Адам өміріне қауіп төндіретін ауру түрлері өте көп. Қарапайым жәндіктердің өзі адам өмірін қиып, қайғыға душар етуі мүмкін. Сондай-ақ кей ауру түрлерінің жұғу түрлері өте қарапайым әрі тез болғандықтан қанша адам денсаулығынан айырылып жатады. Өйткені ағзадағы ауруды әбден асқынғанша байқамауы мүмкін. Сол себепті де медицина мамандары сау адамның өзіне жыл сайын, тіпті жылына екі рет толық медициналық тексерулерден өтуіне кеңес береді.  

Қазіргі кезде жаз айларында өршитін аурудың да түрлері көп. Соның бірі – тасымалдаушысы кене болатын Конго-Қырым қандыбезгегі. Жалағаш аудандық СЭБ басқарма бөлім басшысы Гүзираш Айымбетова брифинг өткізіп, жұқпалы жедел ішек ауруларының алдын алу, аурудың белгілері туралы кеңінен ақпарат берді.  

Негізі жұқпалы жедел ішек аурулары әлемде кең тараған жұқпалы аурулардың қатарына жатады. Барлық аурулардың ішінде респираторлық жұқпалы аурулардан кейінгі 2-ші орынды алады.  Жедел ішек ауруымен ауырғандардың 60 пайызын балалар, оның басым бөлігін 2 жасқа дейінгі сәбилер құрайды. Жаз, күз мезгілдерінде жіті ішек жұқпаларымен ауыратын науқастар саны көбейе түседі. Өйткені бұл мезгілдерде ауа-райының жылып, күннің ыстық болуы ауру қоздырғыштарының сақталып қана қоймай, тез бұзылатын тағам түрлері ет, сүт, балық өнімдерінде, салаттарда, кремді, кондитерлік өнімдерде көбейе түсуіне қолайлы әсер етеді. Сонымен қатар жаз, күз мезгілдерінде топырақпен, тыңайтқыштармен ластанған көкөніс, жеміс-жидектерді жумай жеу аурудың көптеп тіркелуіне себеп болады. 

«Жалағаш ауданында қаңтардан осы уақытқа дейін жұқпалы жедел ішек инфекциясының алғашқы диагнозымен 40-қа жуық науқас тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде 24 науқас тіркеліп, биыл сырқаттану жағдайы 1,3 есеге өскені белгілі болып отыр. Әсіресе аталған аурумен ауырғандардың саны мамыр айынан бастап күрт өскені байқалуда. ЖЖІИ-дің зертханалық жолмен нақтылануы 2,6 пайызды ғана құрады. «Регрессия» есебімен қысқа мерзімді болжам жасау нәтижесімен аурушандық жыл аяғында 9,9-81,0 аралығында қалыптасып, аудандағы ЖЖІИ-дің эпидемиологиялық ахуалы «қанағаттанарлықсыз» болып отыр.   

Сонымен бірге осы жылы тіркелген ЖЖІИ аудандағы 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіші 89,1 құрады. Ал ЖЖІИ-ның 78,9 пайызы – 14 жасқа толмаған балалар. Оның 23,3 пайызы – 1 жасқа толмаған нәрестелер, 30 пайызы 1 және 23,3 пайызы 2 жастағы нәрестелер арасынан тіркеліп, 2  жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығы белең алды, – дейді маман.

Брифингте айтылған мәліметтерге сүйенсек, жұқпалы жедел ішек ин-фекциясының алғашқы белгілеріне іштің жиі су сияқты өтуі, дене қызуының көтерілуі, нәрестенің емуден бас тартуы, асқа тәбетінің болмауы, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы жатады. Науқаста қайталамалы құсу орын алып, іш өткен сайын баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені ағза өз тіршілігіне қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастағаннан дәрігерге көріну керек. Мұндай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты молынан көбірек ішкізген жөн. Маманның сөзінше, өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы да мүмкін, тіпті созылмалы формаларына ұласуы да ғажап емес. 

Жалағаш аудандық СЭБ басқарма бөлім басшысы Г.Жалғасова брифинг барысында жұқпалы жедел ішек ауруларының алдын алу шараларына тоқталды. Қашаннан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейміз ғой, бірақ өз айтқанымызбен өзіміз келіспей, денсаулығымызды нашарлатып алып жатамыз. Бар-лығы немқұрайды қараудан, салғырттықтан болатыны даусыз. Ал науқастары саны бойынша алдыңғы тізімде тұрған жұқпалы жедел ішек инфекциясының алдын алу шаралары аса қиындық туғызбайды. Мәселен, сәбилерді 1 жасқа  дейін тек қана ана сүтімен қоректендіру, жеке бас тазалық шараларының қарапайым қағидаларын сақтау, суды тек  қайнатылған түрде, сүтті пісіріп ішу, көкөністер мен жеміс жидектерді мұқият жуу, қайнаған сумен шаю, ас дайындауға, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық су  көздерін пайдаланбау, дайындалған тағамдарды ашық қалдырмау, исі, дәмі, сақтау мерзімі бұзылған азық-түліктерді пайдаланбау, тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтау, жиналып қалған лас-қоқыстарды уақытылы тазалап отыру, ауру тасымалдаушы болып табылатын шыбындарға қарсы есік, терезелерді торлау, әртүрлі дәрілерді пайдалана отырып жою, балаларды әрбір тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау аталған дерттен сізді сақтайды. Ең бастысы ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтаңыз.
Ал «Жұқпалы жедел ішек аурулары асқазан-ішек жолдарының қабынуымен сипатталатын патогенді, шартты патогенді бактерия, вирустан   болатын, диареямен, адам ағзасының уыттануымен және сусыздануымен сипатталатын әртүрлі жұқпалы аурулар тобы. Жедел жұқпалы ішек ауруларының тобына дизентерия, іш сүзегі, А, В паратифтері, тағамдық токсикоинфекция, сальмонеллез, гастроэнтериттер жатады. Жоғарыда аталған жұқпалы ішек аурулары бір топқа жатқанымен, ауруларды әртүрлі қоздырғыштар тудырады және олар әрқалай өтеді» деген Г.Жалғасова аталған ауру әлемде кең таралған дерттердің бірі екенін де жасырмады. Яғни инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі, микробтары нәжіспен сыртқы ортаға түсіп тарайды. Тағы да қайталап өтейік, инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, яғни жуылмаған көкөніс, пісірілмеген сүт, сапасыз, шала пісірілген тағамдармен тамақтануда, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішу, лас суға түсуден де жұғуы мүмкін. Ал жаз айларындағы негізгі тасымалдаушысы шыбын.

Тағы айта кететін жайт, жұқпаның негізгі көзі науқас адам, сондай-ақ ауру тасымалдаушылары болып табылады. Су, тағам және тұрмыстық қарым-қатынас арқылы таралады. Сондай-ақ бала күтімінің нашарлығы және сәбилерді қосымша тамақтандыру кезінде ас дайындаудағы  тиісті ережелердің сақталмауы аурушаңдықтың  сәбилер арасында тіркелуінің негізгі себептері болып отыр. Көбіне екі жасқа толмаған нәрестелер арасында инфекция көптеп тіркелетінінің бірден-бір себебі де осы. 

Брифинг барысында айтылған аурудың алдын алу шаралары мен алғашқы белгілері қарапайым болғанымен, әлемде осы аурудың өршіп тұрғанын айтады маман. Иә, сайып келгенде аурудан ада, дерттен аман болу үшін жеке бастық тазалығына аса мән беру керек. «Сақтансаң сақтайтынын» тағы бір еске саламыз. Денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін ескеріп, медицина мамандарының әрбір кеңесіне салғырт қарамаңыз. Бұл өзіңіз үшін, өміріңіз үшін өте маңызды. Себебі әр азамат қоғамның байлығы.

Тағы да оқыңыз: