Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Петро Қазақстан Инк» АҚ басқарма төрағасы, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Президенті Ян Миньюймен кездесіп, ұжымдық мәселелерде қабылданған шараларды талқылады.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары Мархабат Жайымбетов пен Балжан Шаменова, облыс әкімінің аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, «Қазақстан мұнай-газ кешені Қазақстан өнеркәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев және тиісті басқарма басшылары қатысты.
Отырыста Ян Миньюй және компанияның экономикалық жоспарлау және еңбек ресурстары жөніндегі директорлары ұйымдағы әлеуметтік және экономикалық жағдайды таныстырып, сәуірден бастап қызметкерлердің, оның ішінде 4-ші және 5-ші санаттағы операторлардың жалақысы артатынын және бірқатар ынталандыру үстемеақылары мен материалдық көмек төлемдері төленетінін жеткізді.
Сондай-ақ, компания басшылығы кен орнына барып, еңбекақы мәселесіне қатысты оңтайлы шешімдерін жеткізіп, жұмысшыларымен кездесу өткізетінін атап өтті.
Кездесу барысында аймақ басшысы компания тарапынан қабылданған шешімдерге сәйкес наразылық білдірушілердің басым бөлігі кен орындарының жұмысшылары екенін ескере отыра, жалақыны негізінен өндірістік персоналға көтеруді ұсынды.
«Дәл сіздің компания қызметкерлердің әлеуметтік мәселесіне қатысты тиімді шешім қабылдауы тиіс. Өйткені, аз мөлшерде табыс алатын жұмысшылардың айлығы көтерілгенде ғана ұжымдағы жағдай қалыпты болмақ. Сонымен бірге Үкімет деңгейінде мұнайды 5 мың метрге дейін бұрғылау жүргізуге рұқсат берілді, бұл мәселе Қызылорда облысы үшін де қолайлы болмақ. Сол себепті де бұрғылау жұмыстарына сіздің де компания белсенді түрде қатысу керек деп санаймыз», – деді облыс әкімі.
Мұнайшылардың еңбек жағдайын саралаған аймақ басшысы тараптар арасында өзара келісімге келіп, оң нәтижеге бағытталған шешім қабылдауға шақырды.