Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Алдымен мемлекеттік сатып алу жұмыстарының барысы туралы қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Роза Жүнісова баяндама жасап, мемлекеттік сатып алу веб-порталында жүргізілген мониторинг нәтижесін ұсынды. 

Қала әкімдігіне қарасты бөлімдердің өтінімдері бойынша, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен Қызылорда қалалық әкімдігіне қарасты барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен кент және ауылдық округ әкімдіктерінің 2023 жылға қаралған қаржыларына сәйкес, бірыңғай ұйымдастырушымен 360 конкурс жарияланған. Оның ішінде 335 конкурс бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, әлеуетті өнім берушілер мен мердігер мекемелер анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ақпаратқа сүйенсек, 4 конкурс бойынша тапсырыс берушілердің өтінімдерінде бұзушылықтар анықталуына байланысты облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының тарапынан мемлекеттік сатып алулар тоқтатылған.

Шаһар басшысы Асылбек Шаменов тиісті салаға жауапты басшыларға жіберілген кемшіліктерді түзетуді, мемлекеттік сатып алу бойынша мониторинг жүргізу жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе жөнінде сөз алған қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева мүгедектігі бар адамдармен жүргізілген жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. 

Бөлім арқылы бүгінгі күнге көрсетілетін 28 мемлекеттік қызметтің 8-і осы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалтуға бағытталған. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мен қоғамдық өмірге интеграциялау бағытында 2023 жылдың І-ші жартысында «Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы 10 642 адамнан өтінім түсіп, 8 731 өтінім орындалған.

Баяндама барысында мүгедектігі бар балаларды үйде оқытып, тәрбиелеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыру, олардың жұмыспен қамтылуы, «Инватакси» қызметі, «Ten Qogam» әлеуметтік жобасы, қайырымдылық көмектер бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде айтқан Кенжегүл Құрақбаева бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

 Қала – тұрғындардың өмір сүруі үшін қолайлы болуы керек. Бұл ретте, ерекше қажеттілігі бар жандарды да назардан тыс қалдырған емеспіз. Осы мақсатта алдағы уақытта да бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр, – деген шаһар басшысы ұсыныстар және күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша орынбасарларына тапсырмалар жүктеді.

Тағы да оқыңыз: