Kyzylorda-news.kz Егіс даласы жайқалып тұр. Астық алқабының жібек самалы ақырын ғана иілген дәннің сабағын ерекше тербеген көз тоймайтын көрініс. Әр атызға түскен комбайндар алып кемедей сары даланың сәнін келтіріп дала төсін дүбірлетіп барады. Молшылықтың берекесінен нәпақа сұрап, еткен еңбектің жемісін көретін күн де жақын. Биыл егін майданының көрігі қызайын деп тұр. Сыр салысының сабағына тізілген маржандай дәннің иісін айтсай. Ысталған алақанына салған дәннен жер-ананың жұпар иісі аңқып, көкірек сарайын ашып, жадыратып жіберді. Диқан тер сіңген орамалымен бетін сүртті. Шұғыласын аямай төккен мейірімді күнге  қарап өрімдей балаларының несібесін беріп жатқан жаратқанға сансыз шүкіршілік етті. Маңдайдан моншақтаған әр тамшы тер еліміздегі тоқшылық пен берекеге бастасын деп тіледі ол.

Иә, Нұрадиннің үміті алдамапты. Қырманға құйылған алтын дән осыдан бірнеше жыл бұрын Жалағаш ауданын облыс бойынша жеңіс тұғырына көтерді. Сол жеңіс салтанатының жеңімпаздары қатарында Нұрадин Әмитовтің де есімі ерекше аталып, «Бақ-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан темір тұлпардың иесі атанған.  Еңбек бар игіліктің алтын тәжі секілді. Еңбек адамының күнге тотыққан жүзіне, маңдайындағы терең әжіміне қарап шыдамдылығына, қайрат-жігеріне тәнті боласын. 

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз диқан Нұрадин Әмитов – сөзге сараң, мақтаншылықты жаны қаламайтын нағыз еңбек адамы. Ол – жастайынан еңбектің наны тәтті болатынын терең түсінген жан. 

– Әкемнің тәрбиесі ғой. Қаршадайымыздан шаруаға баулыды. Ол кісіні біраз адам таниды. Әкеміз Қасқырбай Әмитов біраз жыл Аққұм ауылында шаруашылықта бригадир болған. 10 ағайындымыз. Ата кәсіпті жалғастырған мен ғана. 25 жылдан бері  егінжайдан нәпақа тауып, отбасымды асырап отырмын. Анамыз қазір 81 жаста. Біздің тілеуімізді тілеп, ұрпақтарының қызығын көруде. Еңбегімізді бағалап, көлік беріп жатқан шаруашылық төрағасы Серік Шуақбаевқа алғыс айтамын. Адал еңбек қана игілікті өмірдің алтын кілті, – дейді диқан жылы жымиып. 

Кейіпкеріміздің аталған шаруашылықта жұмыс жасап жатқанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Осыған дейін төраға артқан сенімге селкеу түсірмеген диқан былтырғы жылды да толайым табыспен тәмамдады. Биыл да мол өнімнен үмітті Нұрадин әлден көктемгі науқанның қамына кірісіп кетті. 

Салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар кәнігі маман артынан ерген жас буынға да көрген-білгенін үйретіп келеді. Оның сөзінше, ең көп күтімді қажет ететін Сыр салысын өсіріп, одан мол өнім алудың да түрлі тәсілі бар көрінеді. Алайда ол үшін алдымен табандылық пен жауапкершілік қажет. Өзіне осы екі асыл қасиетті серік еткен диқаннан тәлім алған жас буынның да сабақтастықты әрі жалғап, аудан абыройын асқақтатуға өз үлесін қосары анық. Сондықтан жас буынды ауыл шаруашылығы саласында тәрбиелеп жатқан Нұрекеңнің еңбегі өз жемісін берері анық. 

Қазіргі таңда аталған шаруашылық көктемгі науқанның қамына кіріскен көрінеді. Төраға Серік Шуақбаев осындай кәнігі мамандарына сенім арта отырып, биыл да қамбаны астыққа толтыруға бел буып отыр. Тіректі елді мекендегі іргелі шаруашылықтың күзгі науқанды оң нәтижемен қорытындыларына біз де сенеміз.  

Тағы да оқыңыз: