Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өткізілді. Жиынға комиссия мүшелері, облыстық департамент, басқарма, кәсіпорын басшылары және селекторлық байланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.
Комиссияда екі бірдей мәселе қаралды. Алғашқысы – «Облыс аумағындағы қауіпті өндірістік объектілерде және ауылшаруашылығы саласында аммиак селитрасын қауіпсіз қолдану мәселесі. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Жанмұрат Балғабаев тақырып аясында баяндама жасап, аммиак селитрасының айналымын бақылау, оның қауіпсіздігін сақтау өте өзекті екенін алға тартты.
Сондай-ақ, аммиак селитрасын пайдалану және сақтаудың қауіптілігінен әлем елдерінің бірқатары зиян тартып отырғанын атап өтті. Мәселен, 2020 жылғы 4 тамызда Бейрут қаласы портты аймағында 2 750 тонна аммиак селитрасы жарылған.
Бүгінгі күні «ҚазАзот» АҚ аммиак және аммиак селитрасын жалғыз өндіруші компания болып табылады. Оның жылдық өндіріс көлемі шамамен 350 мың тоннаны құрайды. 2018 жылдан бастап «ҚазАзот» АҚ өндірісті әртараптандыру мақсатында күрделі минералды тыңайтқыштар цехын жаңғыртуды жүзеге асыруда. Дайын өнім шығару қуатын арттыруға бағытталған жоба жылына 400 мың тонна минералды тыңайтқыштарды өндіруді жоспарлап отыр.
Жиында департамент басшысы кәсіпорындарда аммиак селитрасын қауіпсіз пайдалану бағытына жүргізілген тексеріс нәтижелеріне тоқталды. Аммиак селитрасы сақталатын қоймалардағы тиісті журналдардың болмауы, қойманың тазартылмауы, қоймада басқа заттардың сақталуы сынды мәселелерде 3 жеке тұлғаға барлығы 37875 теңге, 2 заңды тұлғаға барлығы 277800 теңге айыппұл салынған. Бүгінде айыппұлдар толығымен өндірілген.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс аумағында аммиак селитрасын пайдаланатын қауіпті өндіріс орындары мен тыңайтқыш ретінде қолданатын ауылшаруашылығы ұйымдары бар екенін жеткізіп, жауапты сала басшыларына есептелік арнап, мониторинг жүргізу қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, аппарат басшысы Ерлан Райғаниевке жергілікті атқарушы органдардың әкімшілік құқық бұзушылық құзыреттілігіне қатысты химиялық өнім қауіпсіздігіне байланысты қолданыстағы заңнамалықтарды зерттеп, нәтижесі бойынша ұсыныс беруді тапсырды.
Мұнан бөлек, төтенше жағдайлар департаментіне облыс аумағындағы аммиак селитрасын сақтау қоймаларында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді жүктеді. Ал, көліктік бақылау инспекциясы мен полиция департаментіне инфрақұрылымдарға залал келтірмеу мақсатында республикалық және облыстық маңыздағы автожолдар бойында аммиак селитрасын қауіпсіз тасымалдау бойынша бақылау-қадағалау жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне барлық бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.
Отырыста қаралған екінші мәселе – «Өңірдегі барлық жер қойнауын пайдаланушы объектілерінің өртке қарсы жай-күйі. Өңірдегі ахуалды сараптаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев атқарылған жұмыстарды тізбектеді.
Өткен жылы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы бойынша 74 мұнай саласындағы объектілерге тексеру жұмыстары жүргізіліп, 215 бұзушылық анықталған. Талапты бұзған 30 субъекті заңды тұлға ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде 8 субъектіге 525 915 теңге ақшалай айыппұл салынып, қалған 22 субъектіге «ескерту» шарасы көрілген.
Департамент басшысы мұнай саласында орын алған өрт оқиғаларына да тоқталды. Айтуынша, соңғы 4 жылда мұнай саласындағы объектілерде 7 қауіпті өрт оқиғасы орын алып, салдарынан 3 адам қаза тапты. Өрт оқиғалары қауіпсіздік талаптарының толық сақталмауынан туындаған.
Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы өңірдегі өрт оқиғаларының жиілеу себебін ескере келе бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Атқарылған жұмыстарды саралаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өрт салдарын болдырмау, қайғылы қазаларды алу алу бағытында сала басшыларына нақты тапсырма жүктеді. Мәселен, төтенше жағдайлар департаментіне өңірдегі барлық жер қойнауын пайдаланушы объекті басшыларымен бірлесе отырып, мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет күш-құралдары мен жеке құрам санының қолданыстағы заңдылықтар талаптарына сәйкестендірілуін ұйымдастыруды, бірлескен өзара іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, бекітілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, мұнай компанияларының басшылары өздеріне қарасты мұнай кеніштерінде жұмыс жасап жатқан мердігер мекемелердің жаңартылған тізімін жылына 2 рет төтенше жағдайлар департаментіне ұсынуды, өртті сөндіруге арналған газ-су сөндіру автокөлігін алуды қарастыруды жүктеді.