Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы 1993 жылы 28 қаңтарда егемен мемлекеттің тұңғыш Конституциясын қабылдады. Ел егемендігін мойындауда қазақ елінің көпжылдардан бергі арманына жетіп, Қазақстан үшін бұл сәт зор мәнге ие болды. Басты мемлекеттік органдардың қызметін Конституция реттейді. Конституция халық мүдделерін көтереді және солардың құқықтары мен бостандығын қорғауға міндетті.
Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Конституция. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның жаңа ата заңы қысқа мерзім ішінде әзірленді. Ол халық талқылауынан өтіп, референдум арқылы өз күшіне енді. Ата заңымыз Қазақстанның демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына қолайлы жағдай жасайды. Заңда белгіленген барлық тұжырым, қағидалар өмірдің барлық салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға жағдай жасап отыр.
Еліміздің ата заңы бірінші рет Қазақстан Республикасын президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жария етті. Бұл мемлекеттің өз аумағының тұтастығын, сырттан қолсұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ету толығымен жатқызылады.

Конституцияда демократияның түпкі мәні ерекше айқындалады. “Демократия” деген грек сөзін өз тілімізге аударсақ, халықтың билігі деген мағына шығады. Осы тұжырым қағида ата заңның үшінші бабында нақты бейнеленген. “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” деп нақты жазылған.

Конституцияның арқасында алға қойған мақсаттарды толық шештік деуге болады. Атап айтқанда, елімізде экономикалық тұрақтылық орнап, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Елде азаматтардың сапалы білім алып, денсаулықтарын түзетуге барлық жағдай жасалған. Білім беру сапасын арттыруға байланысты қыруар шаруа тындырылды. Жыл сайын жаңа білім ордалары бой көтеріп, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығаюда. Ұстаздардың сапалы білім беруі үшін барлық жағдай жасалған. Ал осындай мүмкіндіктерге Тәуелсіздіктің, Ата Заңның арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Еліміздің әр азаматы Конституцияға арқа сүйеуге міндетті. Конституция — әрбір азаматтың жеке құқығын танытатын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы. Яғни, Конституция — Қазақстан азаматының өмір сүруге, сөз еркіндігіне, шығармашылық еркіндігіне, сонымен қатар діни ұстанымы мен еңбек, демалыс, денсаулығын қорғауына, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл болады.

Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялық құндылықтардың сақталуына жауапты. Қазіргі таңда татулығы жарасқан біздің еліміз әлем жұртшылығы үшін үлгі – өнегеге айналды.

Ата Заңымыз қабылданғаннан бері құқықтық мемлекеттік негіз қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалып келеді. Міне, осының нәтижесінде біздің елімізді бүгінде әлемдік қауымдастық этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім орныққан тұрақты дамып келе жатқан болашағы айқын мемлекет ретінде танып отыр. Дегенмен елімізде шешілмеген мәселелер бар. Қазір саясаткерлер де, қоғам қайраткерлері де айтып айтып жүрген билік пен халық арасындағы кереғарлықты жоюға бар күшті жұмылдырып жатыр. Осының барлығын ескере келіп, енді қалыптаса бастаған өркениетті қоғамды жікке, тапқа бөлінбей, біртұтастықты қалыптастыру керекпіз.

Тарих дөңгелегі бір биікке көтерілген сәтінде тоқтап қалмайды деген қағиданы да естен шығармағанымыз жөн. Бұрын инвесторларды өзіміз іздесек, енді алыс-жақын шетелдерге өзіміз инвестор бола бастадық. Әлемдік гегемондар санатынан шыққысы келмейтін Ресейден де бір қатар саяси-экономикалық бағыттар бойынша алға шықтық. Тек шикізат өндіруден арылып, өндірісімізді қалпына келтіре бастадық.

Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден – бір бастауы – халық делінген. Ендеше ата заңымыз ел игілігіне жұмы сжасайтынына мен сенемін. Өйткені, елдің жеткен биігі – біздің жетістігіміз. Баршаңызды Конституцияның 25 жылдығымен құттықтаймын! Бейбіт ел болып, береке – бірлігіміз арта берсін!

Индира ҚАБАТОВА Байқоңыр қалалық «жастар ресурстық орталығының» бөлім басшысы, Байқоңыр қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі.

Тағы да оқыңыз: