Kyzylorda-news.kz Қазір  қоғамымызда түрлі маман иелері бар. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен маңызы болады. Өз алдына нақты мақсат қоя білген адам үшін кәсіппен айналысу да оңайға соғары анық. Жалпы, кәсіпкерлік – қандай да бір істі істей білу болып табылады. Ал іс істеу – адамның белсенділігі және іскерлігі. Мемлекет кәсіпкерлер арқасында, ал кәсіпкерлер өз мемлекетінің қолдауы арқасында дамып, әрі қарай гүлденеді.  Осы орайда, кәсіп бастағысы келетін тұрғындар үшін мемлекеттен қалың бұқараға көптеген мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, халықты қолдау аясында “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Еліміздің әр өңірінен өз орындарын ашып, халыққа үздіксіз көмек көрсетіп келеді.

Кәсіпкерлік қабілет – адамдардың ерекше таланттылығы. Бүгінгі күні өзіне тән талантының арқасында Жаңатай Зада Бақтымұратқызы мемлекет қолдауымен өз кәсібін дамытып отыр. «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, өз кәсібін жоғары деңгейде жалғастырып келеді. Жалпы, Зада бұл кәсіпке келмес бұрын биология пәні мұғалімі бойынша жоғары оқу орнын бітіріп, 6 айлық практикамен жұмыс істеген. Кейін өзі түрлі тәттілерді дайындап жүріп, сүйікті ісін әрі қарай дамытуға бел байлаған. Бұл жөнінде Зада:

– Кондитер мамандығы қазіргі уақытта маңызы бар қажетті мамандықтардың бірі. Біздің жұмысымыз арқылы, тұтынушылар вафли, печенье, торт, кекстер, шоколад, сондай-ақ десерт және кондитерлiк басқа да түрлерін ала алады. Қазіргі уақытта адамзат баласы үшін ең маңыздысы – табыс табу. Адал еңбекпен тапқан табыс берекелі болары анық. Мен де өз хоббиімді кәсіпке айналдырып, өз маңдай теріммен табыс тауып келемін. Әрине, өз табысымның да берекетін көріп жүрмін.  Қазір 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Оның екеуі торт пісіріп, қасымда көмектесіп жүрген қыздар болса, енді біреуі “Жақсат” базарында менің тәттілерімді сатумен айналысады.

–Иә, бүгінгі күні базардағы шағын дүкенім арқылы табыс тауып жатырмын және инстаграм желісіне де тапсырыс берушілер саны күн сайын артып келеді. Ендігі алға қойған мақсатым – нан өнімін ашытқысыз әзірлеу. Яғни, бұл нан адам денсаулығына да пайдалы құнарлы ас болады. Сондай-ақ біз секілді жас кәсіпкерлерді қолдап, мақсатымызға айқын жол бастап беріп жатқан Кәсіпкерлер палатасына алғысымды айтқым келеді. Келешек жастарымызға да үлгі болып, арман-мақсаттарының орындалуына көмек көрсете  беріңіздер,–дейді.

Расымен де, қазіргі технология шарықтап дамыған заманда кәсіп бастаймын деген әр адамға Үкімет қашанда қолдау береді. Бастысы – ниет.  «Еңбектің наны тәтті» демекші, адам өмірі еңбекпен тығыз байланысты. Әр адам адал жолмен еңбек етіп, бар маңдай терін төксе ғана өз жұмысының жемісін көре алады.

Тағы да оқыңыз: