Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қуаңшылық кезеңінде малды шөппен қамтамасыз ету және егін жұмыстарын бақылау мақсатында Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылдық округіне қарасты «Мади-Қажы» ЖШС шаруа қожалығына барды.
Шаруа қожалықтың негізгі қызметі күріш өсіру болып табылады. Бұл жерде 250 жуық азамат еңбек етуде. 2017 жылдан бастап өз қызметінде тағы бір бағыт – құрылыс материалдарын өндіруді қолға алған. Қазіргі уақытта құрылыс материалдарын өндіруде қосымша 20 адам жұмыспен қамтылған.
Аталған шаруашылық ағымдағы жылы 2840 гектар жерге дән сепкен. Оның 1900 гектары күрішке арналса, 200 гектар аумаққа жаздық бидай ораналасқан. Топырақ құнарын арттыру мақсатында шаруашылықтың 540 га жерін ескі жоңышқа, 200 га жаңа жоңышқа алып жатыр.
«Мади-Қажы» шаруа қожалығының басшысы Сейткамал Сұлтановтың айтуынша бүгінгі таңда Арал ауданындағы жағдайға байланысты 5000 прес жоңышқа көмек ретінде жеткізілген.
Облыс әкімі қуаңшылық кезеңінен шығу үшін бірлесіп жұмыс атқару қажет екенін атап өтіп, бірқатар тапсырма берді.
“Арал, Қазалы аудандарында су жағдайына байланысты мал азығының жетіспеушілігі орын алуда. Осы ретте, аймақтағы шаруа қожалықтар шөпті басқа облыстарға сатпас бұрын осы екі ауданға қол жетімді бағада ұсынуы керек. Бос жатқан егіс алқабының атыз жағалауындағы шөптерді жинауға еріктілерді жұмылдыру қажет. Бірлік көрсеткен жағдайда ғана бұл кезеңнен шығамыз”, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кету керек, облыс әкімі аймақтарды аралау барысында, аудан әкімдеріне шөптен тапшылық көрген шаруаларға көмектесу үшін және егістікке су жеткізуде қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Осы негізде, облыс бойынша мал өсіріп отырған шаруаларды шөппен қамтамасыз етуге ерікті жастар атсалысуда.
Бүгіннің өзінде Шиелі ауданының Ақмая ауылдық округінде аяқ сумен қамтамасыз ету үшін Р-3-1 және Р-3-2 каналына су айдайтын дизельді насос қондырғылары орнатылған. Сонымен қатар, «Ақмая» шаруа қожалығында қыс мезгіліне мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазірге дейін шаруашылықта 7480 дана шөп жиналған, 2500 дана шөп ауыл тұрғындарына таратылды және бұл жұмыстар жалғасатын болады.
Ал, Жаңақорған ауданында тау беткейіндегі ауылдық округтердің шаруалары «Түгіскен» тұқым шаруа қожалығынан тегін шөп орып алуына мүмкіндік жасалған. Бастаманы алғаш болып, Қыраш, Қосүйеңкі ауылдық округінің жастары қолдап, шөп орымның басына жетті. Келген жастар үшін жататын орын, «дала асханасы» арқылы тамақтандырумен толық қамтамасыз етілген.
Қармақшы ауданында бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды шөппен қаматамасыз ету шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, Арал ауданының ерікті жастарынан құралған бригадаларға «Жаңажол» ЖШС-нің аумағынан шөп орғызу мәселесі қолға алынып, ауыл жастарын егін оруға тарту үшін тиіс шаралар қабылдануда.
Бұл жұмыстар облыстың басқа аудандарында да ұйымдастырылуда. Айта кету керек, шаруаларға қолдау көрсету мақсатында шөп дайындау жұмыстарына «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары да атсалысатын болады.