Kyzylorda-news.kz. Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханасында қоғам белсендісі, кәсіпкер, Халықаралық Табиғи уақыт қолдаушылар Альянсының Қазақстандағы өкілі  Болат Нұрхожаевтың танымдық, ғылыми-көпшілік кітабының тұсаукесері өтті.

«Хронобиология: біз неге тіріміз?» деп аталатын кітап адамзат өмірі үшін аса маңызды хронобиология ғылымы жайында қазақ тілінде жазылған алғашқы жинақ. Әлеуметтік желіде экологиялық тақырыпты қаузап жүрген Болат Жолтайұлы Қызылорда облысы уақытын қайтару қаулысының қабылдануына үлес қосқан азамат. Ол бүгінде ҚР Уақыт өлшемін түбегейлі реттеу ведомствоаралық жұмыс тобының, сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, Экология комиссиясының төрағасы, облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің төрағасы, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің, халықаралық Табиғи уақыт қолдаушылар Альянсының Қазақстандағы өкілі. Экология саласына қосқан үлесі үшін Экология министрлігі, Бас прокуратура, облыс, қала әкімі медальдары мен құрмет грамоталарының иегері. 

Болат Нұрхожаевтың танымдық, ғылыми-көпшілік бағытындағы бұл кітабы адам өмірі үшін аса маңызды әрі жас ғылым «хронобиология» жайында қазақ тілінде ақпарат беретін алғашқы жинақ ретінде құнды. 

Кітап авторы Болат Жолтайұлы 1966 жылы туған. Қызылорда политехникумын, Астана Инженерлік-техникалық академиясын құрылысшы, эксперт-бағалаушы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Арал Кеме жөндеу зауытында жұмысшы, шебер болып бастаған. 1990 жылдардан  бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысады.  Экология саласын зерттеп-зерделеп жүрген қоғам белсендісінің бұл бағытта атқарған еңбегі зор. Өз ісіне жауапкершілікті азаматтың әсіресе, туған жері Қызылорданы көгалдандыруда жасаған жұмыстарын көпшілік жақсы біледі. Экология саласын терең игеру мақсатында өткен жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ғылыми зерттеу университетінде хронобиология мамандығы бойынша оқып, сертификатын алған. Нәтижесінде адамзатқа құнды жаңа шығарма дүниеге келді. Кітап мазмұнын қамтыған табиғи уақыт пен адамның биологиялық ырғағының сәйкестігі, сағаттық белдеулер, уақыт өлшемдері, ұйқы режимі, хроноцид пен десинхроноз, тағы басқа мәселелерді қамтыған туынды ой саларлық дүниеге толы.. Бұл құнды туындыға ғалымдар жоғары баға берді. Ал, ғылыми кітап «ASU»  баспа үйінен жарық көрді. 

Құнды кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қорқыт ата университетінің ғалымдары, облыстық денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары, қоғам белсенділері қатысты. 

«Туған сәттен бастап біз ғаламдық, яғни табиғи ырғақ әсерімен қалыптасып өмір сүреміз. Сондықтан кездейсоқтық ойыншығы болмас үшін табиғи ырғақпен сәйкестікті сақтауымыз қажет. Мұны түсінуге, білуге бұл кітаптың көмегі зор болады деп санаймын», – дейді Қазақ Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Төлеуханов. 

Сонымен қатар ғылыми мазмұнды кітапты жоғары баға бергендердің бірі – генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты  Асқар Қалекешов. 

«Б.Ж.Нұрхожаев – еліміздегі әкімшілік және табиғи уақыт белдеуінің тұрғындар денсаулығына әсері аясында көтеріліп отыратын көптеген мәселелердің басы-қасында белсенділік танытып жүрген тұлға. Атап айтсақ, Қызылорда, Қостанай, облыстары бойынша сағаттық белдеу мәселелерін шешу мақсатында құрылған ҚР Үкіметінің жұмыс тобының белсенді мүшесі. Бұл еңбегі – осы бағытта атқарылған қажырлы еңбегінің жемісі деп айтуға болады», – дейді генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты  Асқар Қалекешов. 

Ғалымдар жоғары баға берген бұл кітап кітапхана сөресінде емес қолдан қолға көшіп жүретін пайдалы еңбек болары анық.
Тұсаукесер рәсімінде кітап авторы: «Хронобиология: біз неге тіріміз» кітабы жайында шағын баяндама жасады. Кітаптың тұсаукесер рәсімінен соң қоғам қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қордың директоры Сәпен Аңсатов, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсатов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Майнұр Бөрібаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов  арнайы сөз сөйледі. 

«Мен өзім адамның биологиялық ырғағы деген тақырыпқа оқушы кезімнен қызығатындықтан бұл кітаптың оқырман үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсініп отырмын. Мұндай ғылыми-танымдық кітаптың қазақ тілінде жарық көруі де үлкен қуаныш. Әрі қарайғы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Автордан бастап осы кітаптың шығуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Жангелді Шайымбетов.

Сондай-ақ, «Бұл кітапты оқып қоя салу аздық етеді. Бұл кітапта жазылған негізгі қағидаларды біздің күнделікті өмір салтымызға айналдыруымыз керек» деп облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықовта пікір білдірді.

Бұдан соң аталған кітап және автор туралы өз еркімен шығып сөйлеушілер болды. Тұсаукесер соңында автор қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне арналған жиынды филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Нұрмаханов жүргізді.

Алдағы уақытта кітаптың таныстырылымы облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда медициналық жоғары колледжінде өткізіледі.

Тағы да оқыңыз: