Kyzylorda-news.kz Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы дегендей, өзінен бұрын өзгенің асығын түгендеуге әзір Шиелі аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекішов үнемі үлкендерді алдыға салып, жақсы қасиеттерін дәріптеуден бір жалыққан емес. Ірілерді ұмытпау – тірілерге парыз ақиқаттан айнымау ол да бір кісіліктің нышаны болса керек. Ал өзін соңғы 30 жыл шамасында танып білемін десем болады. Бүгін де – сол баяғы Қаблеш қалпы. Асықпай жүріп, анық басатын ежелден қалыптасқан дағдысынан жаңылмайды. Қашаннан қапысыз сөз ұстап, өгіз аяңмен жүріп-ақ, өрге басып төрге озатын қадамы нық. Ашып айта бермейтін мақсат-мұратына өзгенің жолын кесіп ешкімнің алдына түспей-ақ, мол пішілген дене бітіміне сай кең пейілімен, жөніне қисаяр қисын түйсігі менжолынан жаңылмас сүрлеу-соқпағы ізімен 70 дейтін кемел жасына иек артыпты. Елдің үлкен-кішісіне силы,алқалы топтың алдында қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп жиғанлайықты абырой беделімен келіпті.

Бүгіндері Қабекең ескі дағдысымен қызметіне баратындай күнделікті ертеңгісін мұнтаздай киініп орталыққа, жұмыс орнына жеткенше асығады. Солай болатын жөні де бар.Бірер жыл үйде отырып та көрді. Өмір бақи іс басында болған адамның, қасқырдың орманға қарап ұлитынындай күй кешкен жағдайын жасырып не керек? Зейнетке шыққан соң, біраз уақытқа дейін ширығып жүргенінен біздің де хабарымыз бар. Отбасы, құда-жекжат, дос-жарандардың ортасы Қабекеңнің қалыбына тарлық қылады екен. Бірер жыл тыңнан жер алып жаңа қоныстанған үйі айналасын көгертуге көп күш жұмсады. Сонау темір жол төселгелі бері, жүз жыл ширегімен түрен тимеген жердегі қолдың саласындай ұйысқан ажырықтан аршып,күректің ұшы, тарманың тісімен тырналап жүріп екі-үш жыл қатарынан тазартып үстеп құнарландырылған жабайы жер бүгіндері бау-бақшаға айналған. Қашанғы жер тырмаласын? Бір мезгіл орталыққа шығыпүйреншікті дағдысы қоғамдық жұмыстарға араласу арқылы, өркениетке бет бұрған өзі туып өскен өңірдің тыныс-тіршілігіне дем беріп үлес қосуға бел буды. Оған білімі де, түрлі саладағы, негізінен ұйымдастырушылық-басшылық қызметтерде болған тәжірибесінің десептігін тигізетініне сенімді еді. Солай болды да.

Қабекең 1954 жылдың 14 маусымында Шиелі кентінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. М.В.Ломоносов (№47) атындағы орта мектепті 1971 жылы бітірген соң, 1 жыл еңбек жолын қарапайым жұмыскер болудан бастаған ол 1977 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдаған. Тау-кен саласында инженерлік қызметтердің реті келмегенге ұқсайды, есесіне Жамбыл қаласы зауытындағы бір жылғы жолдама бойынша атқарған қызметінен кейін, сәтімен Шиелі аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып сайланыпты. Жас кадр үшін үлкен қызмет болып саналатын осы жастар ұйымынан кейінгі Қабекеңнің барлық саналы ғұмыры осы аудан өмірімен тығыз байланыста өрбіген. Тегінде, аудандық жастар ұйымы – комсомол қашаннан да болашақ кадрлар резерві болған, ынталы жастың өмір сынақтарын өткеретін өрісті орын болғанын жақсы білеміз. Қабілет қарымы сай келсе керек, 5 жыл бойғы ұйымдастыру жұмыстарында көзге түскен жас кадр, әуелі халықтық бақылау комитетінде инспектор, одан соң аудандық партия комитетінің нұсқаушылығына жоғарылайды. Ол кездегі кадрлық іріктеулер тәртібі осындай бірнеше сынақ-сатылардан тұратын. Мейлінше, мұндай жүйе осы заман үшін де артық болмайтынына күмәнім жоқ, пайдасы болмаса зияны болмайтыны анық. Ал басшылық жұмыстағы еңбек жолының 1989 жылы, республикаға кеңінен танылған үлкен шаруашылық, көп ұлтты «Авангард» совхозының партия комитетінің хатшылығынан басталғаны да, болашағы бар кадрге деген үлкен сенім жүгі артылғаны сөзсіз. Көп ұзамай жүйе өзгерді. Ел тағдыры сынға түскен заман туғанда, азамат тағдыры не тәйірі? Ел тәуелсіздігі бәрінен де қымбат, баға жетпес құндылық! Соңы қайырлы болған жаңа заманға бейімделіп жаңа талапқа сай өзгеруге, икемделуге тура келді. Көп азаматтардың келешегін бұлдыр етіп, жүгенін сыпырған тұл аттай жылы орындарын суытқан жағдайлар орын алып жатты. Соның бірі өзім деуге де болар. Сол кездегі облысымыздағы бірден-бір өндіріс орны Шалқия кенішінің партия ұйымының хатшысы, кен басқармасы директорының орынбасары қызметінен кейін, бәрін де жаңадан қайта бастауға тура келген жағдай көп азаматтарға ортақ. Қабекең де Шиелі аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты жаңа құрылым Жұмыспен қамту орталығының директорлығына дейін ішінара мемлекеттік және басқа да түрлі салада тер төгіпті. Мен бөлім бастығы, ол осы Орталық директоры қызметінде бірлесіп қоян-қолтық жұмыс атқардық. Оның екі тілге бірдей сауатты да іскер кадр ретінде таныдық, Жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі арқасында жаңа бағдарламаны тез игеріп,жұмысымыз жүйеге түсті. Көп ұзамай-ақ Шиелі ауданында министірдің орынбасары өзі ұйымдастырған облыстық семинар кеңестің өтуі осы нәтижелі жұмыстардың дәлелі деуге болады. Қабекеңнің кісілік келбеті мен азаматтық бейнесін де осы жылдары айқын танығандаймын. Облыс бойынша барлық Орталықтар директорларының көшбасшы ағасы бола білген оны басқарма басшыларынан бастап барлық қызметкерлер сыйлап тұратын. Жоқ жерден, әйтеуір бір сылтау-себебін тауып, ұйымдастыра салатын көңілді отырыстардың хас шебері. Комсомолдан қалыптасқан осы дағды оны басқалардан ерекшелеп тұратын тағы бір жақсы қыры. Соңғы жейдесін шешіп беруге әзір достыққа адал азаматтық ұстанымы, кімге де болса үлгі боларлық және бір қасиеті. Мұндай адам қайтіп үйінде тыныш жата қойсын? Айнала дүбір. Соңғы жылдарғы жаппай жұмылған тазалық жұмыстарынан басталған ырғын жұмыстардан қалай тыс қалсын? Жатпайды әрине. Кешкісін бір мезгіл таза ауаға шығып үй жанындағы жаңадан ашылған скверде жайлы орынтаққа отырып бір сәт ойға шомады. Аз ғана уақыт бұрынғы жыңғылы мен шеңгелі жалбыраған ой-шұқырлы жабайы жер айнадай тегіс тас төсендімен жабылған. Аққудың мойнындай иілген өрнекті аспалы шамдар сәнімен сап түзепті. Айнала самаладай жарық. Өзгеше талғаммен орнатылған шатырлы орындықтарғажас келіндер жайғасқан сыңайлы. Осы беттегі бар бала да осында ма дерсің. У да шу, асыр салған баланың бірі роликпен, бірі белсебетпен зырғып, оншақтысы сырғанақпен құлдилап, тағы бірнешеуі әткеншекпен ырғатылады. Мәз-мәйрам, құлындай шұрқыраған риясыз күміс күлкіге көмілесің, көңіл көтеріледі. Жағалай егілген көк желек. Оюлы шарбақпен қоршалған өскіндер желкілдеп бүршік атыпты. Енді бір аз жылда ырғатылып желек жаяры сөзсіз. Аз уақытта атқарылған ауқымды жұмыстар! Осының бәрін өзі істегендей көңіл шіркін марқайып кеудені қуаныш кернейді. Өйтпегенде ше? Тікелей болмаса да жанама қатысының бары анық. Осы жұмыстардың жоспарлануынан бастап қаржыландырылуына дейінгі тізбектенхабардар болу қоғамдық негізде атқарып жүрген жұмысының бір парасы. Солай болып та жүр. Шиелі аудандық ардагерлер ұйымының пленум мүшесі, «Аманат» партиясы облыстық Саяси кеңесі құрамының мүшесі, Шиелі аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы. 50 жыл еңбек етіп, ауданның өсіп өркендеуімен біте қайнасқан адамның, кент орталығының, заманауи келбетіне сүйсініп осылайша ой кешетініне еш күмән келтірмеңіз. Зейнет жасындағылардың қатарда жүріп, қоғамдық жұмыстарға, пайдалы елдік мәселеге араласудан екінші тынысы ашылғандай моральдық байыз тауып, рухани қанағат алатынын өзіміз қатарлы азаматтар әбден түсінеді. Дауысы отбасынан арыға жетпейтін сөзден дәм, өзінен сән кеткен кертартпа шал болғаннан, білгенін айтаркөкірегі ояу, көзі қарақты сөз ұстаған қария болғанға не жетсін? Алдыңғы толқын ағалар салған ізбен келе жатқан Қабекеңнің,ауданның басқа да абыройлы азаматтары қатарында, қабырғалы елдің қариясы атануға мүмкіндік жасар қоғамдық негіздегі беделді қызметтің басында отыр. Шиелі халқы оны елдің ырысты ынтымағы мен бірлігін сақтауға өз хәл-қадірінше үлес қосып жүрген азамат деп таниды. Сенім артып отыр. Сенім үдесінен шығу азаматтың атына сын ардың ісі! Бұған өзі не айтар екен? Бірер сауалдар қойып әңгімеге тарттым.

– Қабеке, ауданның даму тарихына өзіндік үлес қосқан жарты ғасырға жуық еңбек етіп, жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жас кадрдан ауданның Қоғамдық кеңесінің төрағалығына дейінгі өмір жолыңызда көргендеріңіз мен көңілге түйгендеріңіздің аз емесі анық. Сіз бен біздің буын өкілдеріне ел тәуелсіздігіне дейін де ескі социалистік қоғамның қазанында қайнап, жаңа қоғамның ірге тасын қалау бақыты бұйырыпты. Жаңа нарық қатынасы жағдайына әлі төселе қоймаған сол кездері қылшылдаған 40 жастың ол жақ бұл жағындағылар халық шаруашылығының барлық салаларында аянбай еңбек етіп, өтпелі кездің экономикалық, тұрмыстық қиындықтарын еңсеруге атсалысты. Солардың бірі – өзіңіз. Бірталай белестен өтіп, зейнетке шыққаннан соң да ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, өңіріміздің тұрақты даму үрдісін сақтауға сүбелі үлесіңізді қосып келесіз. Тарихқа айналған аудан өмірінен өзіңіз куә болған, бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс маңызды деген айтулы оқиғаларымен бөліссеңіз? Және сол оқиғалардың бел ортасында,көш басындаболған азаматтар жайлы не айтар едіңіз?

– Дұрыс айтасыз. Қарапайым, көпбалалы отбасынан шыққан мен жастайымнан еңбекке бейім болып өстім. Іні-қарындастарым жас, үй шаруасы мен азын аулақ малға қарау жұмыстары сабақтан кейінгі көп уақытымды алып, өзім аса қызығып соңына түскен футбол ойынына, жарыстарға қатысуға зордан уақыт табатынмын. Мектепті жақсы бағаға бітірген мен сол жылы оқуға бара алмай 1 жыл жұмысшы болып қара жұмысқа жегіліп, еңбектің не екенін көзбен көріп, бейнетпен тапқан нанның дәмін татып өстім. Бір тиынын да жаратпай ең алғашқы айлығымды шешемнің қолына ұстатқаным әлі есімде. Өз қолыма 3 сомдық көкала қағазды ұстатып тұрып шешем: «Балам, қара жұмыс ешқайда қашпайды, артыңдағы іні-қарындастарыңа сүйеу боларлық мамандық алатын оқу оқы!» деген тілегі алға ұмтылуыма себепші болды. Бос уақытымда өз бетімше дайындалып жүріп келер жылы сәтімен жоғарғы оқу орнына түсіп, оны ойдағыдай аяқтаған соң тағы да жұмысқа араласып қомақты табыс та таптым. Әрі қарайғы жұмысымды өзіме үлкен өмірлік сабақ болған аудандық комсомолдан бастадым. Содан бері күні бүгінге дейін өзімнің туған ауданымның саяси өміріне, оның өсіп-өркендеуіне өзімнің білім-білігім деңгейінде шама-шарқымша үлес қосып келемін. 

Өткенге ойша оралу жүрекке жылы сағыныш сыйлайды екен. Ол бірқызық та, қиын да кезеңдер еді. Ізденіп, талпынып еңбек ету арқылы өстік. Тәжірибе жинақтадық, білгенімізді үйретіп, білмегенімізді үйрендік. Оған бізді үйреткен, әрқашан да қамқоршымыз болған, бізді жауапты жұмыстарға дайындаған аға буын ағаларымыз еді.Мәлібек Санаубаев, Сайлаубай Әбішев, әсіресе ауданға жаңадан басшы болып келген мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов ағамыз бастаған Бибіжан Жәукебаева, Рахым Мәуяев, Сейілбек Аманжолов, Қалдыбай Сүгірбаев, Кенжебай Меңлібаев ағаларымыздан үлгі, өнеге алдық. Сұрағыңызға орай, 1983 жылдан басталған 1988 жылдар аралығын ауданның нағыз өрлеу кезеңі болды деп айтар едім. Дәл қазіргі масштабта болмағанмен, бүгінгі қарқынды жұмыстар мен тың бастамалар сол кезге де тән болғаны шындық. Көптеген жаңа құрылыстар, тұрғын үйлер салынып, жолдар жөнделді, ауыл шаруашылығы дамыды. Ауыл елдің кескін келбетіне мән берілді, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, мекемелер алдына гүл егу, елді мекен айналасына жағалай тал отырғызу үрдісі енгізілді.Алма бағын отырғызу әр шаруашылыққа міндеттеліп арнайы бағдарлама да қабылданып жоспарлы жұмыстар жүрді. Кейіннен қараусыз қалған жасыл белдеудің жұрнағы әліге дейін сақталған, көрген сайын жүрегің шым етіп, негізінен халықтық асар әдісімен жүргізілген сол кездегі жұмыстарды атқарған еңбек адамдарының патриоттығына қайран қаламын.

С.Шаухамановтың көрегендігі – аппараттың әрбір қызметкері нұсқаушыларға екі-үштен кітап беріп мазмұнын сұрайтынын айтып тапсырма беретін. 1-ші хатшының тапсырмасын орындамай көр! Ойда жоқта сұрақ қойып қадағалайтынын білетін біздер жұмыстан соң жаппай кітап оқимыз. Кейбір қулар өздері оқымаған кітаптың мазмұнын сұрап әлек-шілегі шығатын. Сол арқылы рухани санамыз өсіп, біз ой-өрісімізді кеңейтіп, қоғамға деген көзқарасымызды қалыптастырып, мәдениетімізді көтеріп, іскерлігімізді дамыттық.

34 жасымда «Авангард» совхозының партия комитетінің хатшылығы қызметіне сайландым. Ол жерде де білікті басшылар Н.Айдаров, Хан Виктор, Хван Константин Васльевичтермен қызметтес болып, тәжірибе жинақтадым. Міне осындай өмір өткелдерімен осы уақытқа дейін өңір халқының көз алдында ауданның қоғамдық өмірімен белсене араласып келемін. Бағасын беру әрине көпшілік жұрттың құзырында, қалай болғанда да, түрлі қызметтер атқара жүріп жүрегімнің де қолымның да таза болғаны өзіме де өзгеге деаян. Біздер осылай тәрбиелендік.

– Атқарып отырған қоғамдық қызметіңізге сай ауданның қоғамдық-саяси ахуалының тұрақты болуына бірден-бір мүдделі азаматтың бірісіз. Бізде өкінішке қарай, бәріне аудан әкімі жауаптыдеген қасаң түсінік қалыптасқан. Өмірдің көлеңкелі тұстарында қоғамдық ұйымдардың ролі көріне бермейді, дауысы да естіле бермейтін сияқты...

– Сұрағыңыздың төркінін әбден түсініп отырмын. Аудан жылдан жылға өсіп, көрер көзге жедел қарқынмен көркейіп келеді. Тәуелсіздік жылдарғы аудан тарихында алғаш рет көп қабатты үйлер салынып, көшелер заманауи техникалармен стандарттарға сай жоғарғы сапамен қайта салынуда. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарындажаңаша кескін келбеті жан-жақты ойластырылған жаңашылдық байқалады. Қысқа мерзімде кенттің архитектуралық келбетіне мүлде жаңаша рең берген ажары үйлесім тапқан көріністерге көз үйрене бастады. Тіпті көше жарығына дейін қайта орнатылып өркениетті елдердегідей әсемдігімен көз жауын алады. Білім беру, денсаулық, мәдениет саласы жаңа ғимараттармен толығуда. Жылдан жылға аудан бюджеті тұрақты түрде өсім алып келеді. Әрине осының барлығы да ауданның өсу динамикасы сақталған қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығының бірден-бір көрсеткіші. Жалпақ тілмен айтқанда бәле – аяқ астынан. Әрине ел болған соң, бәрін де алдын ала болжап білудің мүмкіндігі барынша шектеулі. Үлкен еңбекпен, нәтижелі жұмыстармен келген ауданның абыройына орасан зор нұқсан келтіргенжағдайдың орын алғаны өкінішті-ақ... Сіздің сұрағыңыздың осы оқиғаны меңзеп, түп-төркіні оқыс оқиға орын алған Қодаманов ауылындағы қоғамдық ұйымдар «не қарап отыр?» дегенге саятынын түсініп отырмын.

– Иә, дәл үстінен түстіңіз. Негізінен бәрі ағайын болып келетін алақандай ауылда әр үйдің отбасылық жағдайы мен тыныс-тіршілігі, жақсы-жаманға бейім әдеп-әрекеті көрініп тұратын жағдайда, балалардың бос уақыттағы жүріс-тұрысы көзден таса болмақ емес, тек нем кетті немқұрайлық белең алғанға ұқсайды.Мұғалімі – ата-анаға, әке-шешесі – мұғалімге сілтейтін сырғытпа сылтаулардың соңы осындай орны толмас жағдайға әкелгенін мойындау керек. Тентегі мен телісіне сес көрсетіп «Тәйт!!!» деуге дәрменсіз, мектептер мен аурухана т.б мемлекеттік мекемелермен жанды байланысы жоқ,әрбір ауылдағы ардагерлер топтасқан қоғамдық ұйымдарда қандай бедел болмақ? Ардагерлер ұйымдары мен қоғамдық қауымдастардың жұмысын қайта қарап неге жүйелемеске? 

– Дұрыс айтасыз. Ел болған соң тұнығыңды лайлап, келелі істерге кесірін тигізетін келеңсіз жағдайлар да орын алып отырады, әрине. Бұған мынау кінәлі деп жіпке тізіп атын айтып, түсін түстеу қиын-ақ. Бір сөзбен бәріміздің де ортақ кемшілігіміз деуге болар. Дегенмен, әрбір ата-ана, ұстаздардың бала тәрбиесі мәселесіндегі өзіңіз айтқандай немқұрайлығы, жүйелі жұмыс, қоғамдық бақылаудың жоқтығы, педагогикалық талаптар деңгейінде тиісті жұмыстардың өз дәрежесінде жүргізілмеуі, психолог, әлеуметтік педагогтердің біліксіздігі, тәжірибесінің жоқтығы, жергілікті полиция, ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланысы болмауы осы жағдайға әкеліп отыр. Қайғылы оқиғаға себепкер екеудің біреуі мектеп директоры орынбасарының баласы. Сонда не болғаны? Өзінің 2-3 баласына егелік ете алмайтын ұстаз жүздеген балаға қалайша тәлім-тәрбие бермек? Тиісті жазасын арқалаған директор мен ауыл әкімін айтпай-ақ қояйын. Егер олар, кездейсоқ оқиғаның құрбанымыз деп,өздерін кінәсіз санайтын болса,оңбай қателеседі. Қызметінен босату – олар үшін тәртіптік жазаның ауыр түрі емес, одан да ауыры – ар жазасы болатынын естен шықпасын деңіз! Сондықтан да, осыдан сабақ алып, тайлы-таяғымызбен жұмылып, бүкіл қоғам болып күресуіміз керек деп ойлаймын.

– Иә, қатты да болса қапысыз айттыңыз-ау деймін. «Тәрбие – тал бесіктен» дейтін бабалар сөзі қай заманда да маңызын жойған емес. Мектептердегі әйел мұғалімдердің үлес салмағының тым басым болуы да, сесі мен сұсы болатын ер мұғалімдердің өте аздығы мен әр үйдегі әкелердің бала тәрбиесінен тыс қалатыны да теріс әсерін беретіні анық. Оның үстіне бүгінгі әйелдердің көпшілігі біздің шешелерімізге ұқсап «әкеңе айтам...», «әкең сазайыңды береді...» дейтін қарапайым сөздермен әкебеделін көтеріп отырмайтыны тағы да белгілі жайт. Қоғамда гендер мен тендер төңірегінен шығатын шикілік өршіп бара жатпаса неғылсын? Ендеше, бала тәрбиесіне бірінші кезекте жауапты болуға тиісті ата-ананың қоғам алдындағы парыз қарызын түсіндірудің, қажет болса ардагерлердің бастамасымен бүкіл ел болып талап етудің де ықпалды әсері болатынын айтып, бұл сұрақты жабайық...

– Әрбір ата-ана өзінің отбасында, ұстаз – мектепте бүкіл қоғам болып балалардың жүріс тұрысына мұқият көңіл бөліп, үнемі ақыл кеңесін айтып отыруға міндетті деп есептеймін. Әлгінде өзіміз осы оқиғаны талдап әңгіме еткендегідей, атам қазақтың адам тәрбиесіндегі үш-ақ ауыз «жаман болады, ұят болады, обал болады» дейтін даналық сөзін әрбір баланың санасына сіңіруге баршамыз болып атсалысуымыз керек.

– Қабеке, Шиелі аудандық кеңестің төрағасы ретінде атқарып отырған жұмыстарыңыз жайлы бірер ауыз сөзбен тоқтала кетсеңіз? 

– Қоғамдық кеңестің негізгі міндеті – ол азаматтардың қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша пікір білдіру. Халықтың талап тілегі, ой пікірлерімен санасу. Бюджеттік бағдарламалардың, стратегиялық жоспарлардыңнемесе аумақтарды дамыту, тіпті мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын талқылау – Қоғамдық кеңестің құзіретіне кіреді.

Қоғамдық кеңес осы бағыттағы жұмыстарын бекітілген жұмыс жоспары бойынша өз отырыстарында талқылап үйлестіріп отыр. Биылдың өзінде әртүрлі сала мен бағыттар бойынша 6 кеңес отырысы өткізілді. Онда бюджет мәселесі, оның орындалуы, әлеуметтік және мемлекеттік қызмет мәселелері, санитарлық тазалық, көркейту көгалдандыру, кәмелеттік жасқа толмағандармен болған құқық бұзушылық т.б. мәселелер талқыланды.Қорытындысы бойынша қажетіне қарай тиісті ұсыныстар енгізіліп, айтылған сын-ескертпелер, ұсыныстардың орындалуы бақылауға алынып жүзеге асуда. Темір жол өткелдерін тәртіптеу, Ш.Бакиров көшесі бойын абаттандыру, №46 мектепке күре жолын бір бағытта жүргізу, кенттің архитектуралық келбеті жөніндегі т.б ұсыныстарымыз орындалды. Атқарылған жұмыстар жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында өткен жылы 4 рет, биыл 5 рет материалдар жарияланды.

– Хабарыңызда бар, өткен жылғы құрылтайда сөз болған «Адал адам» концепсиясы қоғамда өмірге дендеп еніп, идеологиялық сипат ала бастады. Сан ғасырлық салт-дәстүрлеріміз түріндегі ұлттық құндылықтар негізіндеғылым мен білімді дамытып, тағылымы терең әдебиеті, тамырлы мәдениеті мен өміршең өнері дәріптелетін жаңа қоғамдық сана мен этика қалыптастыру,яғни сапалы білім нәрін бойына сіңірген саналы ұрпақ тәрбиесі дегенге саятын идея жөнінде не айтасыз?

– Әрине, хабарым бар және осы идеялардың барынша өміршең болып өмірге енуіне шама келгенше атсалысатын боламыз. Онда ел бірлігі және тұрақтылығы, әділдік, заң және тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құратын жалпыға бірдей қоғамдық түсінік салтанат құруы көзделген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ең алғашқы ұсынған «Әділетті Қазақстан» концепсиясының заңды жалғасы деп түсінеміз. Аға буын өкілдері болып саналатын біздер, Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын ертең емес, бүгін көруге мүдделіміз. Етек жеңімізді кеңге салатындай кеңістігіміз қусырылған уақтымыздың тар екенін, өзің де түсінетін боларсың. Қоғам дамыған сайын өзгеріске түсуде және халықтың ой-өрісі мен пікірі де, қоғамға көзқарасы да өзгерді. Осы кезде көптің ертеңге деген сеніміне селкеу түсірмей, ел болашағының жарқын да жарық болатынына үндеу, ауданның ынтымағы мен бірлігіне жұмыла жұмыс жасау басты міндетіміз болып қала бермек.

– Өмірдің толқынды-толқымалы айдынында малтықпай жүзіп, туа бітті тұмса мінез қалыбыңызды сақтаған аяңмен  70 дейтін кемел жасыңыздың желкенін керіпсіз. Ләйім көкжиегіңіз кең, жағалау тұрағыңыз алыс болғай! Естуімізше, ардагерлер ұйымы ауданның «Құрметті азаматы» атағына ұсыныпты, біз де мұны құп көрдік, құттықтаймын!

– Иә, мен де бұйырған дәм-тұздан тата жүріп біраз жерге жетіп қалғандаймын. Қазағым айтатын «Ішіп-жегенің адал болсын» дегендей, қол тазалығы мен ар тазалығына сақ болған ұстаныммен өмір кешкен жайымыз бар. 70 жас аз да емес, көп деуге де келмес. Нағыз отбасың мен ортаңа көрген-білгеніңнен түйген ойыңды айтып, әлі де болса жинаған тәжірибеңмен бөлісіп қоғамға пайда келтіретін шама. Көпшілік жұрт таниды, құрметтейді. Бұдан артық бақыт бар ма? Алдыңғы толқын ағалар салған ізбен жүріп, таза жолдан тайып, тегіс жерден сүрінген жеріміз болмапты. Өткеннің өнегесін, бүгінгі күннің жетістіктеріне жалғастырып өзімізден кейінге үлгі етіп қалдыра білгенге не жетсін?! Өзге мақсат-мұратым жоқ. Барлығыңызға да соны тілеймін.

– Көп рахмет. Зор денсаулық тілейміз. Кіршіксіз кісілік келбетіңізбен үлкен бола білудің үлгісін көрсетер абыройда болыңыз!

 

Әңгімелескен 

Исабек Сәрсенбайұлы

Тағы да оқыңыз: