Kyzylorda-news.kz Шиелінің алаңында ала доп бәсекесінің тағы бір тартысты кезеңі өтті. Бұл жолғы қарсылас Алматылық «АКАС» командасы. Өткен ойында шеберлік таныта білген шиелілік футболшылар бұл жолы жемісті ойын көрсете алды ма?
Әмбеге аян, «Қайсар-Шиелі» футбол клубы құрылғанына аз уақыт болса да, көрермен көзайымына айналып үлгерді. Жергілікті команданы белгілі жаттықтырушы Қанат Шерімбетов және оның көмекшісі, тәжірибелі бапкер Бекежан Жаңатаев дайындайды. Еселі еңбек пен үздіксіз жаттығудың арқасында облыстық, республикалық турнирлерде бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Биыл тұңғыш рет Қазақстан Республикасы чемпионатының екінші лигасына қатысып, турнир кестесі бойынша алғашқы ойынын Шымкент қаласының тәжірибесі мол «Оңтүстік академия» клубын 9 сәуір күні өз алаңында қабылдап, тең нәтиже көрсеткен болатын. Аудандар арасында тұңғыш рет құрылған команданың Қазақстан чемпионатында ойын көрсетуі тарихи сәт екені баршаға мағлұм. Ал, аталған ойынның Шиелі ауданында өтуінің өзі футбол жанкүйерлері үшін өте қолайлы, қуанышты жаңалық болғаны айтпасада түсінікті.
Осыған дейін тартысты ойын өрнегін көрсеткен жергілікті команда 3 кездесу өткізіп, 2 тең нәтиже мен 1 жеңісті ойынның көрсеткіші бойынша 5 ұпай жинап, үздік үштікке енген болатын. Жуырда Шиелідегі Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан спорт клубының ашық алаңында көпшілік асыға күткен «Қайсар-Шиелі» мен алматылық «АКАС» командасы арасында футболдан QFL екінші лигасының 4 туры өтті. Тартысқа толы ойынды тамашалауға келген жанкүйерлердің қарасы қалың. Бірі – қолына жалау ұстаса, енді бірі – барабан соғып, әндетіп, жергілікті спортшыларға ойын соңына дейін тапжылмай қолдау көрсетті.
Теңбіл доп тартытысын тамашалауға арнайы Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов, облыстық «Қайсар» футбол клубының директоры Садық Мұстафаев, Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Кездесуде 2 команда да тартысқа толы, қызықты ойын өрнегін көрсете білді. Алаң иелері сапынан алғашқы голды Мақсат Жетпісбай соқса, ойынның соңғы минуттарында Данияр Назардың тепкен добы қақпаның қақ ортасынан кіріп, тақымын қысып, осы бір соққыны күтіп отырған жанкүйерлер тарапынан қошеметке ие болды. Екінші кезеңде алматылық команданың ойыншылары да өз шеберліктерімен ұпай санын теңестіріп, жарыс соңында басып озды. Шынайы эмоция, аладоп шеберлерін жігерлендірер жалынды сөздер, жергілікті команданың жігерін қайрай түсті.
Дегенмен, екі кезеңнен тұратын жарыс қорытындысы бойынша «Қайсар-Шиелі» командасы 4:2 есебімен қарсыласқа жол берді. Алматыдан келген тәжірибелі командамен иық тіресіп, тартысты ойынға куә болған жанкүйелер:
– Кезекті кездесу матчы өте жоғары деңгейде болды. Алдағы уақытта бұдан да керемет нәтижеге қол жеткізіп, жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Әр кездесу сайын командамыз жаңа қырынан көрініп, жаңаша стратегиямен шығуда. Бұл – даму көрсеткіші қарқынды жүріп жатыр деген сөз, – дейді.
Иә, расыменде команданының жеңіске деген ұмтылысы, алаңда бірін-бірі түсініп ойын көрсетуінің артында төгілген маңдай тер мен еңбектің жатқаны анық. Ойыншылар жаста болса алаңда өздерін еркін сезініп, қайсарлық танытуы, жеңісті күндердің алда екенін көрсеткендей. Келесі ойында жергілікті команданың бағы мен бабы қатар шауып, озық нәтиже көрсетеді деген үміт пен сенім жоқ емес.
