбасар Төлепов алдағы уақытта да игі істердің жанынан табылып, сапалы өнім өндіруден алғы шептен көрінері сөзсіз.
Дүр Оңғар ауылы Қармақшы ауданы тарихындағы ең еңселі, бірлігі бекем елді мекеннің бірі. Бұған дейін, Энгельс, Жаңажол, ал бүгінде Сыр сүлейі Дүр Оңғар жырау есімімен аталған құтты мекенді талай дарын иелері, оның ішінде Кәрімберді Жақанов, Болатбек Сүлейменов, Қылышбек Әбішев сынды қоғам қайраткерлері басқарса, елдің өсіп-өркендеуіне КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдіғани Әбжәлиев, Ленин орденді күрішші Пиян Жұқаева, ІІ-ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иесі данқты тракторшы, шопан, диқан Бибігүл Әбішева және басқа да есімдері елге танылған атпал азаматтардың еңбегі сіңді.
Қазіргі таңда, бұл ауылдық округте 400 отбасының 2070 тұрғыны «Жаңажол» жауапкершілгі шектеулі серіктесігінде егін егуден, сонымен қатар төрт түлік өсірумен қатар шағын және орта кәсіпкерліктен нәпақасын табуда. Ал енді әлеуметтік тұрғыда көрсетіліп жатқан көмектерге келсек, ауылдағы арнайы санаттағы тұрғындарға мемлекеттен тағайындалған әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Атап айтар болсақ, есепті кезеңде ауылдың 2 отбасысы мемлекеттік атаулы көмек алса, 215 адамға зейнетақы, 63 адамға мүгедектігіне, 25 тұрғынға асыраушысы жоқтығына байланысты жәрдемақы тағайындалған. Көпбалалы 64 анаға, тыл ардагері статусы бойынша 8 тұрғынға, Ауған-Тәжік шекарасындағы қақтығысқа қатысушы 4 азаматқа мемлекеттен арнайы жәрдемақы төленіп отыр. Сонымен қатар, ауылдағы жұмыссыз жүрген тұрғындарды қолдау мақсатында 24 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 12 жас маман өз мамандықтары бойынша жұмысқа қабылданған.
Ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Айман» шаруа қожалығы ауыл, тіпті аудан орталығы тұрғындарын сапалы айран, қатық, қаймақ және басқа да сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 жоба, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде 2 жоба, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобасы бойынша кәсіпті бастауға ниет білдірген 6 ауыл азаматы мемлекеттік грантқа қатысып, бүгінде олар өз кәсібін бастаған. Биыл 5 азамат осы бағдарламамен жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «Қызылорда өңірлік инвиститциялық орталығы» арқылы «Іскер» бағдарламасы шеңберінде жоба дайындаған 3 тұрғын несиеге ие болса, мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 2,5 пайыздық несиені иеленуге 2 азамат құжат тапсырып, «Ауыл аманаты» бағдарламасына да қатысуға ниет білдіргендер бар.
Ауылдық округте тұрғындар, әсіресе, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда белсенділік жоғары. Бұл ретте, тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға «Жаңажол» серіктестігі барынша қолдау көрсетуде. Ардагерлер, тұрғындар, жастармен түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, тұрғындарға салауатты өмір салтын қалыптастыруға насихаттық жұмыстар жүргізуде. Тіпті, талантты жастарды аудан, облыста өтетін шараларға қатысуға демеушілік көрсетуде.
Міне, осындай бірлігі бекем, бағы мен берекесі тасыған құтты елді мекеннің өсіп-өркендеуіне «Бақ-береке», «Орион» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшыларымен жақын арада заманауи үлгідегі жалпы құны 427,3 млн теңге тұратын спорт кешенінің және құны 103,5 млн тұратын ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталмақ. Тағы бір айта кетерлік жаңалық, ауылдағы 9 көшенің, бүгінгі күнге дейін жарықтандырылмаған 5 көшесінің электр желісін жаңарту, сондай-ақ 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу, ауылды газдандыру сияқты жобаларды жүзеге асыру жұмысы жүргізілуде.
Қармақшы ауданындағы шаруашылықтардың шаруасы ширақ
Қармақшы ауданындағы ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі өткен жылға қарағанда біршама өскені айтылып жүр. Бау-бақшаларда тамшылатып суғару секілді жаңа технологиялар енгізу екпін алған. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында біршама жетістіктер бар.
«Халық айтса, қалт айтпайды. Қармақшы ауданының әлеуметтік экономикалық жағдайы, әсіресе, осы ауыл шаруашылығына негізделгенін ескерсек, жыл сайын егіннен, төрт-түлік пен бақша өнімдерінен өсім байқалуы заңды құбылыс дер едім. Оның үстіне жыл сайын саланы дамытуға арналған жүйелі жоспар құрылып, лайықты нәтижеге қол жеткізу үшін шаруалар аяусыз тер төгеді. Осы жылдың 1 сәуіріне дейінгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 миллиард 454 миллион теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4 процент өсті. Биыл жалпы көлемі 26409 гектар алаңға егін орналастыру көзделді. Өңір басшысының қолдауымен, былтырғы егін көлемімен салыстырғанда жоспарды 2 383 гектарға артық орындадық. Баса айта кететін жайт, оның ішінде күріш көлемі 13 500 гектарға жетіп, дала еңбеккерлерінің еңбегі ақталды.Қазіргі таңда, 1050 гектар жаздық бидай, 1050 гектар мақсары, 4140 гектар жаңа жоңышқа, 150 гектар арпа, 5 гектар күнбағыс, 50 гектар құмай дақылдары егіліп, 4956 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, суарылды.22 сәуірден бастап бекітілген кестеге сәйкес күріш егу және суға бастыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.Қазіргі таңда, 8 950 гектар күріш егіліп, 6800 гектар күріш суға бастырылды. Көктемгі дала жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Дегенмен, ауданға бөлінген су лимиті әлі де жеткіліксіз. Нақтырақ айтсақ, кестеге сәйкес 55 текше метр тіршілік нәрі түсуі қажет болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 52,25 текше метрді көрсетіп тұр.Аймақ басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл тұрғындарын негізгі бақша өнімдерімен өзін-өзін қамтамасыз ету үшін қосымша бақшалық жерлер дайындап жатырмыз. Биыл 392 гектар бақшалық жер қалыпқа келтіріліп, 736 отбасы жаппай бақша егуге кірісті. Соның арқасында бақшалық жерлер айдалып-қарықталып, су жүйелері қазылды. Алдашбай ахун ауылдық округінде 12 гектар картоп егілді. Бақша дақылдарын егу жұмыстары басқа елді мекендерде де бабымен жүріп жатыр.Сонымен қатар, биыл Жаңажол ауылдық округінде «Жаңажол» серіктестігі 5 гектер жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, күтімге алды. Заманауи техниканы кәсіпке енгізген шаруашылық жабынды астында өсіру әдісімен 2 гектар жерге қарбыз екті. Еңбек адамдарының жаңашыл әдістері Қармақшы ауданы көлемінде кеңінен насихатталып келеді», дейді Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек.
Кәсіпкерлік саласындағы мамандар хабарлайды
Мемлекет басшысы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған болатын.
Осы ретте, кәсіпкерліктің жекелеген салалары үшін мөлшерлемені 2 пайызға дейін төмендету мақсатында «Қармақшы ауданы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін төмендету туралы» аудан мәслихатының шешімі 01.07.2023 жылы ҚР Әділет министрлігі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде №8429-11 санды болып енгізіліп тіркелді.Бұл арнайы салық режимін жұмыскерлер саны 200 адамнан аспайтын, ал табысы күнтізбелік жылға 2,1 млрд теңгені (600 мың АЕК) құрайтын кәсіпкерлер қолдана алады. Қазір рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі бөлшек саудаға және негізінен халыққа қызмет көрсетуге байланысты 190 қызмет түрін қамтиды. Атап айтқанда, бөлшек сауда, автомобильдер, киім-кешек пен жиһазды жөндеу, ағаш өңдеу, сырлау және сылақ жұмыстары, жолаушы тасымалы, сондай-ақ қоғамдық тамақтану және тағы да басқа. Бұл режим алдағы уақытта, бизнес-ахуалды жақсартуға ықпал ететін болады және салықтық жүктемені, бизнесті заңдастыруға, кәсіпкерлік сектордың іскерлік белсенділігін арттыруға оң әсерін тигізетін болады.Сонымен қатар, кәсібіңізді дамытуға жеңілдетілген несие береміз дейді мамандар.
«Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы өндірістік, қайта өңдеу, қызмет көрсету, креативті экономика бағытындағы бизнестерге қолдау көрсетеді. Бұл бағдарламаның сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайызға дейін, несиелеу мерзімі 5 жылға дейін, 69 000 000 теңгеге дейін қаржыландырады. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен бағдарлама өңіріміздің шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиемен ұсынуда. Ең алдымен аймақ экономикасының дамуы мен жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етуде. Бағдарлама жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарға несие берумен ерекшеленеді. Ал Қармақшы ауданы прокурорының міндетін атқарушы А.Мұратовтың қатысуымен ағымдағы жылдың 19 шілдесінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесіне байланысты «Ашық есік күні» өтуі жоспарлануда.Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кәсіп жүргізуде туындаған сұрақтар және кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу, заңсыз кедергілер келтіру фактілері бойынша мәселелер талқыланатын болады.