Гонконгтағы қазақ студенттері аман ба? – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Гонконгтағы қазақ студенттері аман ба?

20.11.2019, 16:00

640 0

Kyzylorda-news.kz. Сыртқы істер министрлігі Гонконгта оқып жатқан қазақстандық студенттерді елге қайтару шараларын қабылдап жатыр. Бүгінгі күнге дейін 118 студент Отанға оралды, жақын күндері 48 студент Қазақстанға қайтады. Бұл деректі СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қарашаның басында Гон­конг­тың бірнеше жоғары оқу орындары өз студенттеріне уақытша қа­шық­тықтан оқу әдісіне көшуді ұсынған. Ал шетелдік студенттерге қауіп­сіздік үшін «өз елдеріңізге қайта бері­ңіздер» дегенді құлаққағас етті. Осылайша, гонконгтық шәкірттер қысқы каникулға ерте шықты. ВВС-дің орыс қызметінің жазуын­ша, Гонконг билігі тарапынан атал­ған ұсыныс түсісімен бі­рінші болып қытайлық студенттер бас сауғалаған. Өйткені қаладағы ұзаққа созылған қақтығыс қа­рашаның басында университет қалашықтарына жетті. Дүйсенбі күні түнде полиция Гон­конг­тағы Политехникалық универ­си­тетті қоршап, ғимарат ішіне бекі­ніп алған 500-дей наразы азаматты сыртқа шығармай жатқаны жария­ланған еді.

Гонконгта оқып жатқан аза­мат­тарына қауіп төнген соң көп­теген мемлекет қамдана бастады. Жоға­рыда айтқан 118 қазақстандық сту­дентті қайтару, оларды аэро­портқа жеткізу ісімен Қазақстан­ның Гон­конг­тағы Бас консулдығы мен қазақ­стандық студенттер қа­уымдастығы айналысқан. Сыртқы істер минис­трлігінің мәлімде­уінше, шәкірттер екінші семестрге, яғни 2020 жылдың қаңтарына дейін сабағын тоқтата тұрады немесе қашықтықтан оқыту әдісі бойынша онлайн базаға көшпек. Иә, бас амандығы қашанда алғашқы орында. Гонконгтағы толқу басылмай тұрып, басқасын ойлауға дәл қазір негіз жоқ.

Айта кету керек, Гонконг білім сапасының жоғарылығымен де әлемге танылған шаһар. Ондағы университетте білім бірден екі тілде беріледі: ағылшынша, қытайша. Екіншіден, Гонконг ЖОО-ның дип­ломы әлемнің кез келген же­рінде бағаланады. Үшіншіден, Еу­ро­па мемлекеттері мен АҚШ-тың универ­ситеттерімен салыс­тырған­да, оқу бағасы сәл де болса төмен. Оған қоса, қалада көлік инфрақұ­рылымы өте жоғары дең­гейде да­мыған. Мұнда қоғамдық көліктер тәулік бойы тоқтаусыз жүреді. Метро жұмыс істеп тұр. Бір жағы құрлықпен шектесіп, екінші жағы теңізге кіріп жатқан қалада паром қызметі де қатынас көлігі саналады. Аспанмен астасқан зәулім ғима­рат­тар саны жағынан Гонконг қаласы Нью-Йорктің ал­дына түседі. Студент атаулыға осы­дан артық не қажет? Білім қуып, жер көрмекші жас үшін тап­тырмас орын да – осы. Times Higher Education журна­лы­ның жазуынша, бүгінде Гонконг уни­верситетінде әлемнің 78 мем­ле­ке­тінен 22 мың студент дәріс алуда.Гонконгта толқу биылғы маусым айында басталды. Халық Қытай­дың Гонконгтың ішкі ісіне ара­лас­қанына наразылық танытып, биліктен демократияға бастайтын нақты қадамдарды талап етіп көшеге шыққан.

«Бір ел, екі жүйе» саясатына селкеу түсті ме?

Гонконг 1997 жылдан бері Қы­тайдың арнайы әкімшілік ауданы саналады. Қалаға ерекше статус берілген. Осы уақытқа дейін ҚХР Гонконгтың сыртқы саясаты мен қорғанысын қамтамасыз еткені­мен, Гонконг ішкі саясаты мен экономика­сын өзі шешіп келді.

Оған дейін Ұлыбритания ота­рында болып келген аралдағы эконо­микалық құрылымды өзгертуге ҚХР аса асыға қойған жоқ. Себебі Гон­конг – коммунистік жүйедегі Қы­тайдың батыс елдеріне һәм эконо­микасына ашылған терезесі секілді еркін арал болды. Кейбір деректерде «Қытай эконо­микасының әкесі» саналатын Дэн Сяопин Гонконгтың еркіндігі мен экономикалық құры­лымын өзгер­тпеуді өсиет етіп кеткен деседі.

Қытайдың бұл ұстанымы осы уақытқа дейін өзін ақтағаны рас. Гонконг Қытайдың автономия­сында болғанымен, өзіндік заңы, саяси жүйесі бар. Ең бастысы, сот жүйесі тәуелсіз әрі ағылшынның сот жүйе­сіне ұқсас тәсілмен жүзеге асады. Бұл Гонконгта батыс инвес­торларының еркін жұмыс істеуіне кепілдік береді. Бүгінде батыстың компаниялары ҚХР-дың киім-кешек өндірісі мен телефонын жинақтауға үлкен инвестиция салып отырса, Қытай Еуропадағы электрстансалары мен жол құры­лысын, үлкен көпірді белсенді жүргізіп отыр. Мұны айтып отыр­ғанымыз, аталған жобадағы мил­лиардтаған доллар қаржы Гонконг қаржы жүйесі арқылы өтеді.  

Bloomberg ақпарат агенттігінің жазуынша, АҚШ-тың мемлекет­тік хатшысы Майкл Помпео Гон­конг­тағы оқиғаға алаңдайтынын мәлім­деп, Кэрри Лэмнен шеру­ші­лердің нақты талабын анықтайтын тәуелсіз тексеріс жасауды сұрады. Ал АҚШ Сенатының көшбасшысы Митч Мак­конелл дүйсенбі күні Сенат оты­рысында «Әлем Гон­конг­тағы ерік-жігері мықты аза­маттарды АҚШ қол­дайтынын түсінуі тиіс» деп мәлімдеді.

Қытай Коммунистік партия­сының соңғы съезінде ҚХР төра­ғасы Си Цзиньпин «Бір ел, екі жүйе» принципінің тиімді бол­ғанын айтып, мақтап сөйлегенде, Гонконг тұрғын­дары 2047 жылға дейінгі автономия келісімі сақта­лады деп ұққаны рас. Алайда Қытай басшылығының соң­ғы кездегі Гонконгтың ішкі саясатына араласып, қатаң талап қоя бастауы қаладағы бұрынғы еркіндік келмеске кететінін байқататындай. Әйтсе де, ҚХР-дың Шыңжаң аймағын шырмап отырған қатал саясаты геосаяси тұрғыда әлемдік маңызы бар еркін аймақ Гонконгқа жүре қоя ма? Біз­діңше, бұл ұстаным дүниежүзілік нарықта үстемдік құруға ұмтылған алып мемлекет үшін ұпай бермесі анық.

0

Пікір қалдыру