Kyzylorda-news.kz. Қазақ танымындағы киіктің киелі екенін біз талқылап жатпаймыз. Кең далада жүйткіген жануар жайында аңыз да көп, жаратылыс жайлы әңгіме де жетерлік. Тағы бір дерек, киіктің төл мекені қазақ даласы деседі. Расымен солай. Өйткені, бөкеннің 90 пайыздан астамы біздің республика аймағында тіршілік етеді.
Ащы шындық, бір уақытта қыруар киікті құртуға өзіміз үлес қостық. Етінен бөлек, тағы бір дүниесіне құнықтық. Теке біткенді топырлата қырып атып, сан келі мүйізді шетелге арттық. Осындай қуғын көрген жануар сонда да қазақ даласынан безбепті. Әсіресе тоқырау жылдары тым азайса да, үйренген аймақтан алыстамаған. Сарыарқа мен Сыр, Торғай мен Орал маңында, кей-кейде Ресейдің Астрахань жеріне дейін өтіп, кейін қайтып келіп отырған.
Бізге белгілі мәлімет, екі мыңыншы жылдардың басында Қазақстанда 23 мың бас киік қалыпты. Содан соң Үкімет оларды қорғау бойынша шара қабылдады. Дұрысы, киіктерді пайдалануға қатысты мораторий енгізілді. Сол қатаң қорғаумен жойылуға аз қалған аңның саны артқан. 20 жылдан астам уақытта олардың саны 2 млн-ға жуықтады. Өткен жылы шаруалардың егістіктерін таптағанына байланысты киіктерді атуға ресми рұқсат еткен болатын. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына барған сапарында қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді.
Осы ретте өңірде кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды. Акция 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында өтеді.
− Түз жануарының төлдейтін мезгіліне сәйкес келетін табиғат қорғау шарасы бір айға созылады. Оған еліміздің бірнеше облысының табиғат қорғау инспекторлары мен ІІМ және ҰҚК мамандары да қатысады. Мақсат – заңсыз киік аулайтын қылмыстық топтардың жолын кесу. Халық «ақбөкен» деп сүйсіне ат таңған, сайын даланың сұлуы мамыр айының ортасынан бас¬тап жаппай лақтайды. Аналық ешкінің төлдейтін уақыты келгенде те¬келер де бөлектеп шығады. Осы сәтті броконерьлер де күтіп жүретіні белгілі. Өйткені, мүйізден пайда көріп жүрген қаскөйлер мұндайда аталық киікті мейірімсіз қырудан та¬йынған емес, − дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов.
Ақбөкендердің жаппай төлдейтін кезі жақындап қалды. Акция аясында киелі жануарлар санының қаншаға артқаны белгілі болмақ. Айта кету керек, «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК инспекторлары жыл басынан 8 қылмыс, 5 әкімшілік іс анықтады.
Акция шеңберінде құқық қорғау органдарымен бірлесіп Қызылорда – Ақтөбе, Қызылорда – Жезқазған және Қызылорда – Түркістан бағытындағы жолдарда мобильдік топтар жұмыс істейді.
Фото: Сыр бойы