Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен обстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссия отырысы өтті.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Нақты айтсақ, еңбек қарым-қатынастарының жағдайы және еңбек дауларын алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен кәсіпорындардағы орын алған қысқартулар және қабылданып жатқан еңбекпен қамту шаралары талқыланды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төрахмет Жолымбетов баяндады.Облыс бойынша «Еңбек жанжалдарын уақытылы болжау және жол бермеу бойынша» мониторингтік топ құрамы бекітілген. Резонанстық жағдай туындауы мүмкін кәсіпорындар туралы ақпараттар белгіленген тәртіпте Еңбек Министрлігі жанында құрылған Ахуалдық орталыққа күнделікті хабарланып отырылады. «ПетроКазахстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, “CNEC” ЖШС, «ТузкольМунайГазОперейтинг» ЖШС туындаған мәселелер шешімін тапты.

«ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС ұжымының жұмыскерлері арасында наразылық белгілерінің қалыптасуы байқалды. Осыған орай, компания басшылығына жұмыскерлердің жалақысын көтеру мәселесіне қатысты ұсыныс берілді. Сонымен қатар «Қызылорда су жүйесі» мен «Қазалы-су сервис» кәсіпорнында еңбек құқықтарының бұзылу фактісі бойынша арыздар тіркелген. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.Аймақ басшысы еңбек саласындағы мәселелер бойынша бірқатар тапсырма берді.

«Қызылорда қаласының және Қазалы ауданының әкімдері облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы, облыстық кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, жалақының мерзімінде төленуін қатаң бақылауға алып, шиелініске жол бермеу бағытында жедел әрекет ету шараларын қабылдасын. Облыстық еңбек саласындағы бақылау және индустриалды-инновациялық даму басқармалары «ҚуатАмлонМұнай» компаниясының ұжымындағы ахуалды бақылауда ұстап, нәтижесін хабарласын. Әрбір кәсіпорында адами капитал бірінші орында болу қажет. Жұмысшылармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын күшейтіңіздер. Серік Сүлейменов пен Нұрлан Тілешевке облыстағы кәсіпорын мен мекемелердегі еңбек ұжымындағы ахуалды қатаң бақылауда ұстауды жүктеймін», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова баяндады.Облыс бойынша бірқатар кәсіпорындарда қызметкерлерді қысқарту орын алуда. Осыған орай, аудан және қала әкімдіктері тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша тиісті жұмыстар атқаруда.

Облыста 37 ірі және орта кәсіпорындар тізімі анықталып, 30 кәсіпорынмен 2017-2025 жылдарға арналған қызметкерлердің ағынын басқару бойынша Жол карталары бекітілген.2016 жылдан бастап облыстағы жұмыс берушілермен бірлесе отырып, әлеуметтік шиеленістің алдын алу, жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында ынтымақтастық туралы 3208 кәсіпорынмен меморандумдар жасалып, оған 54 мынға жуық адам қамтылды.

Облыс әкімі Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, басқарма басшыларына берілген тапсырма созбалаңға салынбай уақытында сапалы орындалу қажет екенін баса айтты.

«Жұмыстан қысқартылғандарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартып, бірінші кезекте тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Аудандық әлеуметтік әріптестік жөніндегі үш жақты комиссияны апта сайын өткізу қажет. Қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қою жұмыстары 30 сәуірге дейін аяқталсын. Тапсырма орындалмаған жағдайда жауапкершіліктері қаралады. Осы тапсырмалардың орындалуын бақылауды Балжан Шәменоваға тапсырамын», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Тағы да оқыңыз: