Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді. Отырысқа орынбасарлары, басқарма басшылары, онлайн режимінде қала, аудан әкімдері қатысты. Мәжілісте 6 мәселе қаралып, 2020 жылы түрлі салаларда атқарылған жұмыстарға талдау жүргізіліп, 2021 жылда іске асатын негізгі жұмыстар сараланды.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай Қызылорда облысының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, мемлекеттік бағдарламлардың орындалу барысын сөз етті. Сондай-ақ, салалардағы индикаторлық көрсеткіштерге тоқталды.

Отырыста Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік бағдарламларды іске асыру барысында бірқатар мәселелерге мән беріп, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, тиісті бағдарлама әкімшілеріне мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы жүзеге асыруды, қаржының сапалы, тиімді және толық игерілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Кеңейтілген жиында 2020 жылдың қорытындысы негізінде облыс бюджетінің игерілуі мәселесі қаралды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова салалар бойынша талдау жасап, бюджет қаражатын игеру бағытында атқарылған жұмыстарды баян етті.

Айту керек, 2020 жылда облыс бюджетінің көлемі 377 млрд.теңгені құрап, бюджет қаражаты 98,1 пайызға игерілген. Қаржыны уақытылы игеру мәселесіне қатысты өңір басшысы биыл ай сайын қаржыландырудың жоспарына қарай бөлінген қаражатты толық игеруді қамтамасыз етуді және мемлекеттік сатып алу жоспарларына сәйкес тиісті конкурстарды мерзімінде ұйымдастыруды қатаң тапсырды.

Жиында қозғалған үшінші мәселе – жұмыссыздықты жою бағытында қаралды. Пандемия кезеңіндегі күрделі уақытта халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларын ұдайы жүргізу бағыты тоқтамауы керек. Бұл ретте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу және халықты әлеуметтік қорғау бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Отырыс барысында Гүлшара Әбдіқалықова «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасатынын айтып, жобалар бойынша тиісті жұмыстар мерзімінде жүргізілу қажеттігін және кемшіліктерге жол бермеуді қатаң ескертті.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша биылғы жылы тұрақты жұмыспен қамтылғандар үлесін көтеру керек. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы еңбекке жарамды азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуын, мүгедектігі бар адамдардың қажетті тауарлар мен қызметтерді «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы алынуын қамтамасыз ету қажет. Бұл – осы санаттағы отбасыларды «дағдарыс» жағдайынан шығарып, әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді»,-деді облыс әкімі.

Жиында индустрияландыру бағдарламасының орындалуы барысы сараланды. Өңір үшін өзекті өндіріс орындарын ашу, индустриялық аймақтарда жобалар бастау мәселесін индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.
2020 жылдың қорытындысымен іске қосылған жобалар арқылы 34,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, бағдарлама аясында облыста құны 561,9 млрд.теңгені құрайтын бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған жаңа 37 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде 20 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енген.

Биыл аймақта 19 жоба Индустрияландыру картасына енгізу жұмыстары басталады. Сонымен бірге құны 48,5 млрд.теңгены құрайтын жоба іске қосылса, құны 328,8 млрд.теңге болатын 3 жобаның құрылысы басталады. Мұнан бөлек, Шиелі ауданындағы тампонажды цемент зауыты және «Балауса» компаниясының өнімдерін шығару жалғасын табады.

Жиында барысында облысы әкімі бизнесті қолдаудың нақты шаралары бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердауси Қожабергенов пандемиядан кейінгі кезеңде шағын және орта бизнесті жедел дамыту жөніндегі міндеттер туралы баяндады.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында өңірде “Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары” іске асырылып, Жоспар аясында былтырғы жылы жалпы құны 7,1 млрд. теңгені құрайтын 89 жоба жүріп, нәтижесімен мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Ал, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерді қаржыландыру бағытында өзінің тиімділігін дәлелдеген “Қызылорда” өңірлік инвестициялық орталығының қызметі 2025 жылға дейін ұзартылып, “Даму” қоры арқылы 1 млрд.теңге, “Аграрлық несие корпорациясы” арқылы 200 млн. және облыстық бюджеттен 488 млн. теңге қаржы тартылды. Нәтижесінде 251 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.

Мәселелерді саралаған облыс әкімі сала басшысына шағын және орта бизнестің облыстағы үлесін 2025 жылға қарай 25 пайызға дейін ұлғайтуды және өңірлік микроқаржы ұйымдары және банктермен бірлесіп, «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы аясында несие портфелін ұлғайтуды тапсырды.

Жиында қаралған соңғы мәселе денсаулық сақтау саласын дамыту және коронавирус індетімен күрес жүргізу бағытында атқарылған жұмыстарға бағытталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов облыстағы коронавируспен күрес бағытындағы кешенді шаралар барысын сөз етті.

Биыл медицина саласында мамандар тапшылығын жою мақсатында аса қежтті дипломнан кейінгі резидентура арқылы 20 маманды оқыту басталады. Ал, Сырдария өзенінің сол жағалауында 300 төсек орындық көпбейінді аурухана құрылысын басталады. Мұнан бөлек, Қазалы ауданы Айтеке би кентінде ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы» жобасы іске қосылмақ.

Жиын соңында облыс әкімі Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін Өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, облыстық кеңес беру диагностикалық орталығын қалалық емхана ретінде қайта құру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен бірге, Сырдария өзенінің сол жағалауында 300 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысын бастау мәселесін пысықтау қажеттігін қаперге салды.

Ал, аудан әкімдіктерімен бірлесіп 14 дәрігерлік амбулатория және 9 медициналық бекеттер құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова межеленген жұмыстарды уақытылы аяқтауды және әрбір тоқсан сайын көрсеткіштердің сараланатынын назарға салды.

Тағы да оқыңыз: