Kyzylorda-news.kz Бүгін Арал ауданы әкімдігінде аудан әкімдігі мен Қызылорда облыстық адвокаттар алқасы арасында халыққа құқықтық қызмет көрсету мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев төрағалық етіп, жиынға арнайы келген қонақтарды таныстырып өтті.
Екіжақты ынтымақтастықты дәріптейтін кездесуге Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Мейірбек Даубалаев, төраға орынбасары Шадияр Наркешбаев, Төралқа мүшелері Бижан Иманғалиев пен Хасенхан Үсеинов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, медиаторлар, жеке сот орындаушылар, дербес бөлім басшылары және қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме басшылары қатысты.
Жиында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халыққа көрсетілетін құқықтық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ дауларды сотқа жеткізбей шешу мәселелері талқыланды.
Меморандум аясында тараптар аудан тұрғындарына құқықтық көмек көрсету бағытындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, құқықтық мәселелерді жедел шешуге және құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруға ниетті.
Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, аудан тұрғындарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.
Екіжақты меморандум аясында Арал қаласы әкімшілігінің ғимаратында азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету мақсатында арнайы кеңсе ашылды. Алдағы уақытта аудан тұрғындары аталған кеңсеге жүгініп, өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алып, қажетті құқықтық көмекке қол жеткізе алады.
Бұл бастама тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
