Kyzylorda-news.kz.  Жыл сайын күн жылысымен кенеден зардап шегетіндер саны артып, аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдығатындар қатары көбейеді. Жыл басынан бері 700-ден астам адам кене шағумен медициналық көмекке жүгінген, арасында аса қауіпті дертті жұқтырғандар да бар. Эпидахуалдың күрделі болуына байланысты «Қоғамдық денсаулық сақтау» ұлттық орталығынан арнайы мамандар іссапармен келген болатын. Бүған дейін мәлімдегеніміздей, жұмысшы топ Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандарына барып жағдаймен танысқан болатын. 

Ендігі кезекте Сырдария, Жалағаш және Қызылорда қаласында болып, жауапты мекемелермен кездесті. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының эпидемиолог мамандары мен емдеу мекемелері дәрігерлерінің қатысуымен аса қауіпті аурулардың алдын алу мәселелерін талқылады.

Аса қауіпті инфекциялық аурудың эпидемиологиялық, эпизоотикалық ахуалын баяндап, аурушаңдықтың алдын алу бағытында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысы баяндалды. 

Күннің жылынуымен табиғатта белсенділігі арта түсетін кенелерді зерттеу жұмыстары, оларға қарсы қолайсыз аймақтарда жүргізілетін залалсыздандыру шаралары мен энтомолог мамандармен жүргізілетін барлау жұмыстары мен өзге де алдын алу шаралары сөз болды. 
Ауруларды ерте анықтау, өлім жағдайларын болдырмау бойынша атқарылатын жұмыстар талқыланып, проблемалық мәселелер көтерілді, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Кененің шағуы неге қауіпті?

Жазда жазғы серуендеу, саяхаттау, табиғатта болу кезінде кене шағу қаупі артады. Кене адамға жабысады және анестетикалық затты енгізгендіктен мүлдем ауыртпайды. Аш кене өте кішкентай – көкнәр тұқымының мөлшеріндей ғана болады.
Кене адамның денесінде 12 күнге дейін жабысып тұра алады және осы уақыт ішінде диаметрі 2 см болатын шардың мөлшеріне дейін өседі.

Кейбір жағдайларда кенелер энцефалит, кене сүзегі, кене боррелиозы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты қауіпті аурулардың тасымалдаушысы болып, аллергиялық реакциялар тудыратынын есте ұстаған жөн.

Егер кене шағып алса не істеу керек?

Ең дұрысы дереу дәрігерлерге медициналық көмекке жүгіну керек.

Біріншіден, кенені толығымен өз бетінше алу мүмкін емес. Кененің басы жұлынып, жараның ішінде қалуы мүмкін. 
Екіншіден, ем-шара кезінде кенені ұсақтауға болады. Жәндіктердің уы денеге тері арқылы да енуі мүмкін. Ем-шараны жүргізушіге жұқтыру қаупі бар.

Үшіншіден, егер сіз кенені өзіңіз алып тастасаңыз оның жұқтырғыштығын білу мүмкін болмайды және оны тексеру үшін маманға бару керек.

Егер кене шағып алғаннан кейін дене температурасының жоғарылауы, ауырсыну, қатты бас ауруы байқалса, дереу дәрігермен кеңесу керек. Өзін-өзі емдеу қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.

Жәндіктермен байланыста болудан қалай сақтануға болады? Табиғатқа (жайылымға, егістікке және демалыс орындарына) барған кезде жәндіктердің шағуынан қорғану құралдарын (репелленттерді) өзіңізбен бірге алыңыз.

Қатты, ашық түсті киіммен жақсы киініп, дененің ашық жерлерін (бет, мойын, қол, тобық) мүмкіндігінше азайтуға тырысыңыз, жабық аяқ киім киіңіз.

Тағы да оқыңыз: