Kyzylorda-news.kz Қазақстанның барлық аймағын қызылша дерті дендеп барады. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға алаңдаған Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мәселе шешілмеген жағдайда кейбір денсаулық сақтау нысандарының қызметін уақытша тоқтата тұру шарасын қарастыру керек екенін айтты. Сондай-ақ демігіп тұрған дертті басу үшін республика көлемінде қызылшаға қарсы жаппай иммундау басталғанын сөз етті.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы жыл басынан бері республика бойынша қызылшаның 13 103 жағдайы тіркелген. Оның 1 854 жағдайы ересектер арасында анықталып отыр. Сондай-ақ сол жылы Шымкент, Алматы қаласы мен Жамбыл, Алматы облысындағы ахуал көпті алаңдатқан болатын. Мәселен, Шымкент қаласында 2 283 жағдай, Алматы қаласында 2 217 тіркелсе, Жамбыл облысында 1 605, Алматы облысында 1215 науқас анықталған. Нақты көрсеткішке сәйкес, олардың 70 пайызы немесе 8 866 жағдай екпе алмаған балалардың еншісінде көрінеді. Яғни, министрлік қызылша инфекциясы халық арасындағы вакцинадан бас тартушылардың есебінен артып отырғанын алға тартуда.

Жаман аурудың атын айтпайтын шиеліліктер «Қызыл көйлек» дертінің көбейгенін жоққа шығармайды. Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева аудандағы ахуалды сараптап отырғанын айтты.

– Бүгінгі таңда Шиелі ауданында қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. Өткен жылы қараша айына дейін қызылшаның 132 жағдайы тіркелді, оның 85-інің диагноз лабораториялық зерттеу қортындысымен нақтыланған. Жалпы ауруға шалдыққандардың 86 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі және 1-5 жасқа дейінгі балалардың үлесі басым. Тек балалар емес, бұл ауру ересектер арасынан да анықталуда. Нақтырақ айтсақ, 11 жұмыссыз азамат, 1 қызметкер мен 1 мұғалім қызылша ауруына шалдыққан. Сондай-ақ 95 ұйымдаспаған топ баласы, 9 балабақша баласы, 11 оқушы, 1 студент қызылша жұқпасымен ауырды, – дейді.

Бұл жеңіл-желпі қарайтын дерт емес. Қызылша вирустық инфекция болғандықтан, иммундық жүйесі әлсіз адамдарға және балаларға тез жұғады. Ауа тамшылары арқылы жылдам тарайды. Өкінішке қарай, кейде асқынған дерттің соңы қайғылы аяқталатын жағдайлар да кездеседі. Ауру белгілері байқалса дәрігерге жүгінген абзал. Өйткені қызылша ауруы асқынса ми, өкпе қабынуы орын алады екен.

Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева қызылша ауруының алғашқы жағдайы өткен жылы наурыз айында тіркелгенін айтады. «Аурушаңдықтың аудан бойынша күрделенуі тамыз айынан бастап орын алуда, алдындағы маусым айымен салыстырғанда аурушаңдық 5 есеге ұлғайып, тек тамыз айында нақтыланған қызылша ауруының 40 жағдайы тіркелді. 2023 жылы қыркүйек айында аурудың саны 21 жағдай болса, ал қазан айында 46 жағдай есепке алынып, жалпы тіркелген аурудың 50 пайызын құрады. Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайының күрделенуінің негізгі себебі ол – қызылша ауруына қарсы міндетті жоспарлы профилактикалық екпелерді уақытылы алмауы болып отыр. Қызылша ауруына шалдыққан науқастардың  50 пайызы әр түрлі себептерге байланысты қызылшаға қарсы егілмегендер, оның ішінде 22 пайызы ҚР Ұлттық алдын ала егу кестесіне сәйкес егу жасына жетпеуіне байланысты, яғни бала 1 жасқа толмауына байланысты екпе алмаған.

Тағы да оқыңыз: