Kyzylorda-news.kz Адам папилломасы вирусы 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. АПВ – сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тікішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. АПВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы симптомсыз болып,  ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Биыл күздің алғашқы айында еліміздегі 11 жасар қыздар аталған дертке қарсы егіледі. Кейін, яғни араға алты ай салып, олар екінші рет вакцина қабылдайды. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Жалағаш аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзираш Айымбетова мәлімдеді.

Спикер аталған дерт жұқтырған кезде пайда болатын аурулар қатарында жыныс сүйелдерінің пайда болуы, тыныс алу жолдарының папиллома тозының дамуы, ісік процесінің дамуымен жыныс мүшелерінің зақымдануы барын айтады. Сондай-ақ ол көбі аурудың клиникалық көрінуінсіз патогенді тасымалдаушы бола алатынын жоққа шығармайды. АПВ-ны адам өмірінде қайталап жұқтыруы мүмкін екен. Өйткені бұл  инфекциядан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейтін көрінеді. Көбіне аурудың клиникалық белгілері ерте кезеңдерде пайда болмайды. Әдетте алғашқы белгілері қоздыратын факторлардың әрекетінен қалыптасады екен.

Онкогенді қаупі бар HPV штамдарына жоғары онкогенді қауіпті және төмен онкогенді қауіпті штаммдар жатады. Вирустардың төмен онкогенді штамдары денеде сүйелдер мен тері папилломаларын қалыптастырады. Вирус штаммдарының жоғары онкогенді түрлері аногенитальды аймақта, әйелдерде жатырмойнында, ерлерде жыныс мүшесінде кондиломалардың пайда болады. Ағзаға вирустың 16, 18, 31, 33 типті штамының ұзақ уақыт әсер етуінен жатырмойны дисплазиясына және одан да ауыр ауруға, яғни жатырмойны обырына әкелуі мүмкін.

Ағзада жоғары онкогендік қаупі бар бұл дерт болса да, онкологиялық патология әрдайым дамымайды. Сондықтан ауданның бас санитары диагностикалауға тәжірибелі дәрігерлерге уақытылы көріну дұрыс деп есептейді. Сондай-ақ уақытында тағайындалған ем адамда ешқашан папиллома вирусының қауіпті клиникалық көріністерінің пайда болуына мүмкіндік бермейді.

Дерттің жұғу жолдарына келсек, аталған кесел тұрмыстық байланыс, жыныстық қатынас және вертикальды жолмен беріледі. Жұқтырған кезде вирус эпителий жасушаларына еніп, бөліну процесін бұзумен әртүрлі аурулардың дамуын белсендіреді. Негізінен, вирус несеп-жыныс жүйесінің органдарына және аноректалды аймаққа әсер етеді. Әйелдер мен еркектер патогенді бірдей жұқтырады. 

– Негізгі берілу жолы – жыныстық қатынас. Әдетте адам папилома вирусы алғашқы жыныстық қатынастан кейін жұғады, бірақ инфекцияның басқа жұғу жолдарды да анықталған. Мәселен, вертикалды жолына келсек, жұқтырған әйелдің босану жолы арқылы өту кезінде туған нәрестеге жұғуы мүмкін. Аутоинокуляция, яғни эпиляция немесе қырыну кезінде өз-өзіне жұқтыруы мүмкін. Тұрмыстық байланысқа келсек, адам папиллома вирусы қоршаған ортада біраз уақыт өмір сүре береді. Сондықтан оларды қоғамдық орындарға, яғни монша, спорт зал, бассейнге және басқа да орындарға барғанда жұқтыруы мүмкін. Байланыс инфекция терідегі немесе шырышты қабаттардағы жара беті арқылы жұғуы мүмкін. Бұл жыныстық – инфекцияның жұғуының ең көп таралған жолы. Кез келген адам  вирустық инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Сондықтан оның алдын алған әлдеқайда тиімді, – дейді спикер. 

Инфекцияның негізгі көріністеріне келсек, папиллома вирустық инфекцияда ұзақ уақыт бойы клиникалық көріністер болмауы мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі бірнеше жылға созылып, науқастың вирустың әртүрлі түрлерін жұқтыруы ғажап емес. Тек қоздырушы факторлардың әсерінен АПВ инфекциясының белгілерін байқауға болады. Көп жағдайда 1-2 жыл ішінде бұл инфекциядан өздігінен жазылуға мүмкіндік бар. Бірақ кейбір науқастарда патология созылмалы түрге ауысады. 

– Жыныс сүйелдері дененің барлық жерінде болады, бірақ көбіне жыныс мүшелерінің терісі мен шырышты қабығында кездеседі. Папилломалар онкогендік потенциалдың төмендігімен сипатталады. Олар сирек қатерлі ісікке айналады, әдетте науқасқа ыңғайсыздық туғызбайды. Тегіс кондиломалар өзіне тән құрылымға ие, зардап шеккен органның шырышты қабығының бетінен шықпайды. Мұндай папилломалар жоғары онкологиялық потенциалға ие. Сондықтан мұқият диагностикалауды қажет етеді. Әдетте олар қынаптың, уретраның, жатырмойнының қабырғаларының шырышты қабатында орналасады. Кондиломаның табиғатын диагностикалау үшін биопсия қажет.  Қатерлі ісік патологиясының дамуына себеп болатын «А» типті жасушалардың болуы жиі кездеседі. Мұқият бақылауды, қажет болған жағдайда хирургиялық түзетуді талап етеді. Патологияның әртүрін дәрігер мұқият бақылауы керек. Онкологиялық процестің даму қаупін азайту үшін терідегі және шырышты қабаттардағы мұндай өсінділерді алып тастау керек, – дейді ауданның бас санитары.

Спикер «Бұл дерттің алдын алу үшін қайтпек керек?» деген сауалымызды да жауапсыз қалдырмады. Маман кеңесіне жүгінсек, тосқауыл контрацепциясын қолдану жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100 пайыз қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін. Мерзімді профилактикалық тексерулер де маңызды. Мәселен, қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақытылы бастауға болады екен.

Гүлзираш Айымбетова бұл дертті ауыздықтаудың тиімді тетігін тағы да вакцинаға әкеліп тіреді. Оның сөзінше, дертті ауыздықтауда екпенің маңызы жоғары екен. 

– Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс. Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13  жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатырмойны обырының даму қаупін 100 пайызға жуық төмендетеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы егу жоспарлануда, – дейді ол.

Тағы да оқыңыз: