Kyzylorda-news.kz Қылмысты ашудағы әрбір дәлел мен айғақтың артында кәсіби біліктілік пен мұқият еңбектің жатқандығы белгілі. Құқық қорғау саласындағы маңызды буындардың бірі – криминалистика қызметі. Осы салада табысты еңбек етіп жүрген мамандардың қатарында Қызылорда облысы Полиция департаментінің жедел-криминалистика басқармасының криминалисі полиция подполковнигі Жаңабай Сапарбаев бар.
Криминалист мамандығы ерекше жауапкершілікті талап етеді. Оқиға орнын зерттеу, заттай дәлелдемелерді саралау, қылмыстың мән-жайын анықтау және күдіктінің тұлғасын айқындау – осы қызметтің негізгі міндеттері. Жаңабай Сапарбаев бұл міндеттерді кәсіби деңгейде атқарып қана қоймай, өнер әлеміндегі талантымен де ерекшеленеді.
Бала күнінен сурет салуға қызығушылық танытқан ол шығармашылық қабілетін бүгінге дейін дамытып келеді. Бос уақытында қағаз бетіне түрлі бейнелерді түсіріп, әсіресе адам портреттерін салуға ерекше мән береді. Оның айтуынша, сурет өнері ойды жинақтап, рухани тынығуға мүмкіндік береді.
Көпжылдық шығармашылық тәжірибесі қызмет барысында да пайдасын тигізуде. Жаңабай куәгерлер мен жәбірленушілердің сипаттамалары негізінде арнайы бағдарламалық кешен арқылы күдіктілердің бейнесін жасап, қылмыстарды ашуға өз үлесін қосып келеді. Оның пікірінше, криминалист маман үшін кәсіби біліммен қатар есте сақтау қабілеті, байқағыштық, аналитикалық ойлау және шыдамдылық аса маңызды.
Өнерлі полицей шебер қолымен әдемі иллюстрациялар да салып келеді. Әдеби шығармаларға иллюстрация салу – мәтіннің мазмұнын көркем бейнеге айналдыратын шығармашылық жұмыс. Полицей-суретші мұндай жұмыста өзінің байқағыштық қабілетін, дәлдікке негізделген сурет салу шеберлігін және оқиғаны нақты бейнелеу дағдысын пайдаланады.
Ол шығарманы оқи отырып, кейіпкерлердің бейнесін, оқиға орнын және негізгі көріністерді қағаз бетіне түсіреді. Әсіресе детектив жанрындағы кітаптарда тәртіп сақшысының иллюстрациялары ерекше рөл атқарады. Мұндай суреттер оқырманға оқиғаның желісін жақсы түсінуге көмектесіп, шығарманың әсерін күшейтеді. Кейіпкерлердің бейнесі мен оқиға сәттері көрнекі түрде берілгенде, мәтін мазмұны одан әрі жандана түседі.
Полицей-суретші салған иллюстрациялар нақты және шынайы болуымен ерекшеленеді. Себебі ол кәсіби тәжірибесі арқылы адамның бет-әлпетін, қозғалысын және жағдайын дәл бере алады.
1985 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданының Еңбекші ауылында дүниеге келген Жаңабай Сапарбаев бірнеше жоғары оқу орнында білім алып, бейнелеу өнері, сәулет және құқық қорғау қызметі бағыттары бойынша маманданған. Құқық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2012 жылы бастап, бүгінде тәжірибелі криминалист ретінде абыройлы қызмет атқарып келеді.

Қызметтік міндетін адал орындап жүрген маман түрлі марапаттарға ие болған. Сонымен қатар ол – өнегелі отбасының отағасы. Жұбайымен бірге төрт қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Әкесінің шығармашылық жолын үлкен қызы Балауса жалғастырып, сурет салу бағытында жетістіктерге жетуде.
«Полиция қызметкері үшін ең басты құндылық – адалдық пен жауапкершілік. Халық сенімін ақтап, ел игілігі үшін қызмет ету – менің басты мақсатым», – дейді Жаңабай Сапарбаев.
Өнер мен қызметті қатар алып жүрген осындай білікті мамандардың еңбегі құқық қорғау органдарының беделін арттырып, жас буынға үлгі болары сөзсіз.
