Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Бас консулы Аброр Фатхуллаевпен кездесті.

«Түркі халықтарының ежелгі астанасы болған қасиетті Сыр өңіріне қош келдіңіз! Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы көптеген жылдар бойы ашық және сенімді қарым-қатынас орнатқан бауырлас мемлекет әрі стратегиялық серіктестер екендігі белгілі. Бүгінгі күні әлемде қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайда мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және орнықты нығайту аса маңызды болып табылады. Сіздің Қызылорда облысына жұмыс сапарыңыз бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетініне зор сенім білдіремін», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 29 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рухани-мәдени, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және саяси- ынтымақтастық берік орнатылды.

2021 жылдың бірінші тоқсанында Қызылорда облысының Өзбекстан Республикасымен тауар айналымы 7,8 мың АҚШ долларын құрады. Облыстың негізгі экспортталатын тауарлары-күріш, ауыл шаруашылығы өнімдері, цемент, мұнай және мұнай өнімдері болып табылады.Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Бас консулы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты дамыту бағытында бірқатар ұсынысын жеткізіп, көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

«Біз – бауырлас халықпыз. Екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты сақтап, кеңейту үшін тиісті жұмыс атқарылуда. Қызылорда облысы географиялық орналасу жағынан экономикалық дамуға тиімді өңір болып табылады. Сол себепті Сыр елімен бірлесіп әлеуметтік-экономикалық, сауда-саттық және басқа да маңызды бағыттарды бірлесіп дамытуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар екі ел азаматтарының заң аясында көші-қон мәселесін ретке келтіру міндеті тұр. Қос азаматтық алу фактілерін болдырмау қажет. Осы бағытта да қолдау көрсетуді сұраймыз. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың қазан айында Өзбекстанда Президент сайлауы өтеді деп жоспарлануда. Осы ретте, Қызылорда облысындағы өзбек азаматтарының сайлауға қатысуы үшін арнайы орын бөлуге ықпал етсеңіз», – деді Аброр Фатхуллаев.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова көтерілген мәселелер бойынша заң аясында қолдау көрсетілетінін айтып, сексеуіл өсіру тәжірибесімен бөлісу, туризм мен балық шаруашылғын дамыту бағытында ұсыныстарын жеткізді.

Бас консул Сыр еліне жұмыс сапар барысында облыстық өзбек этномәдени орталығының өкілдерімен кездесіп, Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-ге, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, Қызылорда облысының «Бизнеске арналған үкімет» КММ-не барады деп жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: