Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Сыр медиа» ЖШС-не қарасты Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйіне барып, шығармашылық ұжыммен кездесті. Қазіргі таңда “Сыр Медиа” ЖШС құрамына 3 облыстық, 7 аудандық, 1 қалалық газет және “Kyzylorda-News.kz” ақпараттық агенттігі кіреді.
Алдымен аймақ басшысы серіктестік баспаханасының жұмысымен танысып, жақында ашылған кітап басып шығару өндірісін көрді. Одан соң басты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан журналистер мұражайына келіп, Сыр қаламгерлері жайлы құнды мәліметтермен қанықты. «Сыр медиа» академиясы» залында шығармашылық ұжыммен кездесіп, журналистерге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, пандемияға қарсы шаралар және өзге де өзекті мәселелер жөнінде баяндады.
«Биылғы жыл еліміз үшін аса маңызды жыл, ел болып Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Тәуелсіздік – Тұңғыш Президентіміз – Елбасының батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігі нәтижесінде келген үлкен тарихи жеңіс. Былтыр ел экономикасына оңай болған жоқ, пандемия біраз саланы тұралатты. Әсіресе, ол кезеңде шағын және орта бизнес субъектілері аса зардап шеккенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Алайда, мемлекет тарапынан дер кезінде көрсетілген қолдау шараларының арқасында тығырықтан шығып, құлдыраудың алдын алды», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Өңір басшысы «Ауыл Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары да жұмыссыздықты азайтуға айтарлықтай көмек болғанын айта кетті. Аталған бағдарламалар аясында 44 млрд. теңгеден астам қаржының 300-ден аса жобасы жүзеге асқан.
Облыста 492 шақырым автожолдар мен көшелер жөндеуден өтіп, 2 көпір, 408 пәтерлік 39 көпқабатты тұрғын үй, 13 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. 2023 жылға дейінгі өңірдің экономикалық дамуының Картасы қабылданды. Оның аясында облыстың кәсіпкерлік субъектілерімен жүйелі жұмыстар жүргізу нәтижесінде қазірдің өзінде өңірде шұжық өнімдерінің 16 түрі, бұқтырылған консервілер, макарон өнімдері, бал өнімдері шығарыла бастады. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылға 230 млрд. теңге инвестициялар тарту көлемі асыра орындалып, өңірге 292 млрд. теңгенің инвестициялары тартылды. Сондай ақ 591 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарланса, оның орнына 609 мың шаршы метр берілді.
Аймақ басшысы журналистермен жүздесуде өңірдің кәсіпкерлік саласына да тоқталып өтті.
«Биылғы жылы бизнесті қаржыландыруға мемлекеттік бағдарламалар аясында 6,2 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде, “Бизнестің жол картасы 2025” мемлекеттік бағдарламасына 3,5 млрд. теңге бөлінді. Қазірдің өзінде шағын және орта бизнестің 598 жобасы субсидияланды. Бұл жобалардың 432-не 2,2 млрд. теңге көлемінде мемлекеттің кепілдігі ұсынылды. Сондай-ақ, “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың кәсіпкерлік бастамаларын қаржыландыруға 3 млрд. теңге бөлінді. Бүгінде, 598 азаматқа 348,8 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар, 35 азаматқа 139 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. Қазіргі таңда облыста жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 49 мыңға жетті. Бұл секторда облыстың экономикалық белсенді халқының үштен бірі, яғни шамамен 96 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл сектордың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 15,8 пайызды құрап отыр. 2025 жылға қарай облыста шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 25 пайызға жеткізу міндеті қойылған», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алдағы уақытта атқарылатын төрт бағытқа тоқталды. Атап айтсақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын, вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстарын, ұлттық санақ науқанын және Тәуелісіздіктің 30 жылдығы аясында Сыр елінің бетке ұстар тарихи тұлғаларының мерейтойларын кеңінен ақпараттандыру қажет екенін айтты.
«Аймақтың эпидемиологиялық ахуалын жақсартып, «Covid-19» індетін жою мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Медициналық мекемелерде 251 ИВЛ, 66 рентген аппараты және 9 ПТР жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 70 мыңнан аса тұрғын екпе салдырды. Эпидемияны түбегейлі жеңудің жалғыз жолы – вакцина салдыру, ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Сонымен қатар, алдағы ұлттық санақ науқаны келе жатыр. Аталған шара азаматтардың әл-ауқаты мен қуатты экономика бойынша негізгі басымдықтарды анықтайтындықтан, әрбір азаматтың жауапкершілігін жіті түсіндіру міндеті тұр. Сыр өңірі – қазақылығымен ерекшеленетін мәдени-рухани орда. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аймақтың бетке ұстар тарихи тұлғалары Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы, Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығы, даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтоларымен ұштастырылып өткізіледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығын мерекелеу ісі даңғаза ірі шаралармен емес, керісінше халыққа түсінікті, танымдық-ұлағатты дүниелермен жүзеге асыру керектігін ерекше атап өтті. Осы ретте, аталған мерейтойларды лайықты деңгейде бірлесе атап өтуге және барынша ақпараттық қолдау көрсетуге шақырамын», – деді аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.