Батыс Қазақстан облысында облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолын еріген қар суы шайып кетті.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәліметінше, оқиға 9 ақпан күні сағат 16.30 шамасында Жаңақала ауданы Мәстексай ауылынан 2 шақырым жерде болды.
«Қардың күрт еруі салдарынан су жолдың үстіне шығып кеткен (шаю ені – 55 метр, тереңдігі – 25 см). Көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Автокөлік жүретін жайдақ жол бар. Елді мекендерге қауіп жоқ. Жергілікті әкімдік, полиция, ТЖ бөлімі кезекшілік ұйымдастырды. «Юнисерв» ЖШС күшімен жолды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Оқиға бақылауда», деп хабарлады ведомстводан.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, аптаның соңына қарай елдің басым бөлігіне аяз келіп, жауын-шашын тоқтайды. Скандинавиялық циклон бірте-бірте елден тыс шығады, бірақ Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынды ауа-райы, боранмен екпінді жел және көктайғақ құбылыстары сақталады.
Содан кейін атмосфералық қысымның жоғарылауымен жауын-шашынның қысқа мерзімді тоқтатылуы болады. Температура фоны елдің солтүстік жартысында түнде 20-28 аязға, күндіз 15-20 аязға дейін айтарлықтай төмендейді.
Орал қаласында синоптиктер бұлтты ауа-райын болжайды. Күндіз ауа температурасы -10 ..-12 градус болады, түнде -16 ..-18 градусқа дейін салқындайды. Жел секундына 5 метрге дейін жетеді.