Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда облысында маусым айынан басталған «Қарасора-2023» іс-шарасы аясында есірткі өсірумен айналысқан 23 адам қолға түсіп, олардың 6-ы қамауға алынды.

Республика көлемінде есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс- шарасы 1 маусым және 31 қазан аралығында өткізіледі. Бұл кең ауқымды операция жыл сайын маусым мен қазан аралығында қарасора өсетін кезде өткізіледі.
Аталған жұмыс барысында облыста есірткі өсірумен айналысқан 23 адам құрықталып, оның 6-ы қамаққа алынды.

«Аталған жұмыстар барысында облыс көлемінде барлығы 39 есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Оның ішінде 20-ы есірткі өсіру, 2-і есірткі өткізу, 3-і аса ірі мөлшерде сақтау және 14-і есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылықтар саналады. Заңсыз айналымнан 1,6 тонна есірткі заты алынды. Полиция қызметкерлері олардан 5 келіден астамы «марихуана», 5 грамм «гашиш» және 1 тонна 610 келі каннабис өсімдігі тәркіледі, – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

«Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасын өткізудегі негізгі мақсат – елдің оңтүстік өңірлерінен каннабис тобының есірткілерін дайындаумен және әкетумен айналысатын адамдарды анықтау, героин трафигі арналарының жолын кесу, сондай-ақ синтетикалық есірткіні таратуға мамандандырылған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін, заңсыз есірткі зертханаларын жою.

Қызылорда облысының полиция департаментінде есірткіні тасымалдау барысында пайдалануы мүмкін жерлерді, ауылдық жолдарды ескере отырып, патрульдеу бағыттары әзірленді. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру орындарын анықтау мақсатында арнайы мақсаттағы бөлімшелердің күштері мен құралдарын тарта отырып, Қызылорда облысы мен оған шекаралас аумақтарда әуе барлауы жүзеге асырылады.

Жалпы, 2023 жылдың 4 ай 21 күнінде облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 74 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның 9 дерегі есірткі затын сату, 6 дерегі есірткі затын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және 5 дерегі құрамында заңмен тыйым салынған есірткі құралы бар сора өсімдігін егу, 1 дерегі есірткі жарнамалау. Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 296-бабында (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) көзделген қылмыстық теріс қылықтың 53 дерегі анықталған.

Нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан алдын алу жұмыстары іске асырылуда. Облыс көлемінде түрлі шаралар, оның ішінде кездесулер, спорттық шаралар, сайыстар, барлығы 216 шара өткізілді. Атқарылған іс-шаралардың 128 – үкіметтік емес ұйымдармен, 184 – мектеп инспекторларымен, ал 494 – жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында ұйымдастырылды. Жалпы ұйымдастырылған барлық іс-шараларға 8мыңға жуық адам қатысты.

Айте кетерлігі, есірткі сату және тағыда басқа есірткі заттарына байланысты жасалып жатқан қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жайлы хабарламаларды қабылдау үшін Қызылорда облысының полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында 27-55-42 «Сенім телефоны» қолданысқа енгізілген.

Қызылорда облысының полиция департаменті ескертеді: құрамында есірткі заттары бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік, сонымен қатар есірткі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне енгізілген өсімдіктерді жоюға шаралар қолданбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері заңсыз егістер мен өсетін жерлер, құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктер анықталған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажеттігін ескертеді.

Тағы да оқыңыз: