Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері қаралды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова атқарылған жұмыстың барысын баяндады.
Биыл облыс бойынша 188 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде облыстың негізгі дақылы – күріш егісінің көлемі 83,6 мың гектарды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 6 мың гектарға күріш көлемі қысқартылып, орнына 9,8 мың гектар болатын суды аз қажет ететін майлы және мал азықтық дақылдармен қатар көкөніс, бақшаның егіс көлемдері артты.
Қазіргі таңда облыста егін жинау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Негізгі дақыл – күрішке орақ салу жұмыстары тамыз айының үшінші онкүндігінде басталады.
Егін жинау жұмыстарына қатысатын қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларының бүгінде 98 пайызы дайын. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау жоспарланып отыр. Аймақ басшысының айтуынша, зоотехникалық нормаларға сәйкес, биылғы жылы қысқа түсетін мал басына 770 мың тонна шөп, 8 мың тонна сүрлем және 213 мың тонна құрама жем қажет. Бекітілген жоспарға сәйкес қажетті жем-шөп қоры 220 мың тонна жоңышқа, 8 мың тонна сүрлем, 17 мың тонна астық жемі, 115 мың тонна күріш жемі және 550 мың тонна шабындық шөбі өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 170 мың тонна күріш сабанын дайындау жоспарлануда. Ал, қалған жетіспейтін құрама жем көлемін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы және нарықтан сатып алынатын болады.
Сонымен қатар, облыста мал азығын дайындау үшін 114 бригада құрылып, 1000-нан астам адам және 170-тен астам ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылған.
Облыс әкімі Арал ауданында орын алған қуаңшылық мәселесін қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
«Арал ауданында орын алған құрғақшылық зардабын төмендету мақсатында төтенше жағдай жарияланды. Облыстың резерв қорынан 250 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде жем-шөп тасымалдауға 49,5 млн. теңге және жайылымдықтар мен шабындықтарды, көлдер жүйесін суландыруға және мал суару құрылғыларына 200 млн. теңге бөлінді. Мұнымен қоса, «Байқоңыр» Әлуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облысқа құрама жем жеткізу мақсатында 100 млн теңге қаралды. Облыс бойынша қайырымдылық көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін Арал ауданының 3287 аз қамтылған отбасыларына 860 тонна шөп және 740 тоннадан астам құрама жем жеткізіліп, көмек көрсетілді», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кету керек, Үкімет резервінен тауар өндірушілердің жем-шөп сатып алу шығындарын ішінара субсидиялауға 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінген.