Kyzylorda-news.kz Fingramota.kz сіздердің назарларыңызға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кері байланыс арналары арқылы -"𝑭𝒊𝒏𝒈𝒓𝒂𝒎𝒐𝒕𝒂 𝑶𝒏𝒍𝒊𝒏𝒆" мобильдік қосымшасы және Call-орталықтың 1459 нөмірі бойынша келіп түскен азаматтардың өзекті сауалдарына жауаптар ұсынады.
Агенттікте халықтың қаржы реттеушісімен жедел өзара іс-қимылын және кері байланысын нығайту мақсатында "𝑭𝒊𝒏𝒈𝒓𝒂𝒎𝒐𝒕𝒂 𝑶𝒏𝒍𝒊𝒏𝒆" мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Аталған қосымшада 14 тақырыптық бөлім ұсынылған, онда реттеушіге қаржы өнімдері мен көрсетілетін қызметтер, алаяқтық жағдайларында қаржы ұйымдарымен, МҚҰ, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-әрекеттесу жөнінде сұрақтар қоюға болады. Қосымша іске қосылған сәттен бастап "𝑭𝒊𝒏𝒈𝒓𝒂𝒎𝒐𝒕𝒂 𝑶𝒏𝒍𝒊𝒏𝒆" арқылы пайдаланушылардан 10 мыңнан аса сұрақ қабылданып, өңделді.
Қаржы реттеушісінің қызметі жөнінде ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру үшін Агенттікте call-орталық жұмыс істейді, ол арқылы бүгінде 52,1 мыңнан астам қоңырау түсті. Азаматтар ҚНРДА-ға қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар ретінде олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қаржы нарығына қатысушылармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес алу үшін ғана емес, сондай-ақ бұрын жіберілген өтініштердің мәртебесін нақтылау үшін жүгінеді. Call-орталықтың жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00- ден 14.30-ға дейін.
Сұрақ: Банктің жеке тұлғаға арнайы шотты қолма-қол ақшамен толықтырудан немесе ағымдағы шоттан арнайы шотқа аударудан бас тартуға құқығы бар ма?
Жауап: Қол сұғылмайтын шоттарды (арнайы шоттарды) өз бетінше толтыруға болмайды. Арнайы шоттарға тек мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, кәмелетке толмағандар мен еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырауға арналған алименттер, азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарын төлеу, білім беру жинақтау салымдары ғана есепке жазылуы мүмкін.
Сонымен қатар, арнайы шоттан қаражатты кез-келген картаға аударуға немесе депозитке салуға болады, оны кез-келген банкоматтан алуға болады. Клиенттің ыңғайлылығы үшін кейбір банктер пластикалық картамен бірге арнайы шот ашады.
Сұрақ: Қаржы ұйымдары кредитті мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақы ала ма?
Жауап: «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақыны немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алуға құқығы жоқ. Ерекше жағдай – негізгі борышты бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап 6 айға дейін және бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайлары.
Қарыз алушының банктің қолданыстағы тарифтеріне сәйкес комиссиялық сыйақы төленген жағдайда, қарызды пайдаланудың ең төмен мерзімі үшін банк есептеген және толық алмаған сыйақыны төлей отырып, қарыз бойынша ең аз мерзім кезеңінде қарызды мерзімінен бұрын өтеуге (қайтаруға) құқығы бар. Қарызды пайдаланудың ең аз кезеңі үшін банк есептеген және толық алмаған сыйақыны төлеу жөніндегі талаптар кепілсіз, ипотекалық қарыздарда және банктік қарыз шартында көрсетілген талаптар көрсетіле отырып, тұтынушылық мақсаттарға және авто сатып алуға берілген қарыздарда қамтылады.
Қарызды пайдаланудың ең аз мерзімі деп мерзімінен бұрын өтеуге қойылған «мораторий» түсініледі.
ҚР Азаматтық кодексінің 293-бабына сәйкес, борышкер міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, атап айтқанда, орындау мерзімі өткізген жағдайда, кредиторға төлеуге міндетті заңнамада немесе шартта айқындалған ақшалай сома айыпақы (айыппұл, өсімпұл) деп танылады. Айыпақыны төлеу туралы талап бойынша кредитор оған келтірілген залалды дәлелдеуге міндетті емес.
Қарызды мерзімінен бұрын өтеу кезінде Қарыздар мен микрокредиттер бойынша тұрақты төлемдерді есептеу әдістемесіне сәйкес сыйақыны есептеу қарызды пайдаланған күндердің нақты саны үшін ғана жүргізілуге тиіс.
Сұрақ: Алаяқтарға қандай деректерді айтуға болмайды? Егер белгісіз жөнелтуші жіберген сілтемеге өтсе, не болады? Өзіңізді қорғау үшін қандай кеңестер бере аласыз.
Жауап: Ешкімге өзіңіз және төлем карточкаларыңыз туралы құпия ақпаратты ашық түрде беруге және жариялауға болмайды. Атап айтқанда, қол жетімділігі шектеулі жеке деректер, оған адамның анықтамалық деректері (тегі, аты, әкесінің аты, жылы, туған күні, ұлты), тұрғылықты жері (тіркелген жері), жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), жеке басын куәландыратын құжаттар, дактилоскопиялық ақпарат, яғни адамның саусақтары мен алақандарының папиллярлық үлгілері құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректер және басқалары жатады.
Бұл деректерге қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасымен шектелген. Олар қаржылық алаяқтардың үлкен қызығушылығын тудырады, олар осы мәліметтерді алу үшін небір тәсілдерді ойлап табады. Мысалы, олар фишингтік сілтемелер жасайды, яғни зиянды ресурстың мекенжайын жасыратын гиперсілтемелер. Оны басқаннан кейін сіз алаяқтық сайтқа өтесіз. Егер сіз ұсынылған формаға логин мен парольді, карта нөмірін, пин-кодты, SMS-кодты енгізсеңіз, онда алаяқтар оларды өз мақсаттары үшін пайдаланады немесе фишингтік сайттарда сіздің құрылғыңызға енетін вирус болуы мүмкін.
Қаржылық алаяқтардан деректеріңізді сақтау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:
Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. күдікті сайттарға тіркелмес бұрын, олардың мекенжайын тексеріңіз, ол https:/-ден басталуы керек.
Ешқашан, ешкімге пароль, логин, кодтар мен басқа да жеке деректерді (ЖСН, жеке куәлік нөмірін, төлқұжаттар, төлем картасының деректемелері: картаның артқы жағындағы үш таңбалы кодты (CVV/CVC-код), карта нөмірін, жарамдылық мерзімін және т.б.) бермеңіз.
Интернет-дүкенде сатып алу үшін бұл сайттың шынымен интернет-дүкен ретінде тіркелгеніне көз жеткізіңіз. Мұндай сатып алулар үшін жеке картаны (виртуалды, цифрлық) алған жөн.
Жеке куәлігіңізді ешкімге бермеңіз немесе кепілге қалдырмаңыз; әлеуметтік желілерде құжаттарыңыздың фотосуреттерін жарияламаңыз немесе WhatsApp, Telegram, Viber және басқа мессенджерлер арқылы үшінші тұлғаларға жібермеңіз.
Күмәнді интернет-конкурстар мен лотереяларға қатысу үшін өз деректеріңізді жібермеңіз. Егер сіз, мысалы, ұтыс ойынын өткізетін ұйымның бар екендігіне күмәндансаңыз, оған ресми нөмірі бойынша хабарласыңыз және ақпаратты нақтылаңыз.
Шотты немесе картаны ашқан кезде операциялар туралы SMS- немесе push-хабарламалары қызметін қосыңыз.
Мобильді банктік қосымшада, сондай-ақ пошта мен әлеуметтік желілердегі аккаунттар үшін күрделі құпия сөздерді қолданыңыз. Құпия сөздер әртүрлі болуы керек.
Өз құрылғыларыңыздағы вирусқа қарсы БҚ үнемі жаңартып отырыңыз.
Сұрақ: Телефон нөмірін тіркеу және оны банк картасына байланыстыру кезінде мен банктік мобильдік қосымшаларда тіркелу кезінде сәйкестендіру тексеруінен өту мәселесіне тап болдым. Бейне тексеруден өте алмаймын, бағдарламада бұл операция телефонның алдыңғы камерасынан жасалады, бірақ менің суретім бұлыңғыр. Не істеу керек?
Жауап: Банктердің электрондық банктік қызметтерді көрсетуі банк құпиясын құрайтын клиенттердің ақпаратына рұқсатсыз қол жеткізуден қорғау және үшінші тұлғалар тарапынан алаяқтық әрекеттерден қорғау үшін банктердің ішкі құжаттарында белгіленген қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес жүргізіледі.
Электрондық төлем қызметтері жеке тұлғаларға сәйкестендірудің мына әдістерінің бірін пайдалана отырып ұсынылады: электрондық цифрлық қолтаңба, серпінді сәйкестендіру, биометриялық сәйкестендіру немесе пайдаланушының бірегей сәйкестендіруші мен құпия сөз.
Биометриялық идентификаттау – клиенттің физиологиялық және биологиялық ерекшеліктері негізінде электрондық банктік қызметтерді алу құқығын біржақты растау мақсатында оның жеке басын анықтау рәсімі.
Бейнеконференция сеансынан не қашықтан сәйкестендіру процесінде сұхбат алушының қозғалысын анықтау технологиясының көмегімен алынған клиенттің видеобейнесін банк сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығына (СДАО) береді, ол бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы клиенттің фото кескінімен биометриялық көрсеткіштер бойынша оның сәйкестік дәрежесін айқындайды.
Осылайша, сіздің бейнеңіз дұрыс болмаған жағдайда, қашықтан сәйкестендіру мәселелері туындауы мүмкін.
Электрондық қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес клиенттің идентификаттау құралы арқылы расталған өзінің дербес деректерін жинау, өңдеу, сақтау және беру, оның ішінде қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беру туралы ұсынған келісімінің негізінде банк клиенттегі құрылғыларды және (немесе) банктің өзге де құрылғыларын пайдалана отырып, банкпен бейнеконференция сеансын өткізеді не клиенттің қимылын анықтау технологиясын қолданады. Бейнеконференция сеансының негізгі бөлігі (бар болса бақылау сұрақтарының тізбесі), сондай-ақ клиенттерді қашықтан идентификаттау кезінде банктер көрсететін қызметтердің тізбесі мен көлемін банктер дербес түрде белгілейді.
Банк қызметтерін қашықтан алуға техникалық мүмкіндіктер болмайтын жағдайда, сіз қызметтерді әрдайым банк бөлімшесінен ала аласыз. Еген сізді бір банктік қызметтері қанағаттандырмаса, онда сіздің басқа банкті таңдауға және оның клиент болуға құқығыңыз бар. Заңнамаға сәйкес банктер мен олардың клиенттері арасындағы қатынастар шарттардың негізінде жүзеге асырылады және шарт жасауға мәжбүрлеуге жол берілмейді. Қызмет көрсететін банкті таңдап, онымен шарт жасағаннан кейін сіз қызмет көрсету және электрондық банктік қызметтер көрсету талаптарымен танысқаныңызды және олармен келісетініңізді растайсыз. Сондықтан шартқа қол қоюдан бұрын оның барлық тармақтарын мұқият оқып шығыңыз!
Сұрақ: Ипотекалық қарыздар бойынша сотқа дейінгі реттеудің тәртібін айтып беріңізші.
Жауап: Егер қайта қаржыландыру кезінде клиент банкті дербес түрде таңдайтын болса, онда қайта құрылымдау кезінде қолданыстағы кредиттің талаптарын өзгерту қарыз берген кредит ұйымының ішінде шешіледі.
2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың проблемалық берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Аталған тәртіпке сәйкес кредиттік ұйымдар мерзім кешіктірілген уақыттан бастап 20 күннің ішінде қарыз алушыға мерзімнің кешіктірілгені туралы хабарлауға міндетті. Хабарламада банктер азаматтарға кредит бойынша төлем жасау, төлемнің мөлшерін көрсету және өтемеген жағдайда қарыз алушыда туындайтын салдарларды көрсете отырып, мерзімі өткен берешекті өтеу, қарызды қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгіну қажеттілігі туралы хабарлайды.
Өз кезегінде мерзімді кешіктірген қарыз алушылар мерзім кешіктірілген күннен бастап 30 күннің ішінде қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруге құқылы болады. Өтініште мерзімнің кешіктірілуінің себебін көрсету және ықтимал қайта құрылымдауға қатысты өз нұсқаларыңызды ұсыну, кірістің азайғанын және өз міндеттемелеріңіз бойынша төлем жасау мүмкіндігінің жоқ екенін растайтын құжаттарды тапсыру қажет. Банк қарыз алушының өтінішін міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға тиіс.
Маңызды! Қарыз алушының өзі кредиторға қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі, міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік бермей отырған кірісінің азаю не болмау фактісін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болып табылады.
Жасалған қарыз шартының талаптарына өзгерістерді мақұлдау туралы шешімді кредитордың уәкілетті органы қарыз алушының міндеттемелерін шарттың қолданыстағы талаптарымен орындай алмайтынын растайтын құжаттарды қарау және оның төлем қабілетін бағалау нәтижелері бойынша қабылдайды.
Шарттың талаптарына өзгерістер кредитор осындай шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде енгізіледі.
Егер сіз банкпен немесе МҚҰ-мен келісімге қол жеткізе алмаған жағдайда, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) жүгінуге құқылысыз. Бұл ретте кредиторға жүгінгеніңізді және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбегеніңізді растайтын құжатты ұсыну қажет. Агенттік өтініш негізінде өз өкілеттігі шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін кредитордың іс-әрекеттерін бағалауды ұсынады.
Еске саламыз, қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде өз құқықтарыңызды қорғау үшін, сіз Агенттікке ресми өтінішпен А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша, сондай-ақ Egov.kz электрондық үкімет порталы немесе аумақтық қатыстылық бойынша – Өңірлік өкілдер басқармасы арқылы жазбаша жүгінуіңізге болады.
Сондай-ақ, Агенттікте 2023 жылдан бастап Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді, онда азаматтар ақпараттық-анықтамалық сипатта консультациялар алып, қаржы реттеушісінің қызметіне қатысты мәселелерді жедел түрде шеше алады.