Kyzylorda-news.kz Жуырда бір құрбымның туған күніне бардым. Дәмді асқа толған дастарқанынан бұрын, көздің жауын алар әдемі мерекелік тортына сүйсіндік. Әрине, нәзікжанды болған соң әдемілікті көзіміз шалып қалса, дереу қайдан алғанын сұрастыра кетеміз. Кеш барысында құрбымнан мұны әзірлеген келіншектің мекен-жайын алып, ертеңіне жұмысына табан тіредім. 

Кәсіпкер келіншек Қарлы­ғаш Ділда­бекова тапсырыспен конди­терлік өнім­дер пісіріп жүр екен. Алдына келген тұтынушының тапсырысын орап, шыға­рып салғаннан кейін кейіп­кері­мізді әңгімеге тарттық. 

Айтуынша, ол – осы Жалағаштың қызы, 2010 жылы Байқоңырға тұр­мысқа шыққан. 2016 жылдан бас­тап жұмыссыз отыр­ғасын сол қалада хоббиін шағын кәсіпке айналдырады. 

– Ең алдымен үйде бос отқан соң күнде әртүрлі тәттілер пісіре бастадым. Дастарқаныма қойған тәттілерім­нің дә­мін туған-туыс, көр­шілерім көрген­нен кей­ін олар­да ұна­тып, той-томалағына тапсы­рыс бере бас­тады. Әрі қа­рай отбасым­­ның қолдауы­мен кәсібімнің көкжиегін кеңейт­тім. Тәтті­лер пісіру – кішкентайым­нан анамнан дарыған қасиет. Ешқандай курс оқыған жоқпын. Ұялы телефондағы ютуб желісі арқылы әр тәттінің жасалу жолын бірнеше рет қайталап көріп, әрі қарай қабілетіммен алып кеттім. Тұтынушылар көбейген сайын шабытым оянып, ерекше тәттілер жасауға тырыстым. Ешкімде жоқ ерекше дүниелер жасауға бала күнімнен әуеспін. Соның арқасында мастикамен жұмыс жасауды үйрендім. Байқоңыр қаласында ең бірінші мастикамен торт сәндеуді мен қолға алдым, – дейді Қарлығаш Ділдабекова.

Бір қызығы, кейіпкеріміз 2020 жыл­дың басында Жалағашқа жақын туысының тойына келгенде елі­мізде эпи­демиологиялық ахуалға бай­ла­ныс­ты жаппай карантин режимі орна­тылып, осында қалуға тура кел­ген. Жол ашылып, бәрі қалыпқа қайта келгенше бос отырмайын деген ол ағайын-туыс, көршіден тапсырыс жинай бастайды. Сөйтіп осында үй салып, қазір біржола осында қоныс аударған. 

– 2020 жылы мемлекеттен қайта­рымсыз грант алып, шағын цехыма торт пісіруге қажетті пеш, миксер, тоңа­зытқыш алдым. Қазір той-томалақ, құдайы ас, мейрамдардың барлығында дастарқанға қойылатын тәттілерге тапсырыс қабылдаймын. Тапсырыстан бөлек мейрамдарда торт­тарды ау­дандағы бірнеше дүкен­дерге де өткіземін, – дейді кейіпкеріміз. 

Қарлығаштың қазір тұрақты тұты­нушылары жетерлік.  Ауданнан бөлек оған ауылдардан да жиі тапсырыс түседі екен. Бастысы, халықта сұраныс, ал кәсіпкерде ынта-жігер бар. Ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, 5-6 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарда барын жасырмайды. 

– Тәтті тортқа тапсырыс берген тұтынушыларым үшін әрине тіл үйірер дәмі мен сыртқы безендірілуі өте маңызды. Көптеген тұтынушыларым түрлі идеямен мені шабыттандырып, торттың ерекше әсемделуін сұрайды. Торттың сыртын көбіне мастикамен, бетін суретпен әсемдеймін. Бүгінге дейін бірде-бір тұтыну­шымнан пісір­ген тәттілерім туралы жаман пікір есті­медім. Кері­сінше бәрі қуанып, алғысын жаудырады, – дейді кәсіпкер. 

Жас кондитердің мерекелік торт­тары салмағы мен көлеміне қарай ба­ғаланады. Мәселен, мереке кезіндегі торттары 3 мың мен 4 мың теңге аралығында болса, бисквиттер 5 мың теңгеден бас­талады. Мастикамен әсемделген, безендіруі ерекше торттар 12-13 мың теңге аралығында. Мұнан бө­лек жастар тойына арналған 3 қа­батты торттар 35-40 мың теңге ара­лығында. Ол тұтынушының талға­мына қарай «Вупи-пай», «Қызыл барқыт», «Наполеон», «Сүтті қыз» сияқты торт­тардың түр-түрін пісіреді. 

– Мерекелерде, қарапайым күндері де түнімен ұйықтамай торт пісіретін кездерім көп. Мәселен, кеше 8 наурыз мерекесінде екі күнде бір өзім 70 торт пісірдім. Азаннан кешке дейін торттың бисвкиттерін пісіріп, түнімен кремдерін жағып, безендіремін. Одан кейін Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде де 19-ынан бастап 70-ке жуық торт пісіріп саттым, – дейді ол. 

Иә, Қарлығаш – өз ісінің кәнігі маманы. Торт­тары өте дәмді, тәтті және ай­тылған уақытында дайындап береді. Тіпті кейде үйден тапсырыс берген тұтынуышларын да ренжітпейді. Ерекше ұнайтыны, торттың безендіруін қалай айтсаң, дәл солай жасап береді. Тұрғындардың әрбір мерекелік кеші мен туған күндері кейіпкеріміздің тәтті­ле­рінсіз өтпейді десек, артық болмас. Себебі ол аудандағы өнімі өтімді әрі сапалы кәсіпкерлердің бірі де бірегейі. Біз барған күні алғыс айтуға келген тұрақты тұтынушыларын да көзіміз шалды. 

Ол тұтынушылар тапсырысына қарай печенье, бәліш, самса, тәтті бөлкелердің сан түрін, тіпті түріктің пахлавасына дейін пісіреді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, алдына нақты бір мақсат қойып, соған бар ынтасымен ниет етіп кіріссе, бәрі өз ретімен боланы рас. Бұған бүгінгі кейіпкеріміздің кәсібі дәлел. 

Отбасындағы міндеттермен қатар тәтті пісіруге уақыт тауып, бизнесін жүргізіп отыр­ған жас кондитердің алға қойған мақ­саты айқын, қадамы нық. Кәсіптің көзін тауып, бере­келі тұрмыс кешіп отырған осындай іскер келіншектерді көргенде іштей қуа­насың. Себебі мұндай жас кәсіп­кер келіншектер – мемлекетіміздің өр­кен­деуінің кепілі. Ал Қарлығаш Ділда­бекова – кәсіпкер әйелден бөлек, асыл жар, бақытты ана екенін өз ісімен дәлелдеп жүрген бақытты жанның бірі.

Тағы да оқыңыз: