maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын дамыту, отандық кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президенттің кәсіпкерлік саласына қатысты көтерген бастамалары елдегі экономикалық реформалардың жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартады. Әсіресе, кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау, салық жүйесіндегі кемшіліктерді түзету, әкімшілік кедергілерді азайту және әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыру жөніндегі ұстанымдары маңызды.

Шын мәнінде, кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың, халықты жұмыспен қамтудың және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі.

Жолдауда Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткіш кәсіпкерлік саласының ел экономикасындағы орны айтарлықтай нығайғанын білдіреді. Дегенмен кәсіпкерліктің дамуын тек сандық көрсеткіштермен бағалау жеткіліксіз. Оның сапалық тұрғыдан өсуі, өндіріс көлемінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуы әлдеқайда маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің шағын бизнес құрылымын әртараптандыру, орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру және технологиялық жаңғырту жөніндегі ұсыныстары ерекше мәнге ие.

Жолдаудағы ең өзекті мәселелердің бірі – салық саясатын жетілдіру. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексінің жекелеген нормалары кәсіпкерлерге қиындық туғызып отырғанын ашық айтты. Президенттің салық заңнамасы өмір шындығынан алшақ болмауы керектігін атап өтуі – кәсіпкерлердің нақты мәселелеріне назар аударудың көрінісі. Бұл ретте Үкіметке бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, салық заңнамасындағы қайшылықтарды жою және кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту тапсырылды. Мұндай ұстанымның маңызы зор. Себебі кәсіпкер үшін ең басты қажеттіліктердің бірі – заң талаптарының айқын, тұрақты әрі түсінікті болуы. Ережелердің жиі өзгеруі, күрделі әкімшілік рәсімдер мен артық талаптар кәсіпкердің дамуға деген ынтасын төмендетуі мүмкін. Ал болжамды әрі әділ салық саясаты бизнестің кеңеюіне, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қолайлы жағдай туғызады.

Президенттің микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қатысты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынуы да назар аударарлық бастама болды. Бұл ұсыныстың түпкі мәні – кәсіпкерлікті негізсіз әкімшілік қысымнан қорғау, бақылау-қадағалау жүйесін жетілдіру және цифрлық реттеу тетіктеріне көшу.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы экономикалық құқықбұзушылықтарға қатысты заңнаманы ізгілендіру қажеттігін көтерді. Кәсіпкердің құқықтық қорғалуы мен заң алдындағы жауапкершілігі арасындағы әділ тепе-теңдікті сақтау экономикалық ортаның тұрақтылығына ықпал етеді. Жолдауда әділ бәсекелестік мәселесінің де арнайы айтылуы орынды. Нарықтағы барлық кәсіпкерге тең мүмкіндік берілмейінше, шынайы экономикалық өсімге қол жеткізу қиын. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, олардың ірі кәсіпорындармен әріптестігін дамыту және отандық өнім өндірушілерді қолдау маңызды. Бүгінгі кәсіпкерге тек қаржылай қолдау ғана емес, өз өнімін өткізу нарығы, заманауи технология, қолжетімді инфрақұрылым және тұрақты құқықтық орта қажет.

Президенттің цифрлық экономиканы дамытуға қатысты бастамалары да кәсіпкерлік саласына тың мүмкіндіктер ашады. Цифрлық сервистерді, электрондық сауда алаңдарын, логистикалық жүйелерді тиімді пайдалану бизнестің ауқымын кеңейтіп, өнімнің тұтынушыға жету жолын жеңілдетеді. Жергілікті кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау – өңірдің экономикалық белсенділігін арттырумен қатар, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге, жастарды жұмыспен қамтуға және шағын елді мекендердің дамуына ықпал ететін маңызды қадам. Дегенмен кәсіпкерлікті қолдау тек мемлекеттің міндеті ретінде қарастырылмауы керек. Кәсіпкерлердің өздері де әлеуметтік жауапкершілік танытып, адал еңбек, сапалы өнім, әділ бәсеке және заң талаптарын сақтау қағидаттарын берік ұстануы қажет.

Отандық кәсіпкерлікті қолдау – жекелеген бизнес өкілдеріне жасалатын жеңілдік емес, елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық міндет.

Жүнісбекова Кенжегүл Шәкенқызы,

Қызылорда «Болашақ» университетінің

аға оқытушысы, ф.ғ.к. 

Сурет: gov.kz

Тағы да оқыңыз: