Kyzylorda-news.kz Өмірде өзі таңдаған мамандықтың махаббатына бөленіп, сол саладан рахат табатын жандар аз емес. Ал кітап әлемінің падишасындай болған кітапханашылардың жан-дүниесі, табиғаты, сөздің құдіретін түсіне білетін қасиеті тіпті ерекше. Бұл кісілердің ерекшелігі кітаптың киесінен болса керек. Осы салада өзінің іскерлігін дәлелдеп, ел ықыласына бөленіп жүрген Шиелі аудандық кітапхана басшысы Гүлдана Жақыпова оқырмандарын жақсы жаңалығымен қуантқан еді.

Жанарсыз да жарық әлем. Бұл бастама қос жанарынан айырылған жандардың өміріне қуаныш әкелген еді. «Аудандық орталық кітапханада зағип жандардың қоғамға бейімделіп, өздерін қоршаған ортада толыққанды азамат ретінде сезіне алатын орта немесе клуб жасақтау мақсатында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Атамекен» кіші бағдарламасындағы «Жомарт жүрек» базалық бағыты бойынша Шиелі аудандық кітапханасы құны 3 млн 100 мың теңге тұратын офистік жоба қорғады. Жоба бюджеті аудандық бюджеттен қаралып, оған электронды стационарлық үлкейткіш ONYXTM Deskset HD, Perkins Smart Брайль механикалық жазба машинкасы, Тифло магнитоласы алынды. 2020 жылдың 4 қыркүйегінен бастап орталық кітапханада «Жанарсыз да жарық әлем» клубы аудандағы зағип және көзі нашар көретін жандарға рухани қызмет көрсетуді бастады» деді Г.Көпболсынқызы. Шиелі ауданындағы 120-дан астам зағип жандардың кітап оқуға деген ынтасын қанағаттандырып, арнайы техникаға қол жеткізу үшін нақты жоспар, тың идея ұсына білген кітапхана ұжымының ісін осыдан-ақ бағамдай беруге болады. 

Шын мәнінде дүниеде кітап пен кітапхана болмаса, адамдар рухани білімін үнемі жетілдіріп отырмаса, мына өмірде тоғышарлық орнап, адамзаттың сауатсыздануы, адами құлдырауы басталған болар еді. Өйткені кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі ғимараты болса, кітапханашы сол ғимараттағы рухани қазынаның шырақшысы әрі ақыл-ой әлеміне жол сілтеуші іспетті. Шиелі ауданы бойынша 58-ге тарта кітапханашыны бір мақсат аясына ұйыстырып, оқырман талғамын тани білетін Гүлдана Көпболсынқызы қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Жастар, оқушылар арасында түрлі танымдық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырып, елді елең еткізерлік жаңа бастамаларды көтере жүреді. Ел мен жерге қатысты мәселеде өзіндік ойын айтып, жүйелі жұмыс жүргізе білетін тәжірибелі басшы республикалық «Праймериз» додасына қатысып, бағын да сынады. Бұл туған жерімді көркейтіп, өркендеуі жолында өз үлесімді қоссам деген Г.Жақыпованың алға қойған мақсаты.   

– ХХІ ғасыр – руханият, мәдениет һәм ақпарат ғасыры. Қай қоғамның да тұрақты дамуында мәдениеттің алар орны зор екенін алға тартсақ, рухани тынысымыздың өзекті мәселелерінің бірі – кітапхана. Сондықтан біздің мақсатымыз оқушылардың кітапқа деген тілегі мен сұранысын қанағаттандыруды күннен-күнге жақсарта беру болмақ. Жас ұрпақты тәрбиелеуде кітапхананың орны ерекше. Бүгінгі шәкірттер ертеңгі ел тұтқасы. Ахмет Байтұрсыновша айтсам, «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», – дейді білікті басшы.

Қазіргі заманауи технологиялардың қарыштап дамыған заманында кітапхананың назардан тыс қалмай, әрдайым оқырманға мінсіз қызмет етуі, кітапқа, мерзімді басылымдарға қызығушылығын арттыруы, әлем әдебиеті мен мәдениетін насихаттауы, Отанымыздың тарихын, мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, зиялыларының өмірі мен шығармашылығымен таныстыруы және білім мен тәрбиенің сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Әлішер Науай айтқандай, «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына». Сондықтан ақылды, абыройлы, адам болу кітап оқумен ұштасуы керек. Бұл ел басқару ісіне араласатын әрбір азамат үшін де қажет. Тек оқуын үзбей, танымын кеңейткен жанның ғана ғұмыры салиқалы, сөзі қуатты болатынына мән берген абзал. Аңдап қарасақ «Жасымыз кетті, оқуымыз бітті» деп отырған қарияны көрмедік біз. «Қайта білсек, үйренсек, әлі танымызды кеңейтсек» деген қарттар көп. Оны да Гүлдана Жақыпованың бір күндік жұмысы барысында байқадық. Демек, ұлтына жаны ашып, тіліне құрмет көрсетіп, тарихына үңіле білетін, кітаптағы мол мұрамен танысып, білім көкжиегін кеңейтіп жүрген кітапхана басшысының саяси додада бақ сынауы заңдылық деп түйдік.

Тағы да оқыңыз: