Kyzylorda-news.kz. Қармақшы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысына комиссия мүшелері, құқық қорғау органдары мен салалық бөлімдердің басшылары қатысты. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, «Мемлекеттік органдармен аудандық терроризмге қарсы комиссияны ақпаратпен қамтамасыз ету сапасының жағдайы туралы. Жұмыстарды жетілдіру шаралары туралы» Қармақшы ауданы әкімнің орынбасары Жандос Ерқосаевтың және «Аудан аумағында ақпараттық түсіндіру топтарымен жүргізілген жұмыстардың барысы туралы. Ақпараттық кеңістікте діни экстремизм мен терроризмге қарсы насихатты жетілдірудің жағдайы мен шаралары туралы» аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ғ.Нысанбаевтың баяндамалары тыңдалды.
Сондай-ақ, отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Комиссия төрағасы жиын қорытындысымен айтылған пікір-ұсыныстарды қуаттап, жауапты мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Алдағы уақытта аталған мәселелер шешімін табады.