Гүлшара Әбдіқалықова: Бірінші сыныпқа 18 мыңдай бала барды – Kyzylorda News
Басты бет

Гүлшара Әбдіқалықова: Бірінші сыныпқа 18 мыңдай бала барды

01.09.2021, 11:25

186 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтады

Қымбатты жерлестер!

Баршаңызды Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін республикамыздың барлық білім беру мекемелерінде алғашқы қоңырау соғылуда.

Биыл – ел Тәуелсіздігінің30 жылдық мерейлі мерекесі.Жаңа оқу жылының бірінші күні мерекелік іс-шаралар тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналады. Бұл жас өркеннің егемен елінің, туған жерінің ұлттық, рухани құндылықтарын бойына сіңіріп, отаншыл, патриот ұрпақ тәрбиеленуіне үлкен үлес қосары сөзсіз.

Сонымен бірге, осы жылы алғаш рет мектеп партасына отыратын бүлдіршіндерімізге «Әліппе» оқулығы салтанатты түрде табысталады.

Бір жарым жылдай уақыт пандемия індеті салдарынан ұстазы мен шәкірті бір-бірімен қашықта байланысып, мектеп парталары бос қалып, өмірімізге біраз өзгеріс енгені белгілі. Бұл жағдай білім саласының жаңа бағытқа қарай қалыптасуына әсер етті. Соған қарамастан оқушыларымыз халықаралық, республикалық білім жарыстарында жүлделі орындарды иеленді. Дегенмен, мұғалім мен оқушының жүзбе-жүз қарым-қатынасына, сыныптас достардың бір-бірімен байланыста болуына ештеңе жетпейді.

Енді, міне 2021-2022 жаңа оқу жылында оқушылардың бірі мектеп табалдырығын алғаш аттап жатса, бірі өз партасымен, сыныптастарымен, ұстаздарымен сағына қауышуда.

Өңірде бірінші сыныпқа 18 мыңдай бала барып, барлығы 177 196 бала білім алады. Бәріміз бірігіп, балаларымыздың үздіксіз білім алуын қамтамасыз етуіміз қажет.

Білім мекемелерінде сабақ санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып өткізілуі тиіс. Педагогтардың және техникалық қызметкерлердің 100 пайыз вакциналануы (медициналық қарсы көтерсетілімдері бар адамдардан басқасы), «ASHYQ» қосымшасын қолдану да маңызды. Балаларымыздың денсаулығы үшін осы айтылғандарға мән беріп қарайық!

Барша ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналар қауымын дәстүрлі оқу жылымен құттықтай отырып, жаңа табыстарға жете беріңіздер деп тілеймін!

Дана халқымыз «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» демей ме. Білім – баға жетпес рухани байлық, ғылым-ілімнің іргетасы, мемлекет дамуының алтын арқауы. Әлемді байлықпен, басқамен таң қалдыра алмайсың. Бәрінен оздыратын алғыр зейін мен байыпты білім ғана. Сондықтан, білім мен ғылым заманында алар асуларыңыз бен бағындырар биіктеріңіз көп болсын!

Алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміздің қадамы құтты болғай!

Тәуелсіз еліміздің тұғыры нық, еліміз аман болсын!

0

Пікір қалдыру