Kyzylorda-news.kz 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (бұдан әрі – Қор) кері байланыс арналары арқылы Қызылорда облысының тұрғындарынан 267 өтініш келіп түсті. Бұл туралы Қордың Қызылорда облысы бойынша филиалының директорының міндетін атқарушы Асқар Рахышов хабарлады.
Ең жиі көтерілген мәселелердің қатарында көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына қатысты мәселелер – 37,08%, медициналық көмек көрсетуден бас тарту – 32,58%, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бас тарту – 9,36%, медициналық көмекті ұзақ күту – 2,62%, сондай-ақ ақпараттық жүйелерде іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтердің тіркелуі – 3,37% бар.
Азаматтардың өтініштерінің басым бөлігі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, сондай-ақ пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты.
Пациент ең алдымен қайда жүгінуі керек?
Егер медициналық ұйымға жүгінген кезде пациент қандай да бір мәселеге тап болып, қажетті медициналық көмек немесе түсініктеме ала алмаса, ең алдымен медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгінуі қажет.
Бұл қызмет медициналық көмектің сапасын, толықтығын және белгіленген стандарттарға сәйкестігін бақылау үшін құрылған. Ол медициналық қызметтер көрсету мен медициналық ұйымның клиникалық қызметіне ішкі талдау жүргізеді, заңбұзушылықтарды анықтайды, сондай-ақ пациенттердің өтініштері мен шағымдарын қарайды.
Асқар Рахышов атап өткендей, көптеген жағдайда Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіну мәселені медициналық ұйымның өзінде, Қорға қосымша жүгінбей-ақ шешуге мүмкіндік береді.
Тұрғындарды қандай мәселелер жиі алаңдатады?
Салыстыру үшін айта кетсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қорға 736 шағым келіп түсті. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111 (11,9%) шағымға аз.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдардағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметтері тарапынан «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша кері қайтарылған немесе шешілген шағымдардың үлесі 51,1%-дан 56,3%-ға дейін өсті. Келіп түскен 736 шағымның 415-і (56,3%) кері қайтарылған немесе тікелей медициналық ұйым деңгейінде шешілген.
Қызылорда облысының тұрғындары шағымдарының басым бөлігін мына мәселелер бойынша жолдаған:
медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі – 294 (39,9%);
медициналық көмек көрсетуден бас тарту – 238 (32,3%);
ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды беруден бас тарту – 94 (12,8%).
Бұл деректер тұрғындар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Қорға қалай жүгінуге болады?
Қор азаматтарға кеңес алуға, мәселе туралы хабарлауға немесе шағым жолдауға мүмкіндік беретін бірнеше кері байланыс арнасын ұсынады.
Тұрғындар арасында кеңінен қолданылатын арналардың бірі – «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы. Қосымша арқылы мәтін түрінде өтініш жолдап, қажет болған жағдайда растайтын құжаттарды қоса тіркеуге болады. Әрбір өтінішке жеке нөмір беріледі, сол нөмір арқылы оның қаралу мәртебесін бақылауға мүмкіндік бар. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мобильді қосымша арқылы 157 (58,8%) өтініш өңделді.
Сонымен қатар сұрақтарды, шағымдар мен ұсыныстарды Қордың msqory.kz ресми сайты арқылы да жолдауға болады. Сайттың басты бетінде электронды өтініш қалдыруға мүмкіндік беретін «Қорға жүгіну» батырмасы орналасқан.
Тағы бір ыңғайлы тәсіл – Telegram мессенджеріндегі Saqtandyrybot. Өтініш жолдау үшін «Басты мәзір» бөлімінен «Қорға өтініш жіберу» тармағын таңдап, әрі қарайғы нұсқауларды орындау қажет.
Асқар Рахышовтың айтуынша, азаматтардың барлық өтініштері міндетті түрде қаралып, көтерілген мәселелер толық шешілгенге дейін бақылауда болады.
- Халықпен кері байланыс денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің маңызды құралы болып табылады. Өтініштерді талдау жекелеген заңбұзушылықтарды ғана емес, жүйелі мәселелерді де анықтауға, тиісті шаралар қабылдауға және ТМККК мен МӘМС аясында медициналық көмектің қолжетімділігін, сапасы мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Асқар Рахышов.
Осыған байланысты пациенттердің өз құқықтарын білуі маңызды. Мәселе туындаған жағдайда ең алдымен медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіну ұсынылады. Егер мәселе шешілмесе, Қордың кері байланыс арналары арқылы өтініш жолдауға болады.
Сурет: МӘМС баспасөз орталығы
